27 Қаңтар, 2015

Ғылымға телінген ғұмыр

493 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Шмидт АйталиевҚазақтың көрнекті ғалымы, механика ғылымының ірі өкілі, еліміздегі геомеханика ілімінің негізін қалаушылардың бірі, жер­асты, көлік және арнайы құрылыстар механикасы бойынша қазақстандық мектептердің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Шмидт Айталиевтің туғанына биыл 80 жыл. Ш.Айталиев 1935 жылы қаң­тар айының 28-інде Орал қаласында дүниеге келген. Әкесі Мұса Айталыұлы өз заманының ойы озық, ортақ іске белсенді зиялысы болып, көп жыл партия қызметінде жауапты орындарда істеген екен. 1943 жылы Дондағы Ростов қаласының түбіндегі Злодейская стансасы үшін болған соғыста ерлікпен қаза табады. Айта берсе ол да өз алдына жеке бір әңгіме. Ал бүгінгі әңгімеге қатыстысы мынау. Қазақ ырымшыл халық қой. Біз жылдар бойы жүрек түбінде жүрген асыл арманымызды ел ішінде көнеден келе жатқан жол бойынша бір жақсы нәрселерге ырымдап, ұштастырып жатамыз. 1935 жылы Мұса отба­сында дүниеге тұңғыш ұл ба­ла келгенде әкесі мен анасы Күл­дірайхан қатты қуанады. Сол уақытта белгілі кеңес ғалымы, мате­матика және геофизика сала­сының көрнекті маманы, Арктика зерттеушісі, көптеген ғылыми экспедициялардың ұйым­дастырушысы, әрі жетек­шісі, Кеңес Одағы Ғылым академиясының академигі, Социа­листік Еңбек Ері Отто Юльевич Шмидттің атағы жер жарып, есімі қазақ даласына да жетіп, ауыздан түспей тұрған кез екен. Сол күндері газеттер де, радио да тек О.Ю.Шмидт туралы жазып, айтып жатады. Бұрын-соңды ата-баба жолымен ырымдап, дүние есігін жаңа ашқан тұла бойы тұңғыштарына Мұса ағамыз халқына білімі мен ғылымының пайдасы молынан тиер академик болсын деген асқар таудай арманмен Шмидт деп ат қояды... Ш.Айталиев 1952 жылы Жә­нібек қазақ орта мектебін алтын медальмен бітіріп, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті физика-математика факультетінің сол жылы жаңадан ашылған механика бөліміне оқуға түседі. Университетте оқып жүріп, өз мамандықтарының шеберлері саналатын ұлағатты ұстаздарынан терең кәсіби білімге қоса тамырлы тәлім-тәрбие алады. Бұл жылдары басқа замандастары сияқты Шмидт Мұсаұлы да жұпыны киі­ніп, жұтаң тамақтанып жүр­генімен, білім мен ғылымға деген ынтасы мен құштарлығы таусылмастай зор еді. Механиканың күрделі тәжірибелік тәсілдерін Новосібір қаласындағы авиация зауытында өткізген тәжірибе барысында меңгерді. Сол зауытта жүріп болашақ дипломдық жұмысына қажетті құнды материалдар жинады. 1957 жылы есімдері әлемге әйгілі ғалымдар – орыс авиациясының атасы атанған Н.Е.Жуковский мен оның шәкірті, газ динамикасының негізін салушы С.А.Чаплыгиннің артқы жиектері дөңгеленген авиациялық қималарына (профильдеріне) арналған дипломдық жұмысын сәтті қорғап, университетті үздік бітіріп шығады. Жас мамандарды бөлу комиссиясы Ш.Айталиевті Қаз КСР ҒА-да кіші ғылыми қызметкерлікке сай деп тауып, жолдама береді. Бірақ сол кездегі патриоттық түсініктер жүрегінде нық ор­ныққан жас жігіт өзі оқыған мектепке мұғалім болып барып, аймақтың өсіп-өркендеуіне септігін тигізбек ниетпен Ағарту министрлігіне өтініш білдіреді. Министрліктегілер оған «механика» мамандығы бойынша жоғары білімі бар жас адамның ғылыммен айналысқаны жөн болатындығын, тіпті, көнбесе, жоғары оқу орнына барғандығын дұрыс көретіндіктерін айтады. Алматыда қалмайтындығына көздері әбден жеткеннен кейін, оған А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына (қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті) жолдама беріп, ондағыларға арнайы телефон шалады. Ш.М.