Қоғам • 19 Қыркүйек, 2024

Бастаманың маңызын түсіндірді

436 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атом электр стансасының қандай артық­шылығы бар? Елдегі ауыл-аймақтарды газдандыру мәселесі қалай жүріп жатыр? «Amanat» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысында осы мәселелер талқыланды.

Бастаманың маңызын түсіндірді

Сурет: ru.freepik.com

Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың жетекшілігімен АЭС салу жөніндегі Халық штабы ел аймақтарын аралап, жұртшылыққа жобаның маңызын түсіндіріп жатыр. Бұл бастама ел экономикасының энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз ету әрі энергетикалық тәуелсіздікті нығайту мақсатында қолға алынған еді.

Партияның Өңірлік даму жөніндегі республика­лық кеңесінің төрағасы Берік Бейсенғалиев атом электр стансасының Қазақстан үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, генерацияның бұл түрі біздің экономикамыздың қарқынды дамып келе жатқан қажеттіліктерін едәуір өтей алады. Қазақ­станда атом электр стансасын салу – объек­тивті қажет­тілік. Экономикамыз өсіп келеді. Жаңа өнеркәсіптік өндіріс­тер салынып, халық саны артып келеді. Бұл электр энергиясын тұтыну жылына кемінде 3%-ға өсеті­нін білдіреді. Ал жұмыс істеп тұрған жылу-электр стан­са­лары мен ГРЭС-тердің 70%-ы тозған, жаңа нысан­дар салу қажет. Бүгіннің өзінде біз электр қуатын им­порт­тауға мәжбүрміз», деді кеңес отырысында Б.Бейсенғалиев.

Статистикаға сүйенсек, былтыр елімізге Ресей­ден шамамен 2 млрд киловатт-сағат электр қуаты импортталған. Кеңес төрағасының айтуынша, болашақта сыртқы нарықтарда электр энергиясын сатып алу бұдан да қымбатқа түсуі мүмкін.

«Айталық, Шымкент жылына 1,6 млрд киловатт-сағат тұтынады. Осылайша, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі туралы мәселе туындайды»,деді ол.

Ал Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов АЭС құ­­ры­л­ысының қажеттілігін елімізде жаңа өндіріс орын­дарының көптеп ашылып жатқанымен байланыстырды.

«Экономикамыз қарқынды дамып келеді, жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр, оларды үздіксіз электр энер­гиясымен қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте біз электр қуатын алатын барлық генерация көз­дерін қарастыруымыз керек. Оның ішінде Қазақ­станның 2060 жылға дейін төмен көміртекті бей­тарап­тыққа қол жеткізу бойынша міндеттемелері де бар. Осылайша, бұл қадам Қазақстанның экологиялық ахуа­лын жақсартып, көмірқышқыл газының шыға­рын­­дыларын қысқарту арқылы климаттың өзгеруіне қарсы күресте маңызды үлес қосады», деді вице-министр.

Жиынға онлайн қатысқан жергілікті атқарушы орган­дардың өкілдері де атом электр стансасы өңірлер үшін маңызды екенін айтты. Бүгінде аймақ­тардағы өнеркәсіп орындарының электр қуатына деген сұранысы жыл сайын артып келеді. Осы ретте жаңа генерация көзі оларды тұрақты әрі сенімді электр қуатымен қамтамасыз етудің кепілі болмақ.

Сонымен қатар отырыста аймақтарды көгілдір отынмен жабдықтау желілерінің құрылысы сөз болды. Кеңес төрағасы Б.Бейсенғалиев газ құбырларының өткізу қабілетінің тапшылығын жою үшін жаңа жобаларды сапалы жоспарлау қажеттігін айтты.

«Қазіргі уақытта газ беріліп жатқан кейбір өңірлерде ірі кәсіпорындардың көбі газға қосылуға сұраныс білдіріп жатыр. Ал газ құбырлары жетіспей, тапшылыққа тап болып отырмыз. Мұндай жағдай Теміртау қаласы мен Қарағанды облысында айқын байқалады. Сондықтан жаңа компрессорлық стансалар салу мәселесін қарастыру керек», деді ол.

Энергетика вице-министрі Ә.Жамауовтың мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстан халқының 60 пайызы газға қол жеткізіп отыр, бұл шамамен 12 миллион адамды құрайды.

Астананы газбен қамту жұмыстары да кезең-кезеңі­мен іске асырылып жатыр. Қазір қаладағы газбен жаб­дықтау желілерінің жалпы ұзындығы 750 ша­қы­рымды құрайды, 12,5 мың абонент газға қосылған.

Жиын соңында Б.Бейсенғалиев елді газбен қамтамасыз етуде әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдау да маңызды екенін айтты. Жергілікті атқарушы органдарға халықты газбен жабдықтау желілеріне қосу шығындарын субсидиялау шараларын қайта қарау тапсырылды.