Өндіріс • 20 Қыркүйек, 2024

Өңірді өркендеткен «QazTehna»

127 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Саран индустриялық аймағында орналасқан «QazTehna» ЖШС – автобус құрастырумен аты шыққан компания. Төрт жылдың ішінде Қарағанды автопаркін ғана жаңартқан жоқ, Астана, Шымкент, Алматы және басқа да қалаларға автобус құрастырып беріп отыр. Күніне төрт-бес автобус жолға шығады. Мұндағы 700-ден асатын жұмысшылардың 70 пайызы – Саран қаласының тұрғындары. Мемлекет басшысы Жолдауда Саранда өндіріс орындарының іске қосылып, соның арқасында елді мекеннің моноқалалар санатынан шығарылғанына тоқталып, осы тәжірибені қолдану қажеттігін үлгі еткен еді. Бұған «QazTehna» ЖШС-нің қосып отырған үлесі қомақты.

Өңірді өркендеткен «QazTehna»

Автобус құрастыру зауытының бір бөлігін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржыландырды. Құны 11,9 млрд теңге болатын жобаға қор 6,2 млрд теңге құйған. 5 пайызбен берілген несие 10 жыл ішінде қайтуға тиіс. 5,7 млрд теңге – инвестордың үлесі. Серіктесі – әлемдегі ең ірі автобус өндіретін «Yutong» компаниясы.

Бастапқыда қала іші, қалааралық маршруттар және балалар автобусын шығаратын зауыт қазір туристерге арналған автобусты, кез келген жүк көлігін құрастырады. Тұтынушы тапсырыс берсе болды, қалағанындай әзірлеп беретін өндірістік қауқар бар. «ҚазАвтоЖол» қыста қар тазалайтын, құм төсейтін жүк көліктерін де дайындап жатыр. Өрт сөндіру көліктері де осында құрастырылады.Зауыт 2021 жылы – 165 автобус, 2022 жылы – 568 техника, былтыр 1 579 техника құрастырса, биыл бұл межені 1 648-ге жеткізбек.

па

Тапсырыстың артуы – жұмыс орны­ның көбеюіне себеп. Келер жылы мың адамға жұмыс беру көзделіп отыр. Сол кезде жылына 1 200 автобус пен 500 арнайы техника шығарады.

Кәсіпорын Оқу және ағарту министр­лігімен шартқа отырып, соның шең­бе­рін­де балаларды тасымалдауға арналған автобустарды жолға салып келеді. Өндіріс іске қосылғалы зауыттан 428 балалар автобусы шыққан.

Мұнда алдымен автобустың қаңқасы дәнекерленеді. Осындай 18 бекет бар.

– Дәнекерлеу барысында металды қыздырып отырамыз. Қызған металдың бекітпесі сапалы шығады. Әйтпесе, біраздан кейін сынып кетуі мүмкін. Біздің цехтан шыққан қорап тексеріліп, бояу цехына жөнелтіледі, – дейді дәнекерлеу цехының шебері Евгений Терий.

пр

Бояу цехында құрғату, бояу және тегістеп жылтырату камералары бар. Осы бір цехтан боянып, сырланып әдемі кейіпке енген қорап құрастыру цехына барады. Қозғалтқыш бөліктері мен барлық бөлшегі осында орнатылады. Рулі, орындығы, жалпы айтқанда, ішкі интерьері де жабдықталады.

– Толық құрастырылған автобус бір­неше тексеріс түрінен өтеді. Бұл үшін арнайы жабдықталған ғимарат қарас­тырылған. Тежегіші, жарық шамдары, білікке түсетін қысым, ауаға шығаратын газ мөлшері жіті сыналады. Желдің, судың ішке өтпеуін тексереді. Еденнен су өтпеуін тексеретін арнайы хауыз қазылған. Ішіне 40 см
деңгейінде су құйылған. Автобус осы сумен саға­тына 25 шақырым жылдамдықпен жүріп өтеді. Арғы жағаға шыққанда зертханашылар автобустың іші-сыртын түгел қарайды. Жаңбырға төзімділігі тек­серіледі. Қос қапталынан, жоғарыдан су шашатын гаражға кіргізіледі. Әбден тек­серіліп, оң баға алған көлік қана тұтыну­шы­ға жол тартады, – дейді «QazTehna» ЖШС директоры Арғұлан Майқонов.

сми

Зауытқа дәнекерлеуші, автослесарь мамандығы бойынша жұмысшылар қажет. Мұнда маман даярлауға айрықша көңіл бөлінеді. Облыс бойынша бірнеше кол­леджбен дуальды білім беру жөнінде келісім жасаған. Студенттер зауытқа келіп, теориядағы білімін тәжірибемен ұштастырады. Өндірістік тәжірибеде өзін үздік көрсеткен студенттер жұмысқа алынады. Мұнымен қоса, кәсіпорынның корпоративтік университетінде қыз­мет­кер­лердің санатын көтереді. Өндіріс басшыларын оқытады, өндірістік бағыттар бойынша кадрлар даярлайды.

– Мен зауытқа қатардағы слесарь ретінде қабылдандым. Өндіріспен қатар өсіп, өркендеп келемін. Ұтымды тәжірибе жинадым. Зауытта жаңадан келушілерге корпоратив университеті жұмыс іс­тейді. Онда біліміңді толықтырып қана қоймай, өнеркәсіптің сан қырлы құ­пия­сын үйреніп, білуге болады. Өзімді жетілдірудің арқасында жарты жыл бойы электр машинасын жүргізуді қо­сымша үйреніп алдым, – дейді жас маман, «QazTehna» ЖШС құрастыру цехының шебері Нияз Тұрсынов.

Президент Жолдауда: «Автокөлік құрастыру ісінде оң нәтижелер бар. Осы қарқынды сақтап, жергілікті өндіріс көлемін ұдайы арттыру керек. Мемлекеттің автокөлік өнеркәсібіне көрсетіп жатқан жан-жақты қолдауы түптің түбінде толыққанды автокөлік құрастыру кластері ретінде елдің игілігіне айналуы қажет», деді. Зауыттың да мақсаты сол – отандық автопаркті толық жаңартып болған соң, экспортқа шығу.

 

Қарағанды облысы