Туризм • 20 Қыркүйек, 2024

Туристер ағыны

57 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қыркүйек айында өткен іс-шараның нәти­жесінде, елімізге 1-13 қыркүйек аралы­ғында келген шетелдік туристер саны 597 мыңға жетті. Туризм және спорт министр­лігінің мәліметінше, оның 68 мыңы елімізге Астана және Алматы халықаралық әуежай­лары арқылы, қалғандары авто және теміржол көлігімен келген.

Туристер ағыны

Шетелдік туристер санының көбеюіне ықпал еткен негізгі факторлар – Дүниежүзілік көшпелілер ойынының өтуі мен танымал әнші Димаш Құдайбергеннің концерті. Аталған іс-шараларға 89 мемлекеттің азаматтары қатысты.

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев: «Шетелдік қонақтар негізінен Қытай, Ресей, Үндістан, Германия сынды мемлекеттерден келді. Мысалы, Қытайдан 8 мыңнан астам, Үндістаннан 6 мыңнан астам, Германиядан 4 мыңнан астам турист тіркелген. Әлбетте, бұл дерек елімізге туристік бағыт ретінде қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді», деп атап өтті.

Вице-министрдің айтуынша, туристердің едәуір бөлігі Германия, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, АҚШ және Оңтүстік Кореядан келген.

EQonaq жүйесі Астанада 12,4 мыңға жуық шетелдік турист тіркеді. Олардың тұруға, көлікке, тамақтануға және ойын-сауыққа жұмсаған жалпы шығындары 15,5 млн АҚШ долларын немесе 7,5 млрд теңгені құраған. Алыс шетелден келген туристердің орташа шығыны 1 500 доллар шамасында. Демек, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына келушілер ел экономикасына қосымша 625 мың АҚШ доллар қосқан.

Айта кету керек, елорданың танымал туристік нысандарына да 7-13 қыркүйек аралығында келушілер саны артқан. Ұлттық музей 14 мыңнан астам адамды қабылдап, «Астана-Бәйтерек» монументіне 15 мыңға жуық турист көтеріліп, «Нұр-Әлем» павильонын 10 мыңға жуық адам тамашалаған.

Халықаралық деңгейдегі мәдени-спорттық іс-шара болып табылатын Дүниежүзілік көшпелілер ойындары еліміздің туристік имиджін нығайту үшін елеулі үлес қосты. Көшпелілер ойынын ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, этноауыл мен ойындардың өзін көруге 250 мыңнан астам адам келген.