Айталиевтің ауданға кетіп қалмай, қайткенде де бір амалын тауып оны институтқа алып қалуларын қатаң тапсырады. Сөйтіп, Шмидт Мұсаұлы институтқа жұмысқа тұрады. Бір қызығы, өзі туған Почи­талинская көшесіндегі үйден пәтер алады. Орал педагогикалық институтының жоғары математика кафедрасында үш жыл ассистент болып жұмыс істейді. Студенттерге жоғарғы мате­матиканың барлық пәндерімен қоса, механика бойынша да сабақ береді. Кафедрадағы жа­сы үлкен ұстаздар Мәскеу, Са­мара, Саратов, Киевтің математика мектептерінен шыққандар еді. Барлығы да шетінен өз мамандықтарының хас шеберлері болатын. Осындай ортада үш жыл бойы оқытушылық қызметте бо­лған Ш.Айталиев көп нәрсені үй­ренеді. Бәрінен де өз бетінше түрлі тақырыптарға қызықты әрі түсінікті дәрістер даярлаудың қыр-сырын меңгергендігінің болашақта пайдасы мол болды. Кейін 1978-1992 жылдары ҚазМҰУ-дің профессоры ретінде дәрістер оқығанда педагогикалық инс­титутта жүріп жиған біліктілігі үлкен көмегін тигізді. Жоғарғы математика мен механикадан сабақ беріп, университетте алған білімін педа­гогика институтындағы ұс­таз­дық қызметі барысында жақсы шыңдап үлгерген Шмидт Мұсаұлы енді нағыз үл­кен ғылыммен шұғылдануға болатындығын іштей сезіне бастайды. Сол себептен ол 1960 жылы өзіне кезінде университетті бітіре салып ұсынылған Қазақ КСР ҒА-ның математика және механика секторына кіші ғылыми қызметкер болып, сүйікті қаласы Алматыға қайтып келеді. Сол жылы Қазақ КСР ҒА-ның президенті Қаныш Сәтбаевтың ша­қы­руымен Украинадан дайын докторлық диссертациясымен Жақан Ержанов (кейін Қазақ КСР ҒА академигі) Алматыға оралады. «Құланның қа­суына мылтықтың басуы» дөп ке­ліп, ғылыми мектеп құрмақ ниетпен шәкірт сұрастырған дарынды ғалымға Ш.Айталиев жолығып, еліміздегі жаңа ғылыми бағыт – геомеханика саласы бойынша тұңғыш аспирант атанады. Ш.М.Айталиев ұстазының ғылыми жетекшілік етуімен геомеханиканың күрделі де маңызы зор мәселелерін шешуге арналған кандидаттық диссертациясын 1965 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында, ал 1974 жылы Новосібір қаласында докторлық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Геомеханика ғылымының Қазақ­станда пайда болып, дамуына ұстазымен бірге Ш.Айталиев та үлкен үлесін қосты. Қазақстанда жерасты, көліктік және арнайы құрылыстар механикасы бойынша арнайы мектеп құрды. Бергі жағы бүкіл Қазақстан мен Кеңестер Одағына, арғы жа­ғы әлемнің көптеген елдеріне танылған бұл ғылыми мектептен 18 ғылым докторы мен 51 ғылым кандидаты шықты. Қазақ КСР ҒА-ның Математика және механика институтымен 1966 жылы бірге құрылған Ш.М.Айталиев жетекшілік еткен жерасты құры­лыстарының сейсмикаға төзімділік теориясы зертханасы бұрынғы Кеңес Одағындағы мамандандырылған үш ірі ғылыми орталықтың бірі болатын. Дәл сол Ш.Айталиев бас­қаратын ғылыми зертханада болашақ Алматы метросының жобаланған аралық және стан­салық тоннельдерінің құры­лымдары 9-10 баллдық жер сілкінісіне есептелген экс­пертизалық сынақтан өткізілді. Өйткені, ол кезде мұндай күшті жер сілкінісін есепке алатын нормативтік құжаттар бұрынғы Кеңес Одағы бойынша әлі жаса­лынбаған еді. Жерасты құрылыстары мен метрополитендер құрылымдарын күрделі инженерлік-геологиялық және жоғары сейсмикалық аймақтарда жобалаудың жаңартылған нормалары осы ғылыми зертханада Ш.М.Айталиевтің бас­шылығымен 1991 жылы жасалып бітті. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі жылдары Алматы ме­тросының бо­лашағы туралы түрлі пікірлер айтылды. Одақтың ыдырауы көптеген ғылым және құрылыс салаларына үлкен кері әсерін тигізгені белгілі. Ғылымға бө­лінген қаражат көлемі күрт қысқарып қалды. Алматыдағы метро құрылысы да тоқтап қалған кездер болды. Бірақ зерт­хананың метромен байланысы ешқашан да үзілген жоқ. Ұзақ уақыт құрылыс аяқталмай тұрып қалған метро элементтерінің сейсмикалық әсерлерге қалдық төзімділігін бағалау мәселесі де осы зертхананың маңызды зерттеу тақырыптарының біріне айналды. «Метро құрылысы эконо­микалық жағынан тиімсіз көрінеді», «Жер сілкінісі бола қалса, қиын екен» деген сияқты түрлі алып-қашпа сөздер пайда болғанда Алматы метросы құрылысының қала тұрғындары үшін тиімді екенін, метро салу арқылы қаладағы экологиялық жағдайды жақсартып, көлік «тығынын» азайтуға болатынын, ал оның сейсмикалық жағынан жер бетінде орналасқан ғимараттармен салыстырғанда әлдеқайда қауіпсіз екендігін де жан-жақты талдап, ашып көрсеткен осы академик Ш.