Шымкент • 18 Қыркүйек, 2024

Шын мықтыны шыңдайтын шаһар

77 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өткен айда Мажарстан мемлекетінің астанасы Будапешт қаласында өткен кикбоксинг спортынан әлем чемпионатында шымкенттік жас спортшы Бейбарыс Бөлегенов чемпион атанды. Дүниежүзінің 53 елінен 800-ден астам спортшы қатысқан кикбоксингтің лоу-кик бағдарламасы бойынша болған бұл жарыста Бейбарыс 54 кило салмақта Израиль, Хорватия, Түркия, Ирландия мемлекеттерінен келген қарсыластарын жеңіп, бас жүлдені олжалады.

Шын мықтыны шыңдайтын шаһар

Жас әлем чемпио­ны­ның жеңіспен оралуына орай өзі оқитын қаладағы М.Мәметова атындағы №35 жалпы орта мектепте арнайы мерекелік кеш ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шарада жүлдегерді қошемет­пен күтіп алып, құрмет көрсе­тілді. Кеште мектеп директоры Ж.Қарабаева сөз сөйлеп, елі­міздің атын әлемге танытып жүр­ген өрендердің еңбектеріне табыс тілеп, әлемді мойындатып келген жас спортшыны арнайы марапаттады.

Бейбарыс – отбасында жалғыз бала. Анасы А.Бөлегенованың айтуынша, ол бірінші сыныпқа сәл кештеу барған. Бірақ 10 жасында мектептегі кикбоксинг үйір­месіне қызығып, сол спортқа қатысуға анасынан рұқсат алған.

«Балам кішкентай кезінен спортқа байланысты түрлі фильм­дер көріп, чемпион болуды ар­мандады. Үйірмеге қатысқан сәт­тен бастап жаттығуын тас­тамайтын болды. Спорт залынан шықпай, түрлі жарысқа дайындалатын. Бірақ сонымен қатар мектептегі сабағын да тастаған емес. Білім мен спортты қатар алып жүрген баламның келешегіне үмітпен қараймын. Қай саланы таңдаса да еліне, хал­қына пайда әкелетін үлкен азамат болып өскенін қалаймын», деді анасы.

ав

Бейбарыстың бүгінгі жетістігі  – оның жаттықтырушысы М.Мел­дебековтің ерен еңбегінің ар­қасы. Ол жас спортшыны қам­қорлығына алып, Шымкент кә­сіпқой бокс түрлері клубының қолдауымен түрлі жарыстарға, тур­нирлерге қатыстыратын. Соның нәтижесінде Бейбарыс қалалық, республикалық, халық­аралық турнирлердің жеңімпазы, Қазақстанның чемпионы атанды. Ел біріншілігінде әлемдік додаға жолдама ұтып алып, жарыстан да жеңімпаз болып оралды.

«Бейбарыс – болашағынан көп үміт күттіретін спортшы. Бү­гінгі жетістігін алдағы жа­рыс­тарда да қайталайды деген сенім бар. Ол үшін тағы да тың­ғылықты дайындалатын боламыз. Шәкірті үкілеп қосқан жарыстарда кеудесіне медаль тағып оралып жатса, ұстаз үшін одан артық қандай бақыт керек? Мен өз шәкіртіммен мақтанамын. Бейбарыс спорттан бөлек өмірде де өте қарапайым бала. Жанашыр, ұқыпты тәрбиелі оқушы. Өзінің үйірмедегі дос­тары арасында да жақсы мінез-құлқымен дараланып жүреді. Спортқа қажет басты қасиет қа­рапайымдылық қой. Менің ар­маным – қазақтың балалары денсаулықтары мықты, өз елінің нағыз патриоттары болып өссе деймін. Кез келген ер баланың спортқа етене болып өскені жөн. Күрес, жекпе-жек түрлерін үйренсе, ертеңгі күні өзін, отбасын бұзақылардан қорғауға да қажет болады. Сонымен бірге ел қорғанысына өжет, қайсар мінезді жігіттер керек. Ал оларды өжеттікке тәрбиелейтін, тәртіпке бағындыратын – спорт», деді жаттықтырушы.

Бүгінгі таңда мегаполисте балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі спорт үйірмесі ашылған. Сабақтан соң оқушы сонда ба­рып жаттығып, өзінің ин­тел­лектуалдық, физикалық мүм­кін­діктерін дамыта алады. Наша­қорлық, ішімдік, темекі тарту, басқа да зиянды әдеттермен кү­ресу бүгінде елімізде басты ұран­ға айналды. Сондықтан жас­тарды саламатты өмір салтына бейімдеудің бір құралы спорт екені сөзсіз.

ва

Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ма­ратбек Мықтыбековтің айтуынша, шаһарда басқармаға қарасты 33 спорттық ұйым бар. Онда спорт­тың 74 түрі қам­тылып, 18 мыңнан астам спортшы жат­тығады, оларға 912 жаттық­ты­рушы тәлім береді.

«Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының тізбесінде спорт саласы бойынша 4 нысаналы индикатор қарастырылған. Яғни бұлар – мегаполисте спортты дамыту бо­йын­ша алға қойылған міндеттер. Біріншіден, дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50 па­йызына жеткізуіміз керек. Екін­шіден, қалада мың адамға ар­налған үлкен спорт кешендері бой көтеруге тиіс. Сондықтан спорттық инфрақұрылыммен қам­ту күн тәртібінде тұрған өзек­ті мәселенің бірі. Үшіншіден, сау адамдармен қатар, мүмкіндігі шектеулі, яғни мүгедектігі бар азаматтарды да спортқа тартуымыз қажет. Спорт саласындағы басты міндеттердің біріне осы мәселе де кіреді. Себебі еліміз – әлеуметтік салаға баса көңіл бөліп отыр. Мүгедектігі бар азаматтар өздерін ортадан шет қалғандай сезінбеуі ке­рек. Олар да қоғамның ажырамас бір бөлшегі. Еліміздің кез келген азаматы әлеуметтік дәрежесіне қарамай, спорттық үйір­ме­лерге қатысуға тең құ­қылы. Ал халықты тиісті спорттық ин­фрақұрылыммен қамту жер­гі­лікті атқарушы биліктің мой­нындағы міндет. Төртіншіден, 14 пен 18 жас аралығындағы жас­тарды спортқа тарту да біздің міндетіміз. Өйткені кәмелет жас­қа толған балаларды түрлі жаман әдеттерден сақтауға, енді өсіп-жетіліп келе жатқан бозбала, бойжеткендердің денесінің шы­мыр болып қалыптасуына, ойы­ның таза-тұнық болуына спорттың пайдасы зор. Аталған нысаналы индика­тор көрсеткіштерінің орындалуы 2024 жылдың соңында «Қа­зақстан Республикасында дене шы­нықтыру мен спортты дамыту туралы» ведомстволық ста­­тистикалық есептің негізінде анық­талады», деді басқарма басшысы.

Сала басшысының айтуынша, қазіргі уақытта шаһарда №12 спорт мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Ол биыл күзде пайдалануға беріледі. Оған қоса осы жылы сәуірде №15 спорт мектебінің құрылысы бас­талды. Нысанды салып біті­руге 1,7 млрд теңге қаржы қарас­тырылған. Сонымен қатар жеке кәсіпкердің қаражатына Ең­бекші ауданы Еламан тұрғын алабынан «Еламан» спорт кешені бой көтерді. Бұл нысанда спорттық ойын, жекпе-жек түрлеріне арналған 3 спорт залы мен 1 бассейні бар. Жыл соңына дейін шаһарда салынып жатқан тағы бір спорттық ғимарат «Sport life» кіші футбол орталығы ел игілігіне тапсырылады. Келешекте Тұран шағын ауданындағы 5 гектар аумаққа мүгедектігі бар азаматтарға ар­налған «Паралимпидалық, сурдлимпидалық спорт кешені» тұрғызылады. Оның құрылысы 2025-2026 жылдарға жоспарланып отыр. Қазіргі таңда болашақ нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде.

Мегаполисте спорт саласында бүгінге дейін атқарылған басқа да шаруаларға келсек, 2024 жылға жергілікті бюджеттен спорт секцияларын жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасына 2 млрд 866 млн теңге қаржы бөлінді. Мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру платформасында 121 кәсіпкер біліктілік іріктеуден өтіп, нәти­жесінде, қазірде 17 мыңдай бала спорттың 18 түрі бойынша 205 секцияда спортпен айналысып жатыр. Сондай-ақ жан басына қаржыландыру жобасы аясында 328 жаттықтырушы мен 200-ге жуық басқа да қызметкер жұмыспен қамтылып отыр.

«Жыл басынан қала тұр­ғындары арасында саламатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтырумен, спортпен шұғылдануға үгіттеу мақса­тында 159 спорттық іс-шара өткізілді. Олар халықаралық, рес­публикалық, қалалық сипатта болды. Оған шаһардың 18 мыңнан астам тұрғыны қатысты. Оның ішінде ауқымды спорт­тық іс-шаралардан Нау­рыз мерекесіндегі ұлттық спорт түрлерін, бәйгеден ел чем­пионатын, садақ атудан ха­лықаралық турнирді, қазақ күре­сінен «Шымкент барысын», мемл­екеттік қызметшілер, бұқа­ралық ақпарат өкілдері ара­сындағы спартакиаданы, аула чемпионаттарын атап өту­ге болады. Мәселен, аула чем­пионаттары қаланың 34 жерінде өткізіліп, оған жалпы саны 1 200-дей бала қатысса, іс-шараны ұйымдастыруға 80-нен астам спорт қызметкері жұмылдырылды. Мұндай чемпионат алдағы уақытта да жүйелі түрде өтіп тұратын болады. Сон­дай-ақ жыл соңына дейін Шым­кент жастар лигасы, футболдан жас ерекшеліктері бойынша лига жарысы, спорт мекемелері қызметкерлері, жоғары және орта оқу орындарының сту­денттері арасында спорт түр­лерінен спартакиадалық жарыс­тар ұйымдастырылады», деді сала жетекшісі.

Жоғары спорттық жетістіктер бойынша 2024 жылдың 6 айын­да жеткен нәтижелеріне келер болсақ, қала спортшылары спорт түрлері бойынша ел чемпионаттарына қатысып, 502 алтын, 406 күміс, 522 қола медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек, Азия құрлығы бойынша өткен жарыс­тарда 55 алтын, 34 күміс, 31 қола медальді қоржынға салды. Ал әлем­дік додаларда 9 алтын, 9 кү­міс, 2 қола медальға ие болды. Сонымен бірге әлем кубоктарында 13 алтын, 11 күміс, 11 қола медальмен ел мерейін тасытты. Биылғы 7 айлық көрсеткіш бо­йынша 1 Қазақстанның еңбегі сіңірген жат­тықтырушысы, 13 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 46 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 278 спорт шеберіне үміткер спортшы дайындалды. Сондай-ақ мегаполис өрен­дерінен ұлттық құрама сапын­дағы ересектер құрамасына 423, жастар құрамасына 461, жас­өспірімдер құрамасына 400 спорт­шы енген. Жалпы, 1 284 спортшы ұлттық құрама құрамында бүгінгі таңда ел намысын қорғап жүр.

 

ШЫМКЕНТ