Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2024

Журналист жазбалары: Ұлытау сапары

91 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Қазіргі Ұлытау – ежелгі рухани самғаулар мен саяси шоғыр­лануға куә болған қа­шанғы қара орын», дейді халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы. Әңгіме­міз­­дің әлқиссасын заманымыздың заңғар қайраткерінің осы пайымдауымен бас­­та­ғанды жөн көріп отырмыз. Алаштың аға тауы, даланың ақ отауы саналған қастерлі қоныс, қасиетті мекен адамзат тарихымен астасып жат­қан тамырлы тарихымен қымбат. Ол – тұтас қазақ халқының табысқан төбе­сі, ұйысқан іргесі. Өткен күннің көкжиегіне көз тастап, көңіл аударсаң, бұл жерге қай қағанат, қай хандық тағзым етпеді дерсіз. Әне, арбаға мүйізді жыл­қы жеккен «күнбасты адамның» кірмембес ауыр қолынан басталған тарихи тізбек сақтардың салқам керуенімен жалғасып, хан Жошы­ның ұлы­сына ұласып жөңкіп барады. Ал артынан... Ұлытаудың мәртебелі биігіне мәңгіліктің туын қадаймын деп салтанаты жарасып­ келе жатқан тәуелсіз еліміздің көрінісі менмұндалайтындай. Осы орайда Мемлекет басшы­сының «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзі ойға оралады. «Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін баға­лай білу – барша­мызға ортақ парыз. Сондықтан Ұлытаудың тарихы мен тағылымын жас­тар тәрбиесі мен отаншылдықты, ішкі туризмді дамытуға пайдалану керек», деген сөзі осы қасиетті мекенге жолға шығып, дала дидарын көзбен көріп, көңілмен түйсінуге бел буғызды.

Журналист жазбалары: Ұлытау сапары

СтепЛаг лагері

Жезқазған еліміздегі түсті металлургияның ірі орта­лы­ғы ретінде танымал. Сол себепті мұндағы еңбекшілердің негізгі кәсіп түрі – кен игеру, яғни көбісі шахтерлер. Бұған 1998 жылдан бастап өндірістік бағдарламамен жұмыс істеп келе жатқан «Қазақмыс» корпорациясының ықпалы зор. Мұны қалаға алғаш келген адам ұшақтан түсе салы­сымен әуежайдың алдындағы жарна­­ма­лық баннерлерден, автобус сыртын­­дағы жазулардан айқын аңғарады.

Ал біз Жезқазған қаласындағы іссапа­рымызды «СтепЛаг» аспанасты музейіне барудан бастадық.

 

СтепЛаг: трагедия тағылымы

«Степной» лагері 1948 жылдың қыркүйек айында Қарағандыдағы әске­ри тұтқындарға арналған Қарлаг территориясының бір бөлігін қамты­ған Жезқазғандағы әскери тұтқындарға арналған №39 лагері негізінде құрылған. 1954 жылдың 10 маусымындағы мәлі­­мет­те, мұнда 34 ұлттың өкіл­дері, барлығы 21 090 тұтқын отырған. Олардың басым көпшілігіне «Отан сат­қыны» ретінде тыңшылықжасағаны, көтеріліске қатыс­қаны және «саяси бандитизмге» қатысы бар деген айып тағылған.

Экскурсия жетекшісі, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті­­нің экономика және Қазақстан тарихы кафедра­сының аға оқытушысы Қабдол Әуезов мұндағы тәртіптің басқа түзету орын­дарынан өте қатаң болғанын, мер­зі­мін өтеушілерді адам төзгісіз ауыр еңбекке салғанын атап өтті.

Иә, қазір тарихи ескерткіштің орны әбден тозған. Ғимараттың қабырғалары қопарылған. Есік, қақпаларының көбі қиратылған. Бұған себеп 1954 жылы болған «Кеңгір көтерілісі» дейді.

