Үкімет • 20 Қыркүйек, 2024

Жаңашылдық жол апатынан сақтандырады

184 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтіп, сенаторлар көлік қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.

Жаңашылдық жол апатынан сақтандырады

Депутаттар бастамашы болды

Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасы­ның кейбір заңнамалық актілері­не жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифр­ландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімші­лік құқық бұзушылық туралы кодексіне жекелеген көлік құрал­дары түрлерінің жүруін ұйым­дастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды екі оқы­лымда қарады.

Заңдағы жаңа нормаларға депутаттар бастамашы болды. Олар көлік құралдарының жекелеген түрлерінің қозғалысы кезінде туындайтын мәселелерді құқықтық реттеудің тиімділігін арт­тыру­ға, жол апаттарын азайтуға арналған. Мәселен, құжаттарда көрсетілген нормаларға сәйкес мопедтер механикалық көлік құралдарының тізбесіне енгізі­ліп, олар үшін міндетті мемлекет­тік тіркеуді белгілеу көзделген. Сондай-ақ көлік жүргізушілерін оқытумен қатар жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін күшейтуге арналған бірқатар қосымша талап енгізіліп отыр.

Сенат төрағасы заңдарға қатыс­ты пікір білдіріп, еліміздің әр өңірінде тіркелетін жол апаттары қоғамды қатты алаңдатып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы бұл мәсе­леге бірнеше рет назар аударғанын айтты.

«Президентіміз Жолдауда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталды. Бүгін қаралған заңдар жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді. Жол қауіпсіздігін одан әрі цифрландыру ісі де назардан тыс қалған жоқ. Мақұлданған заңдар жолдағы қауіпсіздікті арттыруға өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Әкімші­лік құқық бұзушылық туралы кодексіне жекелеген көлік құрал­дары түрлерінің жүруін ұйым­дастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы ӘҚБтК-нің 15-бабына түзетулер енгізу қарастырылған. Оның ішінде көлік құралының белгіленген қозғалыс жылдамдығынан рұқсат етілген мөлшерден сағатына 60 және одан да көп километрге асқан жүргізушілер үшін неғұрлым қатаң әкімшілік жауапкершілік көзделген. Сондай-ақ қайталама құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктің қосымша шаралары және басқа да тетіктер қолға алынады.

 

Сапасыз жол туризмнің дамуына кедергі

Палата отырысында сенатор­лар депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, депутат Жан­болат Жөргенбаев Алматы облы­сының Кеген ауданындағы авто­­­мобиль жолдары мен әлеу­ме­т­тік нысандардың жай-күйін сынға алды. Сапасыз жол Қайың­ды, Көл­сай көлдері және Шарын шатқалы сияқты туристік орындарға жетуге үлкен кедергі келтіріп отыр.

Сенатордың мәліметінше, жүр­гізілген мемлекеттік сатып алуды талдау барысында кейбір ком­паниялардың қолданыстағы заңнаманың жетілмегенін пайдалана отырып, автомобиль жол­­дары мен әлеуметтік объекті­лерді салу немесе күрделі жөндеу жөніндегі жұмыстарды мемле­кеттік сатып алу конкурстарын негізсіз ұтып алатынын көрсетеді.

«Қаржы министрлігіне элек­т­­рондық депозитарийді дұрыс жүргізу бойынша бақы­лауды күшейтуді тапсыруыңызды сұраймыз. Өйткені көптеген компанияның расталған жұмыс тәжірибесі сатып алу нысанасына сәйкес келмейді. Осылайша, нысандарды салу мерзімдері үзіліп, бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалып жатыр», деді депутат.

Сондай-ақ Алматы облы­сы­ның туристік нысандарына апаратын автомобиль жол­дарының жай-күйі де өзек­ті. Депу­таттың айтуынша, «Көлсай көлдері», «Шарын», «Іле-Алатау» ұлттық парктері сияқты көрнекті нысандарға баратын көптеген турист автомобиль жолымен жүрген кезінде елеулі проблемаларға тап болады. Олардың қатарында жол жамылғысының сапасызды­ғы, жол инфрақұрылымының жетіспеушілігі, қыс мезгілінде жүру мүмкіндігінің нашарлығы және басқа да мәселелер бар.

