Қоғам • 18 Қыркүйек, 2024

Ринат Заитов: Мемлекеттік органдар халық сұрауларына салғырттық танытып отыр

90 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Ринат Заитов Үкімет мүшелері мен өзге мемлекеттік органдардың жұмысына көңілі толмайтынын жеткізіп, ҚР Бас Прокуроры Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ринат Заитов: Мемлекеттік органдар халық сұрауларына салғырттық танытып отыр

Фото: parlam.kz

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында астын сызып тұрып айтатын тапсырмаларының бірегейі – «ашықтық пен әділеттілік». Бірақ сол мақсатты іске асыру жолында Үкімет мүшелері мен өзге мемлекеттік органдар мардымсыз жұмыс істеп отырғанына күн сайын көзіміз жетеді», деді Ринат Заитов.

Ол Парламент Мәжілісі халықпен тікелей байланыста болатынын, сондай-ақ әр жұма сайын жұрттың арызын тыңдап, өтініштерін қабылдайтынын еске салды. Азматтардың басым көпшілігі белгілі бір ведомство басшысының қабылдауына кіргісі келеді. Ринат Заитовтың айтуынша, бұған өңірлердегі және алып мегаполистердегі шолақ белсенді, орташа деңгейдегі қызметкерлердің «өзім білемдікке» салып заң бұзуы тыйылмай жатқаны себеп болып отыр.

«Бұған тоқтау қоятын Бас прокуратура, Жоғарғы сот пен министрлердің есігі халық келгенде бір ашылған емес. Бұл қалай? «Естуші Үкімет» қағидатын ұстануды тапсырған Мемлекет басшысының сөзі ескерілуге де татымағаны ма? Заң тілімен айтқанда, ҚР ӘРПК 90-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік органдардың басшылары және олардың орынбасарлары тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітетін қабылдау кестесіне сәйкес айына кемінде бір рет азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін, оның ішінде осы органдардың қызметкерлерін жеке қабылдауды жүргізуге міндетті. Сонымен қатар «ҚР сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңында ҚР Жоғарғы соты төрағасының азаматтарды жеке қабылдау міндеті көзделеді (20-баптың 1-тармағының 10) тармақшасы)», деп түсіндірді депутат.

Мәжілісменнің айтуынша, бұл заңдарды орындауда, халықтың сұрауын қанағаттандыруда мемлекеттік органдар салғырттық танытып отыр.

«Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, Сіздерден аталған лауазымды тұлғалар мен халықтың арасында кедергісіз байланыс орнату жолдарын қарастыруларыңызды және азаматтардың арыздары сырғытпа жауап (отписка) деңгейінде қалмауын қадағалау жүйесімен қамтамасыз етулеріңізді, тіпті болмаса, депутаттардың есігі көрінбейтін кабинеттерге елдің өтінішін жеткізуге мүмкіндік берулеріңізді ҚР Парламенті Мәжілісі Регламентінің 11-тарау 149-тармағына сәйкес талап етемін», деп сөзін аяқтады Ринат Заитов.