Бұл туралы тарих былай деп толға­на­ды. 1953 жылдың 27 наурызында кеңес өкіметінің кең ауқымды амнистия­сы жарияланады. Амнистия бес жыл мерзімге дейін сотталғандарды тегіс босатты. Ал саяси тұтқындардың көпші­лі­гінің сот­талу мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейінгі аралықты қамтығандықтан, бұл жеңіл­дікке іліккен жоқ. Күткен үміт­те­рі ақталмаған соң, сотталушылар ара­сындағы наразылық толқулары толас­та­май, арты көтеріліске ұласқан. Үш айға созылған ереуіл күшпен басылып, қан­ша­ма қан төгілген. Бізге тарихи орынды таныс­тырып жүрген Қабдол Әуезовтің айтуынша, ғимарат осы кезде бүлініп, опырыла берген.

Іріген ірге, сынған кірпіш, құлаған қабырғаларды көріп көңілің еріксіз құлазиды. ГУЛАГ жүйесінен жазықсыз жапа шеккен тұтқындардың қаны мен тері тамған тарихи ескерткішке тиісті дәрежеде жөндеу жұмыстары жүрмей тұрғаны қынжылтады.

Зымыстан заманның зынданына түсіп, зығырданы ішінде қайнап, жоқтыққа сіңіп кете барған қайран есіл ерлер...

Құлағымда құрбандарға бағышталған Құран мақамы...

 

Алаша хан: мұқым ұлт мұрағаты

ва

Алаша хан кесенесі

Жезқазған қаласынан шыққаннан кейін алты Алаштың арғы бабасы саналатын Алаша ханның кесенесіне бет түзедік. Алаша ханның өмірде кім болғаны, қайда туып, қашан өлгені туралы ғалымдар арасын­да пікір бірқыдыру. Кейбірі Алаша хан кесенесінде Шыңғыс қағанның жатқанын мәлімдесе, кейбірі мұнда қазақ ханы Ақназар Қасымұлы жерленген дейді. Тарих маманы болмағаннан кейін, кесімді пікір айтудан аулақпыз. Әйтсе де, мұн­да қазақ халқының ұлы бір рухани ұсты­нының жатқанына шүбә келтірмеу керек­тігін ішіміз сезеді. Осындай ой ағыны­мен жүзіп келе жатып, кесенеге келіп жеттік.

Кесене Ұлытаудан бастау алатын Қара­кеңгір және Сарыкеңгір өзендері косылар тұстағы биік жотада тұр. Күмбездің салыну стиліне қарап, ғалымдар оны Х–ХІІІ ғасырдағы оғыз-қыпшақ заманындағы сәулет өнері үлгілерінің қатарына қосады. Аумағы 9,73 м х 11,9 м, биіктігі 10 м.

Алаша хан күмбезі өзінің оюлы қабыр­ға­ларымен көз тартады. Олар әр түсті және әр көлемді кірпіштерді үйлестіре қалау арқылы масаты кілемге ұқсас өрнектелген екен. Эксурсия жүр­гізушісінің деректеуін­ше, бұл стиль Ұлытау өңіріндегі өзінен кейін бой көтер­ген көптеген мазарға (Дүзен, Айран­бай, Бұзау, Шегір және т.б.) үлгі бол­ған көрінеді.

«Алаша хан һәм оның баласы Жошы хан турасынан қазақ арасында бар сөз» дейтін ел аңызында («Дала уәлаятының газеті», 1897, № 13-14, 18) мынадай ой-пікірлер бар: «Қазақ халқы да Алаша хан­ды өзі ер, әділ, ақылды болған соң жақсы кө­ріпті». Немесе: «…Қазақ халқы өзіне ұна­ған соң, Алаша хан мұнда қалған. Қазақ сол уақытта көшпелі екен. Ер, өзі ше­шен, зейінді адамды өздеріне бастық қы­­лып қойып, қазақтар соның айтқанына ұйиды екен. Біраздан кейін Алаша хан ер­лігін де, шешендігін де, зейіні барлығын да көр­сетті. Өзінің қолымен Алаша хан жау­ды әрқашан жеңе берген. Әрі-беріден соң өзін қазақтар хан қойған». Аңыз түбі – ақи­­­қат. Халық арасындағы бұл сөздерде шын­­­дық­­тың дәйегі барына сенбеске болмайды.

