Фото: parlam.kz
Депутаттың айтуынша, бүгінде синтетикалық есірткі кез келген адамға қол жетімді болып отыр. Заңсыз затты алу үшін бар болғаны интернет пен гаджет болуы қажет.
Қазіргі таңда Қазақстанда нашақорлардың есебінде 18 мыңнан астам адам тіркелген. Бірақ ресми түрде тіркелмеген азаматтардың саны бұдан да көп.
«Елімізде 2023 жылы 1 млн граммнан астам есірткі тәркіленсе, бұл көрсеткіш 2024 жылдың 8 айында 900 мың граммға жеткен. Есірткіні сатуға байланысты 3 145 адам қылмыс жасап оның 2 560 сотталып кеткен. Бұл қарқынмен 10 жылда 1 ауылдың тұрғындарына тең адам сотталып кетпек. Қазірдің өзінде 37 мыңнан астам сотталғандардың 8%-ы есірткі қылмысына қатысты жазасын өтеп отыр. Есірткі қылмысының жетегіне ерген азаматтардың жас мөлшерінің 16-17 жасқа төмендеуі мен әйел қылмыскерлердің санының өсуі тіпті алаңдатады», деді Руслан Берденов.
Мәжілісмен атап өткендей, елімізде нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес жүргізіліп жатса да, оң нәтиже жоқ.
«Осы тұста халықты бірнеше сауал толғандырады. Ең алдымен, еліміздің аймақтарында жасырын есірткі лабараториялары қарқынды жұмыс істейтіні және оларды түрлі органдар мен шенділер қорғайтыны туралы пікір қалыптасқан. Осы бағытта тексеру жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Есірткінің елге әкеліну көздерінің бірі - шекара болғандықтан, Шекара қызметі қажетті материалдық-техникалық құралдармен қаншалықты сапалы жабдықталған? Есірткі сату ісінде қолданылатын шетелдік мессенджерлерде есірткі сатуды ұйымдастырушылар туралы қанша ұсыныс жолданып, қаншасы қолданды? Оның қаншасы қараусыз қалды? Олармен ынтымақтастық қай деңгейде? Есірткінің жаңа түрлерін анықтайтын заманауи сот сараптамасы органдарының материалдық-техникалық жабдықталуы және сараптама мерзімін қысқарту жұмысы қаншалықты толық атқарылып жатыр? Біз есірткімен күресті қаржы сауаты төмен, білімі жоқ, әлеуметтік жағдайы нашар «закладчиктермен» ғана шектеліп отырмыз ба? Қоғам жас балаларға есірткі сатуға итермелеп отырған қылмыстық топтардың ұсталғаны туралы неге естімейді?», деп сұрады депутат.
Руслан Берденов нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған бес жылдық кешенді жоспарда Ішкі істер, Әділет, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Цифрлық даму министрліктері, Шекара қызметі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне нақты шараларды бекітіп, алдын алу, себептерін анықтау және салдарымен күресуге қатысты толықтыруларды бірлесіп енгізуді ұсынды.