Фото: Видеодан алынған кадр
Бірнеше күн бұрын Кегенде 43 жастағы ер адам, оның 15 жасар ұлы және 1968 жылы туған көршісі қайтыс болған. Жергілікті тұрғындар үйінде су тоқтап қалған соң әкесі мен баласы және олардың көршісінің құбырды тексеру үшін құдыққа түскендерін мәлімдеді.
Бастапқыда бір қарап шығуға 15 жастағы жасөспірім түскен екен. Бірақ көп ұзамай сонда талып қалған. Әкесі құтқаруға ұмтылғанымен, кері шыға алмай, ес-түссіз құлаған. Артынан 56 жастағы көршісі түсіп, ол да төменде тіл тартпай кеткен.
«Бірінші інімді алып шықты. Қарасақ, денесі суып кеткен. Алғашқы көмектен кейін құсып жіберіп, көзін ашты да, жүріп кетті. Одан кейін Серік деген ағаны шығарды. Үшіншісінде ішінде суы бар құдықтың түбіне жете алмады. Өрт сөндірушілер суды сорғызып, содан кейін баланы шығарып алды. Ол кезде бала көгеріп кеткен», деді марқұмның туысы Дина Айтбаева.
Тұрғындар қайғылы жағдайдың біреудің салғырттығынан орын алғанын алға тартқан. Сондай-ақ, олар құдықтың беті көлік жүретін жолдан бір қарыс төмен орналасқанын айтты. Топырақпен көміліп жатқанына бір айдан асқандықтан, бітеу тұрып, ауа айналымы жүрмегендіктен, ішінде улы газ пайда болуы мүмкін екенінін тілге тиек етті.
«Су жүргізілгеннен кейін жол салынған кезде технология бойынша құдықтың беті көтеріліп тұруы керек. Жол салған мердігер көтеріп, асфальтпен теңестіріп жасап кету керек болатын. Тұрғындар құдықтың бетін ашып қойған. Соңғы бір жарым айда Кеген ауылында дренажды канал жүргізілді. Сол кезде құдықтың бетін топырақпен бекітіп кеткен», деді марқұмның туысы Мақпал Шадан.
Марқұм жандардың туыстары құдықтың ішінде оларды тоқ ұруы мүмкін деп болжам жасаған.
«2020-2021 жылдары жолды қабылдап алған кісі қазір қызметте жоқ. Не себепті дәл судың үстіне жол салып өткенін айта алмаймын. Құдықтың бетін көтеріп, көліктер өте алатындай етіп жасаймыз», деп хабарлады Кеген ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жасұлан Кәділ.
Анықталғандай, қазір марқұмдардың денесі Қонаев қаласында. Олардың неден қайтыс болғаны сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.