Сайып келгенде, Алаша хан – қазақ бала­сының тарихи жадының өлшемі, бет түзейтін құбыласы. Елдің айнасы, ерлік­тің айғағы осынау күмбезде тұр. Бағзы баба­лардың ешқашан қайталанбайтын сау­­­­сағының ізі, қолының табы оның бір кір­­пі­шінде генеологиялық ақпараты­мыз яки мұқым ұлтымыздың мұрағаты жатыр.

 

Жошы хан: ұлылық ұлағаты

ва

Жошы хан кесенесі

Сонымен, Алаша хан басынан қайтып Қара­­кеңгір өзенін өрлей солтүстікке бет қо­йып келе жатқанымызда сары сағым ара­­сында қарая көрінген белгіге көз тоқ­тат­­­тық. Бұл түркі дүниесін бір тудың ас­ты­­на біріктіріп, жарты жаһанды дәрге­йі­не­ кел­­тір­­ген Жошы ханның көк күмбезі еді.

«Бісміллә» деп хан кесенесіне еңкейе кірдік. Кесененің ішінде екі адамның бейіті жатыр. Бірі Жошы хандікі болса, екіншісі ханның бәйбішесі, Керей хандығының билеушісі Тоғырылдың інісінің қызы Бектумыс қатынға тиесілі болуы мүмкін дейді тарихшылар.

Әрі қарай кесененің құрылымдық ерекшелігіне экскурсия жетекшісі Қабдол Әуезов тоқталды. «Жошы хан мазары пор­талды-күмбезді күрделі құрылыстар қата­рына кіреді. Кескіні тік бұрышты, күй­ді­ріл­ген қызыл кірпіш, ғаныш, әк сияқ­ты ма­те­риалдар пайдаланылған. Аумағы 9,55 м х 7,25 м. Портал жақтаулары өр­нек­ті кірпішпен безендірілген, киіз үй­дің басқұрына ұксайды. Әшекейлі кір­піш­тердің ауданы 45 см х 45 см. Бұл кір­­­піштерде өрнек, ою да, жазу да бол­ған», деді ол. Кейбір дерек бойынша, 1911 жылы Атбасар оязын басқарған бір ұлық өрнекті кірпіштерді сыпырып алып, мұра­­жайға жіберген көрінеді. Бірақ мұн­дай кі­р­­піш­тердің кейбір сынықтары аман қалған екен.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жошы ұлысының 800 жылдығын мемлекеттік деңгейде мерекелеп, оның ұлт тұтас­тығына өлшеусіз әсер ететінін айтып жатыр. Иә, Алтын орданың негізгі мұрагері ретінде мемлекеттік тарихымызды қазақ хандығынан да әрі Жошы хан заманынан тарқату – халықтың отаншылдық рухын көтеретін игілікті жоба.

Болашаққа деген осындай көңілмен бабамыздың әруағына бет сипап, Домба­уыл ескерткішіне бет түзедік...

 

Домбауыл: ескі жұрт елесі

пр

Домбауыл ескерткіші

Ортағасырлық сәулет өнерінің ерекше түрі – Домбауыл ескерткіші. Жез­қазған қаласынан 54 шақырымдай жерде, Жошыхан мазарынан дауыс жетер жер­де­гі қыр үстіне оғыз-кыпшақ зама­нын­да салынған айрықша құрылыс. Кесе­­не­нің сыртқы пошымы киіз үйге өте ұқсас. Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесе­не­сін көрген жандар болса, Домбауыл ескерткішімен ұқсастығын анық аңғарады.

