Фестивальде барлығы 130-дан аса алма сорты ұсынылды. Олардың ішінде Салтанат, Айнұр, Рашида, Гала, Рахат, лимонка, грушовка, америкалық, апорт және басқалары бар. Әкімдіктің мәліметінше, биыл 50 алматылық бау-бақша шаруашылығы 130 тоннадан астам алма, соның ішінде танымал «апорт» сортын әкелген. Компотты кәсіби аспаздар тобы дайындап, бір литрін 500 теңгеден сатқан. Түскен ақша қаладағы саябақтарды безендіруге, құс ұясы, ағаш көшеттеріне жұмсалады.
Байлықтан бас тартқан тақуа
«Өмір ақша мен уақыттың ойынынан тұрады» дейді Роберт Кийосаки. Ал қытайлық Лю Цзянчун мұнымен келіспейді. Себебі ол бәрінен бас тартқан.
Алты жыл бұрын Лю Цзянчун өте бай болды. Қытайдағы ірі тоқыма зауытының беделді мүшесі ақшадан ақ сарай салғаны да рас. Бір күні ол қонақүйден белгісіз бір жан ұмытып кеткен буддизм туралы кітабын тауып алады. Сол сәттен бастап дүниетанымы түбегейлі өзгереді. Қолындағы барлық мал-мүлкін сатып, қайырымдылыққа жұмсайды. Қызылды-жасыл тіршіліктен бас тартып, екі жыл тауда жалғыз өмір сүреді. Ал қазір ол – будда ғибадатханасында тақуа.
Жөтеліне қарап, ауруын таны...
«Google» жөтел арқылы ауру түрін анықтайтын жасанды интеллект жасап шығарды.
«Health Acoustic Representations» тыныс алу мен жөтелді тыңдау арқылы ауру белгілерін ерте кезеңде анықтайды. Медициналық модель 300 млн аудиодеректің негізінде дайындалды. Ішіне 100 млн жөтел дыбысы да енгізілген. Зерттеушілердің айтуынша, адам ағзасының жөтел, сөйлеу, тыныс алу дыбыстарына қарап денсаулығы туралы барлық ақпаратты алуға болады.