Алматы. КазПИ. Студент Бердібек Соқпақбаев. 1947 жыл
Осы ұлағатты шаруаға ризашылық сезімімізді білдіре отырып, көкейіміздегі мынадай ойды да жасырғымыз келмейді. Ол аталған кітаптың жаңа басылымындағы авторлар жазбаларымен танысқанда, бұл қаламгерлердің сөз еткен тақырыптарынан басқа жазушы аға туралы әлі де айтылып, жазылуға тиіс талай жайттың бар екендігін байқағандығымыз. Солардың алғашқысын баяндар болсақ, «Бала Бердібек ең алғаш қай газет-журналда қандай шығармасымен көрініп еді?» деген сауалға жауап іздеу. Осы сұрақ ойыма оралғанда, 1973 жылғы бір оқиға көз алдыма келеді. КазГУ-дің 4-курсындағы екінші семестрде 20 күндік өндірістік практикадан өтуге тура келді. Осыған байланысты ауылым Нарынқолға барып, сондағы аудандық газетте стажер болып жүргенмін. Басылым редакторы Әлнұр аға Мейірбеков соғысқа дейін осы редакцияда үйренуші шәкірт боп, одан майданға барып, ондағы от кешуден аман оралған соң, 50, 60, 70-жылдардағы өмірін біз сөз етіп отырған газетке арнаған жан болатын. Бір күні ол кісі сөз арасында: «Бәрің жақсы білетін Бердібек ағаларыңның әдебиет әлеміне алғаш жол ашқан осы аудандық газет», деп қалды. Сөйтті де: «1941 жылғы сәуір айының ортасында бозбала оның «Советтік шекара» редакциясына келгені есімде, – деп тың дерекке толы әңгімесін бастады. – Қолында торкөз дәптердің бір парағына жазылған екі шумақ өлеңі бар екен. «Сүмбедегі жетіжылдықты бітірген соң, қалған оқуымды жалғастыру үшін Нарынқол орта мектебінде білім алып жүрмін. Өлең жазамын. Мынау 1 май – ынтымақ күні мерекесіне арналған туындым еді. Көрсеңіздер», деді сәл қысыла сөйлеп. «Жарайды. Бір хабарын берерміз. Күт», дедік біз. Ол кезде аудандық газетте арнайы бөлімдер жоқ. Редакцияға келген дүниелердің бәрін редакторымыз Әріпбай Сүттібаев ағай қарайды. Ыждағатты басшы жас талаптың тырнақалды туындысын оқып шығып, бірден ұнатты. Нәтижесінде, әлгі екі шумақ өлең газеттің 1 май мейрамына арналған нөмірінде үтір, нүктесіне дейін өзгермей жарыққа шықты. «Дарынды бала екен. Үмітімізді ақтар», деді редактор жаңа басылған газет бетіне қарап тұрып».
Нарынқол. Бала Бердібек.
1941 жыл
Енді Бекең, Бердібек аға өміріндегі белгісіз беттерге жауап іздеп көрелік. Ол – оның белі бекіп, буыны қатпаған қылқандай кезінде қиян түкпір Нарынқолдан қиыр шет Қарағандыдағы ФЗО-ға аттануы. Фабрика-зауыт оқуы деп аталатын бұл техникалық кәсіпке баулу курсындағы өмір жазушының «Өлгендер қайтып келмейді» романының алғашқы тарауында түрлі оқиға арқылы көрініс тапқан. Бірақ.., иә, бірақ ол жөнінде оқырмандар мен әдебиеттанушылар арасында екіұдай пікір бар. Алғашқылары оған сенеді. Өйткені оқырмандарға сондай шытырман оқиғалы шығарма керек. Ал соңғылары романдағы баяндалған жайттар ойдан алынған, ол жазушының жас кезіндегі басынан кешкендері емес, қиялдан туған сюжет дейді. Көпжылғы ізденістен кейін біз бұл сұрақтың жауабын тапқандаймыз. Соны енді нақты екі факт арқылы баяндап айтайық.
Бірінші, Бекеңнің ет жақын туысы Смағұлдың қызы Несіпхан Аманбаевамен әңгімелескенімізде: «Әкем Бердібек аға 1942 жылы ФЗО-ға күштеп алынып кеткен деуші еді, – дейді. – Сол жылдың ортасында оның ағасы Сатылған да Батыстағы соғысқа шақырылып, Сарышаған, әлде Мойынты маңында әскери даярлықтан өтіп жүреді. Міне, сонда ол кісі бастықтарынан Қарағандыдағы інісін көріп қайтуға сұранады. Олардан рұқсат алған соң, кеншілер қаласындағы ФЗО-да жүрген інісін тауып, қауышады. Бір күннен кейін әскери бөлімге қайта оралып, елдегі туыстарына: «Бердібекті іздеп бардым. Көрдім. Аман-есен екен», деп хат жазады. Содан көп кешікпей ол кісі майданға аттанып, қиян-кескі шайқастардың бірінде қаза табады».