Домбауылдың тарихи тұлғалығы төңі­­­ре­­гінде ел ішінде аңыз көп. Ұлытау ақса­қалдарынан өзім естіген бір әңгіме мынау. Домбауыл – Шыңғыс хан билігі тұсында жас Жошының аталығы болған көрінеді. Оның аман-саулығына кепіл боламын деп, қаған алдында ант беріп, қасам ішіпті. Күндердің күні болғанда хан баласы құлан қуып жүріп, қапияда қаза болғанын білген Домбауыл шәкіртінен көз жазып қалғанына өле-өлгенше өзін кінәлап өтіпті дейді.

Кесененің ерешелігі – мұнда кісінің сүйегі табылмаған. Алайда ғалымдар бұл мәселені әлі де терең зерттеу керек­ті­гін алға тартады. Бейіттің белгісі бол­ма­ға­ны­мен, халық кесенені қасиет тұтып, ішінде ғұрып­тық рәсімдер жасағанын айтады.

«Бірде ұлықтап өзіңді, бірде азалап,

Күңіренем келмес деп кімге ажал ат.

Күн қажалап іргеңді, құм мазалап

Жасырасың нендей сырды, мазарат?..»

Домбауыл ескерткішінен қайтарда кеу­де­мізде осы бір өлең өрнегі өріле берді...

 

Қаныш үйі: ғизаттық ғимараты

па

Қаныш жәдігері

«Менің өмірімнің ең жарқын жыл­дары Ұлытау – Жезқазған өңірімен тығыз байланысты. Осы өлкеде жүргізген зерт­­­­теулерім, мені, қатардағы инженер-геологті академик қылып шығарды». Бұл – Қаныш Сәтбаевтың қазыналы Қарсақбай туралы айтқан жүрекжарды пікірі. Ғалымды ғалам­шарлық деңгейге көтерген осы қасиетті мекенге біздің де табанымыз тиді. Қаныштың өзі тұрған, геологтермен бірге жұмыс атқар­ған үй-мұражайын көзбен көрдік.

1969 жылы сәуірде Қаныш Сәтбаевтың туғанына 70 жыл толуына орай ұлы ғалым 15 жыл тұрған үй мен бұрынғы кеңсесі­нің қабырғасы қосылып, мемориалдық мұражай болып ашылған екен. Осы­лай­ша, бүкіл қарсақбайлықтар үлкен шаңырақ санайтын киелі орын мәдениет ошағына айналған. Мұражай экспозиция­сын құруға ғалымның қыздары Ханиса, Шәмшиябану, Мейіз көп еңбек сіңірген.

Сонымен, үйдің ішінде Сәтбаевтың өмірі мен қызметін жан-жақты көрсететін, өлкенің өндірістік тарихын сипаттайтын деректер, қолжазба құжаттар, минералдар үлгілері, ғалымның еңбектері, ол жайлы жазылған әдебиеттер мен әр жылдардағы баспа мате­риалдары жинақ­­талған. Академиктің тұр­мыстық зат­­тарынан бастап, жұмы­сын­­да қолда­на­тын құралдарына дейін асқан реттілік, ұқыптылықпен көрушілер наза­­рына ұсынылған. Ұлы ғалымның киім-кешегі, күнделікті қолданған, тұ­тын­ған заттарына дейін қаз-қалпында сақтал­ған.

Жәдігерлерді қарап, Қаныш асып-тас­пай қарапайым ғана тұрмыс кешкенін байқадық. Экскурсия жетекшісі Зейпін Қазанбаева бізге мынадай қызықты дерек келтірді. Ғалымның зайыбы Таисия Алексеевна (Кошкина) Сәтбаева қысыл­ған сәтте тақтай ретінде геологтің сызба үстеліне қамыр жаятынын айтып, көңі­лімізге жылы шуақ сыйлады.

Ғалымның қолының табы қалған, көзінің нұры тамған әрбір затты көзі­мізбен көріп, кейбірін қолымызбен ұстап көргенімізге өте қатты қуанышты болдық. Кім білер, Қаныштың қасиеті бізге де жұғысты болып қалар.

Осындай жып-жылы естеліктермен көңілімізді толтырып, Ұлытау сапарын қорытындыладық.