Тұлға • 21 Қыркүйек, 2024

Дегдар

844 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Сонау есте жоқ ескі замандардан бастау алып, апайтөс алып мекеніміздің ең басты құндылығына айналған серттей ауыр сұрақ бар. Бейтаныс екі адам кезіккенде жөн білісіп, таныс болған соң, екі елдің ұланы бір-бірінен «еліңде кімің бар?» деп сұрайтын. Бұл алдымен елдің елдігін, ұлыстың бірлігін аңдатып, жұрт жақсысын қалай қадірлейтінін аңғартады. Ал сөздің түп-төркінінде халықтың сапасы, елдің айбыны туралы түсінік жатқаны түсінікті. Өйткені елдің келбетін тұлғалар қалыптастырған.

Дегдар

Сурет «Егемен Қазақстан» газетінің архивінен алынды

Арғы атамыз түріктен бергі тегіміз қазаққа дейін бұл дала тұл­пар мініп, ту ұстаған ерлерге де, түйт­кілді түйін, шешпеген дау қоймаған даналарға да кенде болған жоқ. Тәуелсіздіктің елең-алаң тұсында елдіктің көшін түзеп, жас мемлекеттің буынын қатайтып, іргесін бекі­туде өлшеусіз еңбек сіңірген ұлттың аймаңдай ұлы – Әбіш Кекілбайұлы. Жас күнімізден сол кісінің тәлімін алып, тәрбиесін көріп, жанында қызмет еттік. Бүгін өткен күннің көшін шолып, көңілдің елегінен өткізіп отырсақ, бұл екінің бірінің басына бұйырмас бақ, екінің бірі жете алмас биік екен. Бізді адас­тырмас анық жолға салған марқұм ұстазымыздың биыл туғанына – 85 жыл. Зымыраған уақыт жылдарды аунатып, айлар­ды алыс­татып, аяулы абыздың мәң­гілік сапарға аттанғанына да тоғыз жыл­дың жүзі болды. 

Сөз жоқ, Әбіш ағаның шығар­машылығы – мол мұра, таусылмас қазына. Дегенмен де Әбекеңнің тұлғасы хақында ой өрбітсек, ол кісіні кемел суреткер, керемет жазушы ретінде ғана қарауға болмайды деп ойлаймын. Өйткені ол – ерекше тұлға. Жастайынан заман­дастарын қайран қалдырған кенен ойшыл, дана көсем, дара шешен деп айтуға болады. Өз басым ол кісіні ең бірінші, заманынан аты озған ойшыл деп қабылдаймын. Әбекеңнің пір Бекет туралы анықтамасын кейде оның өзіне лайық деп ойлаймын. «Сасқанға сая, асқанға тосқан, ұлысқа ұран, ұрпаққа ұстаз, елдің иесі, жердің киесі» деп айтады. Осы нақты айшық, нағыз баға даныш­пан Әбіштің өзінің де бағасы болса керек. Оны туған халықтың өзі де ұлы халық деп айтуға болады.

Ал енді уақыттың талабымен, жүректің қалауымен саясаттың сахнасына шықты. Әбіштей дегдар азаматтың тәуелсіздік қарсаңында немқұрайды қарап, немкетті пейілмен қалуы мүмкін емес еді. Естеріңізде болар, кезінде Әбіш ағаның Парламент мінберінен ақырып тұрып қазақ тіліне теңдік сұрағаны, үлкен ­саяси дискуссияларда тәуелсіздік үшін азуын айға білеп сөйле­ген сөздері ел тағдырын шешуге ерекше ықпал етті. Сондықтан Әбіш Кекілбайұлын тағдырдың сыйы, тәңірдің қазаққа деген бір ықыласы деп қабылдау керек.

Әбекең барды бағалай біл­­ді, жоқты саралай біл­ді. Біз­дерді тәубемізден айы­рылмай, тәуе­келден айнымай, тәуел­сіз­діктің тасын өрге сүйреуге ша­қырды. Сол жолға өзі де атсалыс­ты. Республика Парламентін бас­қарды, Мемлекеттік хатшы болды. Естеріңізде болар, тәуел­сіздіктің елең-алаң кездері, әр жыл­ды бір арнаулы рухани қазыққа байлап, ұлттың жоғын түген­деген кезең еді. Бір жылды ел тарихына, бір жылды ұлттың ынтымағына арнап, кешенді шаралар қабылдап, керемет рухани жұмыстар атқарылды. Соның бәріне мұрындық болған Әбіш Кекілбайұлы болатын. Мемлекет басшысына, үкіметке осындай ұсыныстар жасап, мемлекеттік сананы қалыптастырып, ұлтты ұйыстыруға өлшеусіз үлес қосты.