«Аймақтың көлік инфрақұры­лымын жақсарту үшін Кеген ауда­нындағы Қайыңды көліне апара­тын жолды, Мыңжылқы-Шар­құдық жолы мен Ұйғыр ауданын­дағы Шарын шатқалына апаратын жолдарды күрделі жөндеу керек. Осы мәселелерді шешу аймақтың әлеуетін нығайтуға және туристік ағынның артуы есебінен облыс экономикасының дамуына ықпал етеді», деді сенатор Ж.Жөргенбаев.

 

Ауылда жұмыс орны тапшы

Сенатор Серік Шайдаров ауылдық жерде өмір сүру сапасы­ның төмендегеніне, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына түзету­лер енгізу қажет екеніне назар аударды. Ол аталған бағдарлама бойынша әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы ауыл тұрғындарына несие беруді ұсынды. Бұл ретте «Ауыл аманаты» бағдарламасын негізге алған абзал екенін айтты.

2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауылдық жерде өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді. 2014-2023 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 524 млрд теңге бөлініп, 1 800 ауылда 5 мыңнан аса жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Дегенмен сенатордың айтуын­ша, бағдарламада тұрақты жұ­мыс орындарын ашу көрсет­кіші жоқ, бұл ауылды дамыту­дың әлемдік тәжірибесіне қайшы келеді. Мұнда табыс деңгейі мен жұмыссыздық сияқты экономикалық көрсеткіштер басты рөл атқарады. Сондай-ақ ол елімізде кейінгі 20 жылда 1 404 ауылдың жойылып кеткенін, бұл ауылдық аймақтарға қатысты мемлекеттік саясатты қайта қарау қажеттігін алға тартты.

«Мемлекеттік қолдаудың қатысуымен бөлінетін барлық несиені «Ауыл – ел бесігі» бо­йынша ауылдық елді мекендерді қаржыландырумен байланыстыру және негізгі индикаторды осы ауылдық елді мекендердегі салалар бойынша жалпы қосылған құнның жыл сайынғы өсуіне мониторинг жүргізе отырып, жаңа тұрақты жұмыс орындарының ашуды айқындау ұсынылды. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, неге инфрақұрылымға миллиардтаған сома құйылатын ауылдық елді мекендерде бөлін­ген несиелер мен бизнес ашу бойынша талдау жоқ деген сұрақ туындайды. «Ауыл – ел бесігі» жобасының мақсаты – осы ауылдардағы экономикалық өсу өлшемі арқылы ауыл тұрғын­дары­ның өмір сүру сапасын жақ­сарту. Іс жүзінде бюджет қаржысын әдеттегідей игеру жүріп жатыр, ал тұрақты жұмыс орындары ашылмаса, мемлекет салынған қаржыдан тиісті нәтиже ала алмайды», деді Серік Шайдаров.

Сенатордың ұсынысы ауыл­дық өңірде экономикалық дамуға және жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға баса назар аудара отырып, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына кешенді талдау жүргізу қажеттігіне негіз­деледі. Депутат «Ауыл аманаты» бағдарламасын үлгі ете оты­рып, ауыл тұрғындарына ӘКК арқылы несие беруді де ұсынды. Себебі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жоба­ларды жергілікті атқарушы органдар қалыптастырып, ауылдарда жұмыс орындарын ашуды және инфрақұрылымды дамытуды үйлестіруді ұсынып отыр.

 

Импортқа тәуелділіктен қашан арыламыз?

Сәкен Арубаев қант импортына тәуелділік мәселесін шешуді көздейтін басымдықтар­ға тоқталды. Олардың қатарын­да инвестиция тарту, қант қызыл­шасын өңдеуге арналған инфрақұрылымды жақсарту сияқты нақты істер бар.

Депутаттың айтуынша, им­портқа тәуелділікті азайту, стра­тегиялық ауыл шаруашылығы саласы ретінде қант қызылшасы саласын қолдау – ендігі басты міндет. Дегенмен қант өндіру секторында ескірген технология, климаттың өзгеруі және импорт­қа тәуелділік сияқты проблемалар сақталып тұр. Мемлекет­тің қолдауы, оның ішінде қант қызылшасын субсидиялауды ұлғайту егіс алқаптарының 13,4 мың гектардан 25,2 мың гектарға дейін өсуіне ықпал етті. Бұл жалпы өнім көлемін 1,2 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Дегенмен қантты өңдеу проб­лемасы өзекті, өйткені жұмыс істеп тұрған зауыттар фермерлер өндіретін барлық қызылша көлемін өңдей алмайды.

Депутат барлық өсірілген қант қызылшасы толық өңделсе де, бар болғаны 120 мың тонна қант алынатынын, ал еліміздің жылдық қажеттілігі 550 мың тоннаны құрайтынын, бұл бізді импорттық қантқа тәуелді ететінін баса айтты. Сенатор Үкіметке өңдеуші зауыттардың қуатын ұлғайту үшін инвестиция тарту, негізгі өңірлерде жаңа кәсіпорындар салу, қант қызылшасын қайта өңдеу инфрақұрылымын жақсарту, тасымал шығындарын азайту, қант қызылшасын сақтайтын қоймалар салу, егін шығынын азайту, өңдеу көлемін ұлғайту бойынша шаралар қабылдауды сұрады.

Сонымен қатар отырыс барысында сенатор Евгений Больгерт елдегі кәсіптік-техникалық білім беру сапасы және маман даярлау ісі еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмейтінін айтты. Сенатор тиісті министрліктерге мәселені шешуге арналған бірқатар ұсыныс жолдады. Оның ішінде жаңа жобаларды және нормативтік-құқықтық актілер мен оқу бағдарламаларын жетілдіру мәселелері де бар.

Амангелді Нұғманов агроөнер­кәсіптік кешенге несие беру мәсе­лесін көтеріп, тиісті ереже­лерді қайта қарауды, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдар айқындайтын басым жобаларды несиелеуді енгізуді ұсынды.

Сенатор Сұлтан Дүйсембинов агроөнеркәсіптік саланы одан әрі дамыту жөніндегі шараларға тоқ­талды. Депутаттың айтуынша, теміржол инфрақұрылымының тозуы, маневрлік локомотив­­тер­дің жетіспеушілігі және ше­кара­лық өткелдердегі кепте­ліс­­тер логистикаға қатысты мәселелерді шешуде қиындық туғызып келеді.

Ал Жанна Асанова квази­мем­лекеттік сектордағы комплаенс-қыз­меттер жұмысының тиім­сіз­дігіне назар аударды. Ұсы­ныл­ған нақты шаралардың бірі –бұрынғы мемлекеттік және саяси қызметшілерді сол салаға немесе нақты ведомстволық бағынысты құры­лымға жетекшілік еткен коммерциялық және квазимем­лекеттік құрылымдарға жұмыс­қа орналастыруға тыйым салу мерзімін ұлғайту.

Сенатор Бекболат Орынбеков қатты тұрмыстық қалдықтар мен стихиялық полигондар мәселесін шешу үшін аталған қалдықтарды қайта өңдеушілерге мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету керектігін айтса, Айнұр Арғынбекова отандық фармацевтикалық өндірісті қорғау үшін ұлттық тіркеу нормаларын сақтау маңызды деп есептейді. Сенатор ЕАЭО-ның ақпараттық жүйесіндегі кемшіліктерге байланысты туындап отырған қиындықтарға да тоқталып өтті.

Талғат Жүнісов Үкіметтің назарын бұқаралық спортты дамыту үшін денешынықтыруды ілгерілетудің маңызына аударды. Депутат мектептерде бұл бағытта сабақтан тыс жұмысты арттыруды, қосымша білім беру педагогтерін жұмылдырып, мектептің спорттық күнтізбесін қалыптастырып, спорт клубтары мен мамандандырылған сыныптар құруды ұсынды.