Маман • 19 Қыркүйек, 2024

Үздік педагогтер сұранысқа ие

36 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кадр тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тартудың арнайы бағдар­ла­ма­сына қатысуға құжат қабылдаудың бірінші кезеңі аяқталды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті мәлімдеді.

Үздік педагогтер сұранысқа ие

Сурет: ru.freepik.com

Бағдарлама Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстарында жүзеге асырылып жатыр. Аталған өңірлерге математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдері көбірек қажет. Онда педагогтерді қолдаудың бірқатар шарасы қарастырылған. Атап айтсақ, 150 пайызға дейінгі мөлшерде ынталандыру мақсатында қосымша ақы төлеу, сондай-ақ арнайы бағдарламаға қатысушы жоғары оқу орнының түлектеріне «педагог-модератор», ал «педагог-сарапшы» мен «педагог-зерттеушіге» бір саты жоғары біліктілік санатын беру сынды шабыттандыру шаралары бар.

«Конкурсқа жоғары педагогикалық, жоғары кәсіптік білімі бар педагогтер, білік­тілік санаттары бар педагогтер, сондай-ақ оқу үлге­рiмi жақсы жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарының түлектерi тұрғылықты жеріне қарамастан қатыса алады. Байқаудан іріктеліп, төрт облыстың біріне қоныс аударған мұғалімдердің балалары балабақшада, орта мектепте орынмен қамтылады және олармен еңбек шарты 5 жылға жасалады», дейді Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.

Байқау екі кезеңнен тұрады. Алғашқы сынақ – компьютерлік тестілеу мен эссе жазу форматында болады. Екінші кезеңге өткендер жүзбе-жүз әңгімелесу мүмкіндігіне ие болады. Тестілеу мен эссе жазу онлайн форматта еліміздің 17 өңірінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің базасында қатысушының таңдауы бойынша қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде өтеді. Мұғалімдерді бос лауазымдарға тарту үшін тиісті өңірлердің облыстық білім басқармалары жанынан үйлестіру кеңестері, сондай-ақ министрлік жанынан конкурстық комиссия құрылады. Айта кетейік, бірінші кезеңнің нәтижесі бойын­ша 45 адам құжат тапсырған.