Айт­алиев еді. Бүгінде Алматы метросы – әлемдегі ең заманауи әрі келбетті метролардың бірі. Әлемдік деңгейдегі көптеген жоғары баға­лар мен марапаттарға ие болды. Үдемелі даму жолына түс­­кен Тәуелсіз Қазақстанның бір мақ­танышына айналды. Қазақстан ғылымына қосқан елеулі де маңызды еңбегі үшін ол 1983 жылы Қаз КСР ҒА-ның «Тау-кен ісі» мамандығы бойынша корреспондент-мүшесі, 1994 жылы ҚР ҒА-ның «Ме­ханика» мамандығы бойынша толық мүшесі (академигі) болып сайланды. Ал 1995 жылы «Қазақстанның ғылымы мен техникасына еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Араға 59 жыл салып, «ұлым Отто Шмидт сияқты академик болса екен» деген әке арманы орындалып, Айталиев Шмидт академик атанды! Қайта құру жылдары академикке АҚШ-тың Аризона универ­ситетіндегі доктор Десаидан (C.S.Desai), Жа­пониядағы Кобе университетінің профессоры Сакураидан (S.Sakurai), Ресейдегі Ленинград теміржол көлігі инженерлері институты мен КСРО ҒА-ның Солтүстік бөлімінің Чита қаласындағы табиғи ресурстар инс­титутынан бірге жұмыс істеу үшін көшіп келуін өтінген ұсыныстар түс­ті. Шетелге көшу, әсіресе, АҚШ пен Жа­понияға бару материалдық жа­ғынан тиімді, көрер көз бен ай­тар ауыз­ға мәртебелі және өзі сүй­етін ғылым саласымен нәтижелі шұ­­ғылдануға үлкен мүмкіндіктер бе­ретін еді. Бірақ, ол ойлана келе Қа­­зақстан Республикасы Ұлттық ғы­­лым академиясының жа­ңадан құ­ры­­лып жатқан Батыс аймақтық бө­лім­­шесін басқару туралы ұсынысын қа­­былдады. Бұл Қазақстанның жа­ң­­­­­а­­­дан тәуелсіздік алып, еркіндіктің қа­­на­тын қаға бастаған 1992 жыл еді. Академияның ашылып жатқан бөлім­шесі Атырау қаласында орналасатын болып шешіліпті. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген туған халқының қанатты сөзін жадында сақтаған Шмитд Мұсаұлы егемендігін енді ғана алған елінің еңсесін көтеріп, мәртебесін биіктетуге өз үлесін осылайша қоспақ болды. Бұл – Ш.М.Айталиев өмі­ріндегі жаңа кезең еді. Ол бүкіл білімі мен қажыр-қайратын аймақтық ғылым салаларын дамытуға жұмсады. 1997-1999 жылдары ҚР ҰҒА физика-математика бөлімінің академик-хатшысы қызметін атқарды, одан кейін Ө.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтында зертхана меңгерушісі болды. Академик Ш.М.Айталиев кәсіби ғылымға қоса педа­гогикалық еңбекпен де шұ­ғылданды. Ол 1978-1992 жыл­дары Қазақ ұлттық универ­ситетінің, ал 2000-2007 жылдары Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының профессоры қызметінде жемісті еңбек етті. Ол 15 монография, 350-ден аса ғылыми еңбектер жариялады. Олардың бір бөлігі ТМД елдерінде, Германияда, Польшада, Португалияда, Жапо­нияда, Кореяда, Түркияда, Син­гапурда және т.б. елдерде жарық көрді. Шмидт Мұсаұлы тек ғалым ғана емес. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген қазақтың қасиетті теңеу сөзі дәл осы Шмидт Мұсаұлы секілді жан-жақты білімді де өнерлі адамдарға қатыс­ты ай­тылған сияқты. Өзі домбырамен нақышына келтіре орындайтын «Жайық­қа жорық» күйі мен «Көктөбе» сияқты бірнеше әндері бар. Міне, бүкіл саналы ғұмырын ғылым жолына арнаған Қазақ елінің арқа сүйер асқар таудай азаматы болған ардақты тұлғасы, менің және мен сияқты жүздеген ғалымдардың ұстазы болған академиктің өмір жолы мен жарқын бейнесі осындай еді. Бағдат ТЕЛТАЕВ,  «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор.