Талбесік • 19 Қыркүйек, 2024

Сирек кездесетін саңырауқұлақтар табылды

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкерлері жұмыс барысында елде ғана емес, әлемде ауық-ауық кездесетін таңғажайып өсімдіктерді байқайды. Ұлттық парктің мамандары кезекті ғылыми-зерттеу жұмыс барысында саңырауқұлақтың сирек кездесетін тағы бірнеше түрін тапты.

Сирек кездесетін саңырауқұлақтар табылды

«Бурабай» паркіндегі құ­былмалы пецица (Peziza varia), күзгі желі (Gyromitra infula), ақ саңырауқұлақ (Hygrocybe conica), рамария (Ramaria eumorpha), ойық саңырауқұлақ (craterellus cornucopioides), қозықұйрық (lepiota magnispora), ағашқұлақ (phaeolus Schweinitzii) сынды саңырауқұлақ түрлері әлемнің бірнеше елінде Қызыл кітапқа енген. Ғалымдардың тағы бір олжасы – торлы саңырауқұлақ (Clavariadelphus sp.). Бұл сирек кездесетін өсімдіктің үстіңгі қабаты жіңішке таяқша тәріздес болса, түсі әдетте ашық-сары немесе сарғылт, кейде тіпті, қызыл болады екен. Басты ерекшелігі – 3-5 жылда бір-ақ мәрте өсіп шығатынында. Ұлттық табиғи парктің ақ­парат және экологиялық мо­ниторинг бөлімінің аға ғылыми қызметкері, ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының кандидаты Евгений Архипов са­ңырауқұлақтарды зерттеп, зерделеуге көбірек көңіл бөлетінін айтты.

ва

«Торлы саңырауқұлақтың табылғаны бізге үлкен олжа болды. Енді Қазақстанның Қы­зыл кітабына енгізілуі мүм­кін. Бұл жаңалық Ұлттық сая­бақтың өсімдік әлемінің алуан­­дығын көрсетеді. Соның ішінде саңырауқұлақтар тобын одан әрі зерттеп, қорғау қажет екеніне тағы көз жеткізіп отырмыз. «Бурабай» МҰТП ақпарат және экологиялық мо­ниторинг бөлімінің ғы­лыми қызметкерлері алғаш рет ұлттық парк аумағында өсетін саңырауқұлақтардың барлық түрлерін қамтитын микологиялық тізім жасайды. Бұл – экожүйені терең зерттеуде және аймақтың био­логиялық алуандығын қор­­ғауды қамтамасыз етуде ма­ңызды қа­дам болады. Ми­кология (са­ңы­рауқұлақтар туралы ғылым) экожүйедегі үдерістерді тү­сінуде ерекше маңызға ие, себебі саңырауқұлақтар органикалық заттардың ыдырауы мен топы­рақтың құнарын сақтауда үлкен рөл атқарады», деді Е.Архипов.

ап

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи парк қызмет­кер­­лері ұлттық парктің ми­ко­логиялық тізімін жасауды қолға алған. Тізімге саябақ аумағында өсетін саңырауқұ­лақтардың бар­лық түрі қосылуға тиіс. Ма­ман­дардың айтуынша, саябақ аумағында жүргізілген зерттеулер экожүйе туралы жиналған деректерді молайтып қана қоймай, табиғатты қорғаудың тиімді іс-шараларын қолға алуға ықпал етеді. Мысалы, «Бурабай» МҰТП ботанигі Юлия Боссерт саңырауқұлақтар қоректік заттар айналымына және ағаш­тардың саулығына ерекше әсер ететінін айтады. Демек, оны зерттеуге ден қою Ұлттық парк­тің табиғатын қорғау үшін де маңызды.