Поэзия • 21 Қыркүйек, 2024

Мұхтар Шаханов: Жароков көшесіндегі кездесу

629 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мұхтар Шахановтан күз, қыс, көктем, жаз туралы өлең таба қою қиын. Тапсаңыз да «Танакөз» поэмасында бір-екі жол, тағы бір өлеңінде бір-екі тармақ кездесуі мүмкін. Бірақ қыс туралы жазбаса да, желтоқсан айын айналып өтпейді.

Мұхтар Шаханов: Жароков көшесіндегі кездесу

Көк­тем туралы жазбағанымен, өзінің сүйікті айы наурызды да естен шығармайды. Осы аталған айларға қатысты жазған өлең­дері мен ән мәтіндері көпшілікке жақсы та­ныс. Ал жаз айлары тыныш өтеді, сондық­тан аса тебірентпейтін тәрізді. Яғни, біз білетін ақындық темпераментіне сай емес. Ақынның таңдаулы жырлары­ның қатарында күз туралы да өлең жоққа тән. «Жароков көшесіндегі кездесу» де­ген өлеңінде күз туралы жолдар барын еске түсіріп, қарап көрдік.

«Кез болатын кең жайған күз қанатын,

Аспан жиі бозарып сызданатын»;

«Бұл қырсықтан құтылу күш-ау бізге,

Салу қиын, әрине, тұсау күзге»;

«Биік ұстап үйренген асқақ атын,

Асқақ еді ол. Жаны да жас болатын.

Суық өтіп кетті ме, сәлден кейін

Боп-бозданып жөтеле бастады ақын».

Мұндай жолдар сирек те болса әр-әр өлеңінде кездесіп қалады. Бұл жолдардар мен шумақтардан басқалардай күзге емешегі езіліп тұрған ақынды көрмейсіз. Жапырақтарға жаны аши қалу, суық тамшыларға алақанын тосу, лирикалық күйректікке салыну деген сияқты көлгірсіген сезімдерге мүлдем орын жоқ. Суық түсті, аяулы ақын тоңды, аяғында жөтеліп ауруына себепші болдық. Өмірдің қарапайым шындығы осы. Күз арқылы Тайыр ақынға қол созбаған бәзбіреудің қатыгездігін де көрсетіп тұр. Есіңізде ме:

«Күні өткенмен күштіге табан тіреп,

Шіркін мансап болмапты-ау оған тірек.

Сөз қозғады жаныма жақын келіп,

Кінәлады ұмыттың ағаңды деп.

 

– Ала жіпті, немене, кесесің бе,

Өкпе қалсын өткеннің есесінде.

Кәне, қалқам, үйге жүр,қонағым бол,

Үйім мынау Жароков көшесінде.

 

Жібермей-ақ жылдардың тереңіне ой,

Оның үнсіз кеткені жөн еді ғой.

– Есіңізде бар шығар баяғы ақын, –

Дедім күліп, – Жароков сол еді ғой.

 

Көкірегін ақынның мысы басып,

Мысы басып, тәкаппар сұсы басып:

– Мүмкін емес, – деді ол дір-дір етіп,

Мүмкін емес, – деді ол түсі қашып».

Шынымен де онда өтірік көлгірсу, жарамсақтық таныту, көңілге қарау деген атымен жоқ. Бұдан ақынның нені жазса да барынша шынайы болуды қалайтынын байқау қиын емес. Барды бар, жоқты жоқ деп айту сүйекке біткен. Ақынның табиғатының өзі сондай!

«Танакөз» поэмасындағы:

«Мұнан кейін хаттар қаптап кетті дейсің не түрлі, Күзді күнгі талдан ұшқан жапырақтар секілді», – деген екі жол тәп-тәуір сезімге бөлейтін тәрізді. Бірақ бұл үзін­діден де ақынның күзді образды түрде қалай қабылдайтынын аңдағандай бола­сыз. Талдан ұшқан жапырақтар жер-көк­ті басып барады. Желкесінде бір қа­рыс шашы бар Оралхан деген жазушы «Та­накөз» туралы очерк жазып кеткен. Соған қаптап келіп жатқан хаттар қызғаныш сезімін оятып, көңілін күпті етеді.

Қашқаны үшін қарлы қыстан, қаһар шашқан күздерден, Мүмкін, құстар әлде­қайда бақыттырақ біздерден, – деген тармақтардан да қайтқан құстың қанат­тарының сусылындай мұң еседі. Жалпы, жыл мезгілдері туралы өлең іздесеңіз, Мұхтар Шахановтың жыр жинақтарын парақтамай-ақ қойсаңыз да болады.

Мұның сыры ақынның сюжетті өлеңдерге көбірек ден қойып кетуінен де шығар, бәлкім. «Бала күнімнен оқи­ға­лы өлеңдерге қызықтым» дейді ақын­ның өзі. Ал оқиға деген жыл мезгіл­дері­нен гөрі, өмір белестеріне тән нәрсе. Мұхтар Шаханов басқалардай адамның түрлі мінезі мен көңіл күйін табиғат құбылыстарымен астастырып әуре болмайды. Оның барлық өлеңі алдамшы дүниелерге емес, адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынастарға құрыл­ған. Бұл бір жағынан үйренуге тұра­тын шығармашылық мінез деуге де келеді. Бір жазған күзді қайталап несіне жаза береміз және жыл мезгілдерін Абайдан асып кім жазған?! Міне, Мұхтар Шахановтың данышпандығы осыны жақсы білгендігінде ме деймін. Шы­ғармашылықта ешкімді қайталамай, өзіндік жол табудың ләззаты да ерекше. Осы леппен жазған:

«Күз көңілдің желігін ноқталайды.

Содан оны жұрт та көп мақтамайды…»

деген қарапайым жолдар да ақынның шындығы екенінде дау жоқ. Ақын­ның албырт кездері жайында Есенғали Раушанов: «Ұрсып ғашық болатын бұл кісі. Мысалы, «Биге неге шақырмадың?» деп ұрсады. «Ауылыңа барғанда неге қар­сы алмайсың?» дегендей бір өлеңі бар. Қалай болғанда да осы өлең жолдары­ның астарында Мұқаңның шынайы сезі­мі жатады» деген болатын. Сонымен бір­ге: «Ежелгі грек әдебиетін қарап отырса­ңыз, «оның қасиеті қарапайымдылық­та» деген сөз кездеседі. Мұқаңның ерекше­лігі де елдің бәрі созса қолы жететіндей қарапайымдылығын­да» деп еді. Ақын­ның бес жүз беттік таңда­ма­лы өлеңдер жинағынан жыл мезгіл­дері туралы жолдар мен тармақтарды теріп отырып, мен де осындай ойға берілдім. Әлі ызғары ықтыра қоймаса да, сызы қойның­нан кіріп, балақтан шығатын мына күз де Мұқаң­ның күзі сияқты елес­теп кетті.