27 Қаңтар, 2015

От жағамын деп… от басты

285 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Облыстық Тәртіптік кеңес­тің жаңа жылдағы алғаш­қы отырысында сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес заң­намасын аяққа басқан мекеме басшылары аяусыз сын сада­ғы­на ілініп, оның ақыры қатаң жазалауларға ұласты. Есіл ауданына қарасты Жар­қайың бастауыш мек­тебінің меңгерушісі Кемел Такишев­тің тапқаны қапқаны­на аз болса керек, көп ойлан­бастан өзін өзі «жаңа қызметке» тағайындау туралы бұйрықты беріп кеп жібереді. Сөйтіп, негізгі қызметіне қоса, қазан­дықтың от жағушысы «лауазы­мын» қоса атқарып шыға ке­леді. Сірә, қолынан келтіріп қоны­шынан басқаны аздай, бюд­жеттің қаражатын төбе­ге шырт түкіріп, қалтаға баса бе­ретін майшелпекке бала­са керек. Қазандықтың оты­мен кіріп, күлімен шығып жүр­ген қаранардай қара күш иелеріне анда-санда төбе көр­сеткені болмаса, жары­тып жұмыс істе­меген. Ал, еңбек­ақы алуға кел­генде есесін жібер­меген. Бірақ, оның оңай олжаға кенелуді арман етіп, арандай ашылған арам пиғылын прокуратура өкілдері әшкерелеп, соңғы нүк­тені Тәртіптік кеңес қойды. Ол кінәсін мойындап, қан­ша ақталса да, қызметінен босату туралы ұсыныс бірауыз­дан қабылданды. От жағамын деп жүріп от басқан оның әділ­діктен тайған әрекеті өзгелерге сабақ болса, кәнеки! Бақыт РАМАЗАН, журналист. Солтүстік Қазақстан облысы.