Қарағанды. ФЗО мектебінде.
1943 жыл
Несіпхан жоғарыдағыдай деректі алға тартса, қолымыздағы екінші мәлімет оны одан әрі нақтылай түскендей. Ол – жерлес журналист Қанат Тәкебаевтың жеке мұрағатындағы фотосурет. Онда басына бес жұлдыз белгісі бар малақай, үстіне мақтадан сырып тіккен күпәйке киген бала Бердібек бейнеленген. Кіп-кішкентай ол темір жонатын станоктың жанында әлдебір нәрсені жасауға әрекеттенуде. Рәсімнің астында: «Қарағанды. ФЗО. 1943 жыл», деген жазу тұр. Қанат бұл суреттің тұңғыш рет аудандық «Советтік шекара» газетінде жарияланғанын айтады. Ол 1994 жылдың жазы екен. Сол уақытта Бекеңнің 70 жылдық мерейтойы ел көлемінде аталып өтілмекші болып, оған аталған басылым қызметкерлері арнаулы нөмір шығаруға дайындалып жатады. Осы мақсатпен газет редакторы Дәулет Желдікбаев ағамыз Алматыға аттанып, жазушының үйіне соққанда, шаңырағын ұстап отырған Бибігүл Қонысбаева апай отбасылық альбомнан жоғарыдағы фотоны берген екен.
Енді: «Бекең, Бердібек аға Қарағандыдан елге қашан, қалай оралған?» деген сұраққа келейік. Осы күнге дейін көп сөз болмаған бұл сауалға «1944 жылы» деп жауап беруге болады. Олай дейтініміз: «Соғыс аяқталуға бір жыл қалғанда, – деген еді 2011 жылы жазушының алғашқы отасқан жары Бәшен Баймұратова апай, – Бердібек Нарынқолдағы туыстарына хат жолдайды. Одан олар оның: «Алматыға келдім. Көп ұзамай елге қарай бет аламын», деген сөзін оқып: «Тәубе!» дейді. Бірақ екі жыл бойы көрмегенді көріп, астанаға арып-ашып әрең жеткен ол ауылға бірден бара алмайды. Үсті-басын бүтіндеп, әл жинауға қаражат табу үшін түрлі жұмыс істейді. Соның бірі соғыс жылдарында Қазақстан астанасына көшіп келген «Ленфильм» киностудиясындағы күзетшілік еді. Бұған қоса С.Эйзенштейн түсіріп жатқан «Иван Грозный» кинолентасындағы көп адамдық фон – «массовкаға» қатысу арқылы да ақша табады. Содан кейін ғана Нарынқолға барып, ағайындарымен қауышады. Бірақ мұнда көп болмайды. Құжаттарын ретке келтіріп алған соң, 1945 жылы Алматыға қайта оралып, КазПИ-ге оқуға түседі.
Міне, осы жерде құрметті оқырман, тағы бір сауал алдыдан шығады. Ол – «Болашақ жазушы бұл жоғары оқу орнында кімдермен қатар оқыды? Кейін олар қандай адамдар болды?» деген әңгіме. Бекеңнен бір саты төмен оқыған ақын Мыңбай Рәштің 2014 жылғы бізге айтқан сөзіне қарағанда, студент Бердібек Соқпақбаевтың курстастары мына төмендегі жандар екен: Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин, Баламер Сахариев, Мұқаш Сәрсекеев, Тұрсынбек Жабаев, Айқын Нұрқатов... Уақыт өте келе бұл ағаларымыздың туған әдебиетіміз төрінен қандай орын алғандығын біз өте жақсы білеміз.