ЮНЕСКО арнайы зерттеу жүргізіп, ХХ ғасырдың 100 ойшылын анықтағаны бәрімізге белгілі. Сол мәртебелі жүздікте түркі әлемінен Әбіш ағамыз зор құрметпен аталды. Өз кезеңінде тұтас түркі жұртынан озып туған абыз ағаның жанында жүрген кездерден талай қимас естелік, қызық күндер санамызда жатталып қал­ды. Сол аяулы сәттер, да­ныш­­­панның әр сөзі мен ісі бізге ғана емес, өскелең ұрпаққа, тұтас ұлтқа өнеге болмақ.

Әбекеңнің тағы бір ­қа­сиеті – ойшылдығымен қо­са, таусылмас қазына, эн­­ци­­­кло­п­е­диялық білімі еді. Ағамыз біз­­ді таң­ғал­ды­­­­­­­ру­дан шаршамайтын. Біл­мей­­тін нәрсесі жоқ. Мен өзім ин­­же­нер болғаннан кейін, бірде аға­мызға:

– Сіз гуманитар адамсыз ғой, физика, математика жағына жоқ шығарсыз, – дедім.

– Ал, қанеки, онда сынап көрейік, – деді Әбекең.

Сонымен жоғары математикадан стереометриядан, тригонометриядан есеп беріп көріп едім, бәрін де қиналмай шығарды. Мен қатты таңғалдым, Кекілбаев кәсіби деңгейде математиканы біледі деп ойламаған едім. Бәріміз жиі айтатын «талантты адам барлық жағынан талантты» деген сөзге сонда көзім жетіп еді.

Қазақстанның Ресейдегі елші­сі қызметін атқарып жүрген кезімде М.Горький атындағы әлем әдебиеті инс­ти­ту­тының директоры, академик Феликс Кузнецов­пен өте жақсы қарым-қатынаста болдым. Ол кісі кандидаттығын да, докторлығын да қорғағанда «крепостной правоның» кезіндегі Ресейдің рухани дамуы, сол ке­зеңнің қиыншылықтарын көп зерттеген. Өте елгезек адам еді. Сосын қазақ әдебиетімен де тым жақсы таныс болатын. Бірде ол маған өзінің ерекше бір пікірін айтты. «Әуезов пен Кекілбайұлы – қазақ әдебиетінің жаңа деңге­йін айқындаған тұлға», деді ол. «Әуезов ауқым, яғни көк­жиек кеңіс­тігінің кеңдігін көрсетсе, Кекіл­байұлы тереңдігін білдіреді. Қазақ әдебиетіндегі осы екі бағыт Әуезов пен Кекілбайұлының тоғысқан жері, қазақ әдебиетінің нағыз үркер жұлдызы деп есептеуге болады. Келешек қазақ әде­­биетінің қайраткерлері осы биік­­тен түспеуі керек», деп түйді. Ғалымның бұл тосын тұжы­рымы тұтас әдебиетімізге құрмет тұрғысынан туған жүйелі пайым деп білемін. Шынында да, Әбекең – Абайдың арманы, Әуе­зов­тің жалғасы деп есептеуге болады.

Қоғамды жаңғыртудың екі жолы бар. Біреуі төмендегі әлеу­мет­тік топтар өзгерісті талап етсе, бұл төңкеріске әкеліп соғуы мүм­кін. Ал жоғарыдағы элита осы жағдайды түсініп, реформа жа­са­са, ол эволюциялық даму жо­лы­на бастайды. Сондықтан біз күй­ге­лектікке салынбай, қоғамды рефор­­малармен, эволюциялық жол­дармен дамытуға талпынуымыз керек, зиялы қауым осыған атса­лысуға тиіс деп Әбекең үнемі айтып отырушы еді. Қасіретті қаң­тар бұл пікірдің ақиқат екенін көр­сетті. Президентіміз жүйелі ре­­фор­малар жасап, жұрттың жағ­­­дайын түсініп, әділет жолына түс­ті. Бұл – елдің ертеңі мен мем­ле­кет­­­тің нығаюы үшін дұрыс жол, тура бағдар.

