Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Шығыс Қазақстан тұрғындарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге тізе қосты.
Жуырда Өскемен қаласында облыс әкімі Даниал Ахметов, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов және «Ертіс» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Манарбек Сапарғалиев Шығыс Қазақтан облысында тұрғын үй құрылысын салу бойынша үшжақты меморандумға қол қойды.
Тараптар өңірде тұрғын үй құрылысын салуға, инфрақұрылымның дамуына, сондай-ақ облыс тұрғындарын сапалы әлеуметтік баспанамен қамтамасыз етуге мүдделі екенін білдірді.
Эконом-кластағы үйлердің құрылысы құрылыс салушының, облыстық бюджет қаржысының есебінен және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қағидаты бойынша қаржыландырылмақ.
Әкімдік құрылысқа қажет жер телімін беруді, оны инженерлік инфрақұрылымдармен қамтамасыз етуді, жобалық-сметалық құжаттардың әзірленуін және түзетілуін бақылауды өз мойнына алмақ. Тұрғын үй құрылысына тапсырыс беруші және ұйымдастырушы ретінде «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ іске кіріспек.
Ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі болса, тұрғын үйді сатып алушылар пулын құрады. Азаматтардың тұрғын үй құрылыс жинағы есебінен тұрғызылған баспаналарды өткізетін болады. Сонымен қатар, құрылыс салушыларды қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерге шартты депозиттерді орналастыру арқылы, банк құрылысты қаржыландыруға ниетті. Осылайша, құрылыс компаниялары төменгі мөлшерлемемен кредитке қол жеткізеді. Бұл аймақтағы құрылыс саласының дамуына серпін бермек.
Мәлімет үшін. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері Шығыс Қазақстан облысында, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында, «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша жалпы ауданы 110 мың шаршы метр болатын 1 810 пәтерлі 25 тұрғын үй құрылысын салу және оны өткізу жөнінде ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Бүгінгі күні жалпы ауданы 59 мың шаршы метр болатын 949 пәтерлі 15 тұрғын үй пайдалануға берілді. Қол қойылған ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес, ауданы 59 мың шаршы метр болатын 949 пәтерлі 10 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұған 5 378 млн. теңге жұмсалмақ.
Бағдарлама қолға алынғалы бері ШҚО әкімдігіне сатып алынған пәтерлер үшін 4 306 млн. теңге аударылды. 2015 жылдың алғашқы жарты жылдығында 811 млн. теңге аудару жоспарланып отыр.
«Жас отбасыға арналған тұрғын үй» бағыты бойынша жалпы ауданы 32,4 мың шаршы метр болатын 542 пәтерлі 7 тұрғын үй құрылысын салу және оны өткізу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Былтыр жалпы ауданы 6,4 мың шаршы метр болатын 107 пәтерлі 2 тұрғын үй пайдалануға берілді.
Естеріңізге сала кетсек, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдинг» АҚ-тың еншілес компаниясы болып табылады. Холдингті құрудағы мақсат – экономиканың дамуына және оны әртараптандыруға, кластерлердің дамуына және еншілес компанияларында корпоративтік басқару жүйесін жетілдіруге ықпалдастық жасау.
Мира КАРИМОВА.