Жазушылар (оңнан солға қарай: Тахауи Ахтанов, Сайын Мұратбеков, Бердібек Соқпақбаев). Алматы. 60-жылдардың ортасы
Ал сөз етіп отырған кейіпкеріміздің республикалық баспасөзде жарық көрген алғашқы туындысы... Баспадан шыққан тұңғыш кітабы... Бұлар жөнінде не білеміз? Ойлап қарасақ, осы жайттардың өзі де біз сөз етіп отырған кейіпкеріміз өмірінің белгісіз беттеріне жататыны анық. Мұны еске алғанда Мұзағаң, Мұзафар Әлімбаевпен арада болған 1993 жылғы кездесу көз алдыма келеді. Ол кезде «Халық кеңесі» газетінде жұмыс істейтін мен ақсақалдың 70 жылдық мерейтойына байланысты редакцияның тоқсандық жоспарында тұрған «Мақал ата» атты тақырыпты игеруге барғанмын. Сондағы әңгіме үстінде қария: «1948 жылы армиядан босап, Алматыға келдім. Көп ұзамай «Пионер» журналына қызметке орналастым. Сол кезде КазПИ-дің студенті Бердібек Соқпақбаевтың тырнақалды туындыларына сәт сапар тілеп, өлеңдерін аталған басылымда жарыққа шығарғанбыз», деген еді. Мұзағаңның осы сөзіне қарап, Бекеңнің республикалық баспасөз бетінде алғаш көрінуі ақсақал ақын айтқан сол 1948 жыл-ау шамасы деп жүргенбіз. Бірақ... Бертін келе төмендегідей дерекке кезіктік. 2004 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің 85 жылдығына орай «Жәдігер» атты ақпараттық-танымдық жинақ шығаруға кіріскеніміз бар. Сондағы 1919–2004 жылдар аралығындағы руханиятқа қатысты басылым бетінде жарық көрген мақалалардың хронологиялық тізімін түзгенімізде, мұрағаттанушы Зияда Ижанов тапқан тың деректі көзіміз шалып қалғаны! Бұл студент Бердібек Соқпақбаевтың «Социалистік Қазақстан» газетінің 1947 жылғы 16 қарашасында шыққан шағын мақаласы еді. «Ұрлық біреу, ұры нешеу?» атты ол сын материалда автор ақын Сергей Михалков өлеңдерін аударып, «Пионер» журналына апарғанын, бірақ онда отырған Қабыл Боранбаев тәржімедегі кейбір шумақтардың сөзін өзгерткен болып пайдаланып кеткенін ашына жазады. Даудың немен аяқталғанын білмейміз, біздіңше 1947 жылғы осы материал Бекеңнің республикалық баспасөзде шыққан тұңғыш мақаласы сияқты. Содан кейінгі екі жыл аралығында институттағы Қайнекей Жармағамбетов басқаратын әдеби үйірмеге белсене қатысып, «Қазақстан пионері» мен «Пионер» басылымдарына өлеңдері жиі жарияланған жас талап келешегінен көп үміт күттіретін дарын иесі ретінде ел аузына іліге бастайды. Нәтижесінде 1949 жылы өзі секілді үміткерлердің тұсауын кескен «Жастар даусы» ұжымдық жинағына 19 автордың бірі ретінде енеді. Ал 1950 жылы ақын Әбу Сәрсенбаевтың қолдауымен «Бұлақ» атты өлеңдер топтамасы «Оқу құралдары» (қазіргі «Мектеп») баспасынан жеке кітап болып шығады. Бекеңнің одан кейінгі, яғни 1951–1974 жылдар аралығындағы шығармалары оқырмандарға «Жекпе-жек», «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Аяжан», «Қайдасың, Гауһар?!», «Өлгендер қайтып келмейді» деген атаулармен белгілі.
Тағдырлы таланттың 40-жылдардағы өмірінің белгісіз беттері дегендегі біздің білетіндігіміз әзірше осы. Ал жазушының 50–60-жылдардағы жағдайына қатысты айтылмаған жайттар... Олар көп. Тіптен көп. Оны мына мақала көлемі көтермейді. Сондықтан ол алдағы уақытта жазылар жеке материал дейік те, сөзіміздің соңын басқа бір белгісіз деректерді айтумен аяқтайық. Бұл – Бекең, Бердібек ағаның бәріміз жақсы білетін роман, повесть, әңгімелерінен басқа елге бірде жетіп, бірде жетпеген шығармаларының да бар екендігі туралы мәліметтер. Бүгінгі ұрпаққа беймәлім сол туындылардың кейбіреуі түрлі себеппен жарыққа шықпады, қалғандары газет-журналдарда жарияланғанымен, жинақталмады. Сөйтіп, қайта басылған кітаптарына кірмеді. Ұмыт қалды.
Соның алғашқысы, мәселен, жазушының «Ергежейлі еліне саяхат» атты повесі. Ол туралы: «Мен бұл шығармамды бұдан ширек ғасыр бұрын жазған едім, – депті автор 1991 жылы «Жұлдыз» журналына берер алдындағы аңдатпасында. – Шағын үзіндісі «Қазақстан пионері» газетінде (1966 ж. №2–4) жарияланды. «Жұлдызға» бердім. Баспады. Сол кездегі бас редактор (атын айтпай-ақ қояйын) маған ренішпен бажырая қарап: «Баса алмаймыз, шығармаңыз идеялық тұрғыдан бізді қанағаттандырмайды. Қайдағы бір ергежейлі елін біздің социалистік елден артық етіп көрсетесіз. Осы жарай ма?» деген тәрізді сөздер айтты. Таласып жатудан пайда жоғын білемін. Билік кімде болса, соның сөзі дұрыс... Қазір енді 1991 жыл. Міне, ана заман өзгерді. Шығармамды бір сөзін өзгертпестен «Жұлдызға» қайта беріп отырмын. Уақыт та, журналдың аппараты да жаңарған кез. Нағыз үлкен өзгерістер, үлкен төңкерістер әлі алда екеніне менің сенімім кәміл. Автор».