Асып туған талантты өз зама­ны­ның, өзімен қанаттас, қатарлас жүрген зиялылардың мойындауы маңызды. Өнер мен білімге қатар ұмтылған замандастары ғана емес, алдыңғы буын ағалары да Әбіш ағаны риясыз мойындап, шынайы құрмет тұтатынына талай куә болдым. Батыс Қазақстан облысында әкім болып жүрген кезімде зиялы қауымның бір топ көрнекті өкілін Оралға шақырып, жергілікті халықпен кездесулер ұйымдастырып едік. Сол қатарда Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбайұлы, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Кенжеғали Саға­диев, Төрегелді Шарманов, Камал Орман­таев сияқты ұлттың ығай­лары мен сығайлары болды. Сон­да университеттегі кездесу үстінде академик Зейнолла Қаб­до­лов ағынан жарылып, «Мен мына Әбіштің ұстазымын деп айтуға ұяламын. Себебі мен оның білгенінің жартысын да біл­мей­мін» деп еді.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ма­­­ған жақындығы бар. Біз – Арал­дың қазақтарымыз. Сол Әбеден бір­де көңілді отырыстың үстінде сұ­ра­дым.

– Әбе, қазіргі қазақтың классик жазушыларынан көзі тірі өзіңіз. Сізден үлкен жазушы жоқ. Қо­ғам­да әртүрлі пікір бар. Осы Нұр­­пейісовтің деңгейі биік пе? Әлде Кекілбайұлының деңгейі биік пе? – деп сұрадым. Сонда Әбе ойланып отырды да, қолын бір сілтеп:

– О, пәлі, ол бұйрабасқа жету қайда! – деді. Ол кісі Әбіш ағаны бұйрабас деп еркелетуші еді.

Ресейде елші болып жүргенде Шыңғыс Айтматовпен жиі жүз­дестік. Ол Мәскеуге келген сапа­рында Қазақстан елшілігіне түс­кенді ұнатушы еді. Біздің елші­ліктің жақсы мейманханасы бар, бір жағы қазақтың ізеті мен қонақжайлығы да көңілін бір­лейтін болса керек. Әйтпесе, туған Қырғызстанның да, тілектес бас­қа елдердің де мүмкіндіктері бар ғой. Ресей жазушылар ода­ғы­ның да ұсыныстары бол­ғанына қара­мастан, біздің елшілікте демал­ған­ды жақсы көре­тін еді. Сондай көңілді кез­десудің бірінде, сырласып отырғанда Кекілбайұлы туралы былай дегені есімде қалыпты:

– Он неисчерпаем! Содан көзін әлде бір нүктеден алмай, ойланып отырып, сөзін әрі жалғап:

– Мысалға өз шығармала­рым­да айты­латын, әлем әдебиетінде өзгеше тенденция ретінде таныл­ған мәңгүртизмді менен де бұрын әдеби айналымға түсірген Әбіш Кекілбайұлы еді. Мен оны мо­йындаймын. Бірақ оны одан әрі дамытып, мен де өз үлесімді қос­тым. Мәң­гүртизм деген түсі­нік­тің пай­да болуы, әдебиетте оның фило­со­фиялық категорияға ай­налуы Ке­кіл­байұлының ізденіс­терінің бір көрінісі, – деп ағынан жарылды.

Шынында да Әбекең тұмасы таусылмас тас қайнар еді ғой.

