27 Қаңтар, 2015

Атыраудағы Назарбаев мектебінде Фариза сыныбы ашылды

303 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Фариза сыныбыАТЫРАУ. 27 қаңтар. Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде қазақтың аяулы ақын қызы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова атындағы арнаулы сынып ашылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Аталған білім ордасы химия және биология бағытында шәкірт тәрбиелеуге машықтанғанмен, мұнда жас буынның білімді, білікті болуымен бірге, елдің тарихы мен мәдениетін, әдебиетін мен өнерін терең меңгеруіне басымдық беріледі. Мектеп директоры Айдарбек Айтбукешовтің айтуынша, әсіресе, әдебиетке жаны құмар оқушылардың талабына кең қолдау жасалып отыр. Тіпті, мектеп оқушыларының Фариза ақынға арнаған шығармаларының жинағы шығарылып, ақын мұрасын кеңінен насихаттауға қолға алыныпты. Сол себептен, білім ордасында қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова атындағы арнаулы сынып ашу ұйғарылыпты. Фариза Оңғарсынова атындағы сыныптың ашылуында ақынның курстасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп студенттік күндер естелігімен бөлісті. Ал педагогика ғылымдарының кандидаты Бибігүл Қайыржанқызы ақын поэзиясының терең сырлары туралы әңгімеледі. Фариза ақын шығармашылығын зерттеуге талпыныс білдірген мектеп оқушылары өз өлеңдерін оқыды. Арнаулы сыныптың ашылуына ақынның сіңлісі Арита Асқарқызы да қатысты. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек, сурет: egemen.kz.