Міне, осы повесть жазылып біткеніне 25 жыл өткенде «Жұлдыз» журналының 1991 жылғы 4-нөмірінде жарық көрді. Бірақ тағы 25 жыл бойы еш жерде жеке кітап болып шықпады. Оған дәлел, жазушының 70, 80, 90, 95 жылдық мерейтойларындағы қайта басылған таңдамалылары мен қос томдығына дабыл қағып айтсақ та кірмей қалды. Таяуда біз: «Қазір не көп, баспа көп. «Ергежейлі еліне саяхат» мүмкін бір жерде жарық көрген шығар. Ізденіс жұмысын жүргізіп көрсек қайтеді?» деп Кітап палатасына сұрау салғанымыз бар. Мекеме директорының орынбасары, ақын Маралтай Райымбекұлына рахмет! Жауап тез келді. Рас, 2021 жыл мұғдарында бір рет жарық көріпті. Ол Қарағандыдағы «Qasym» баспасы екен. Бірақ... Өте аз таралыммен. Мұны көп ешкім білмейді. Ел одан хабарсыз. Таралымы бір өңірден әрі аспаған. «Сонда дейміз де, «Менің атым – Қожа» повесі соңғы ширек ғасырға жуық уақыт ішінде алты, «Балалық шаққа саяхат» үш рет басылғанда, «Ергежейлі еліне саяхаттың» мемлекеттік тапсырыс негізінде министрлік бекіткен екі мың тиражбен бір рет жеке кітап боп жарық көруіне хақы жоқ па?!»
Бердібек аға Соқпақбаев шығармашылығына байланысты бұдан кейінгі сөз ететін мәселе – қаламгердің кезінде газет-журналдарда жарияланып, кейін ұмыт қалған дүниелері. Солардың алғашқысы – 1955 жылы жарыққа шыққан «Жас достарға» атты ұжымдық әңгімелер жинағы. Балалар жазушылары Сейітжан Омаров пен Мағзом Тиесов құрастырған ол кітапта Бекеңнің екі әңгімесі бар. Автордың бұдан кейінгі елге белгісіз туындысы – «Сарыбастау». Бұл дүние 1962 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған. Содан соңғы ескерер ерекше еңбек – «Дала жұлдызы» атты деректі повесть. Атақты ғалым Шоқан Уәлихановтың туғанына 125 жыл толуына байланысты географ Нұғыман Баяндин мен Бердібек Соқпақбаев екеуі бірігіп жазған ол көлемді туынды «Қазақ көркем әдебиет» баспасынан 1960 жылы шыққан. Қайтадан басылмаған. Сондай-ақ қаламгердің 1971 жылы «Қазақ әдебиетінде» жазушы Жайсаңбек Молдағалиевтің «Торғай толғауы» романына байланысты пікір білдіріп: «Менің жақсы туындыдан кемшілік көрмейтін әдетім бар», деген сөйлеммен аяқталатын рецензиясы мен 1981 жылы тағы да осы басылымдағы от жүректі, арынды ақын Қасым Аманжолов өмірінен алып жазылған «Бір дорба құрт» деректі әңгімесі – ұмытылатын дүниелер емес. Міне, осы аталған туындылардың барлығы қаламгердің кейінгі кітаптарына кірмеді. Көзден таса болып, ұмыт қалды. Осылар жиналса, қалың бір том болар еді.
Сөзіміздің соңындағы деректерді сіздерге не үшін айтып отырмыз дейсіздер ғой. Осы мәліметтер арқылы өздеріңіз білетін классиктің белгілі шығармаларымен қатар белгісіз дүниелерінің де бар екенін айту. Білдіру. Хабарлар ету. Осы мақаланы оқыған жандардың арасынан: «Жоғарыдағы туындыларды жинап, зерттеп көрсек қайтеді?» дейтін энтузиаст жастардың шықпасына кім кепіл?! Тіпті: «Ұмыт қалған мына шығармаларды жеке кітап етіп шығарсақ», деген дәулетті, әдебиетке жанашыр демеуші азаматтардың болуы да әбден мүмкін. Онда біздің арманымыздың орындалғаны.
Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
АСТАНА