Әбіш ағамыз – ұлтымыздың ұлылығын дәлелдеген ерекше абызымыз. Оны әрқашанда біз мақтаныш етеміз. Маңғыстау облысында әкім болып жүрген кезім Әбіш ағаның 70 жасымен тұспа-тұс келді. Біз мерейлі тойға дайындалғанда байқағаным, жер­гі­лікті халықтың классикке деген ерекше ықыласы, шын сүйген пейілі болды. Елдің Әбекеңе деген сүйіспеншілігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Нағыз ұлттың әулиесі, рухы екеніне куәгер болдық. Маңғыстаудың бір бұрышындағы Онды деген кішкентай ғана ауыл – Әбіш ағаның туған жері. Қаратаудың арғы беті, аудан орталығы Шет­педен отыз-қырық шақырым. Сол ауылдағы мәдениет үйінде мектеп оқу­шылары, бастауыш оқитын кіш­кене бала­лар сахнаға шы­­ғып, Әбіш ағаның шы­ғар­­ма­­ларынан үзінді­лер оқыды. Әбекеңнің про­­­засы мен поэзиясы қатар қанат қақ­ты. Сол қырықтан астам бала­­­­ның бәрінің де есімі Әбіш. Бұл ха­­­лық­тың қаламгерге де­ген ма­хаб­­­баты, пір тұтатын құр­ме­т­і еді.

Әбекеңнің 70 жасын тойлау тура­лы көп ойландық. Ізбасарлары мен інілері абызға қандай сый жасарымызды тал­қылай келе, Ай ана-Айсәуле әжемізге ескерткіш тұрғызуды жөн санадық. Онды ауылының кіре берісінде биік, үлкен төбе бар еді. Сол биікке қазақтың киіз үйінің алдында, сапарға шыққандарға «жолың болсын» деп, аман орал­ғандарға «қош келдің» деп отыратын еңселі ескерткіш тұрғыздық. Атауы «Ай Ана» болды. Маң­ғыстау жұрты Айсәуле әже­мізді Ай ана деп атайтын. Сол алып туған асыл анамыздың құр­метіне кешен салдық. Бұл Әбе­кеңе тосын жаңалық болды. Атқа­рылып жатқан шаруа туралы ол кісі білмейтін. Қаламгер бір шығармасында анасы туралы «білегі – ерінікі, тілегі – елінікі» дейтін сөзі бар. Сол анттай сөзін ескерткіштің тақтасына ойып жаздық. Кешеннің ашылуында Клара апамыз әулеттің жиырма шақты келінін жинап, барлығы сызылып сәлем салғанда, керемет бір толқынысты, толғанысты сәт болды. Рухани шара ағамызға керемет ұнады. Көлікке мініп, қозғалғанда Әбіш аға қолымды екі алақанының аясына салып, толқып тұрып:

– Әй, қу бала, ақыры жылат­тыңдар ғой, – деді, көзіндегі қаймыжық жасты ақырын сүртіп.

Сонда ағамыздың бір риза­­шылығына жеткенімізге қат­ты қуанып, марқайып қалдық.

Өмірін Әбіш ағаға арна­­ған Ай­сәуле анамыздың аналық ер­лігін, пидагерлігін айтып жет­кізу мүмкін емес. Клара апамыз айтып отырушы еді. Ай ана қай­тыс болар сәтінде келінін шақы­рып алып:

«Клара, айналайын, мен са­ған ризамын. Батамды бердім. Әй­теуір, қолыңнан келсе, Әбішті рен­жіт­пеші, қан қысымы жоғары ғой», дей­тін көрінеді. Бұл қандай ұлы ма­хаббат, қандай мейірім десе­­ңіз­ші.

Әбіш аға өзі де күліп айтып отырушы еді. «Біз жаспыз, қ­о­наққа кетеміз. Түн ортасында қай­та­мыз. Сонда Ай ана кимешегі ай нұрына малынып, есік алдын­да бізді күтіп отырушы еді. Есік алдынан бізді бастап, үйге кіріп қана көңілі тыныш табатын. Мен үйге кірмей, ол кісі жатпаушы еді, жарықтық», деп жүзі күре­ңі­тіп, анасын сағынушы еді, Әбіш ағамыз. Ері мен елінің, ұлы мен ұрпа­­ғының тілеуін тілеп өмірін өткер­ген қазақтың қайран ана­лары! Олар қандай құрметке болса да лайық.

Сол жетпістің тойында бір оқиға болды. Есімде бүгінгідей қалып қойыпты. Ақшаңқан үйлер тігіліп, халық көп жиналып еді. Біз Әбіш ағаға арналған киіз үйге кіріп, дәм татуға отырып жатқанда, бір әйелдің ащы дауысы шықты. «Әбіш ағаға жіберіңдер мені» дегені анық естілді. Әбіш аға «Не боп қалды?» деп сұраған соң келіншекті ішке кіргізді. Сөйтсе, кеше ғана босанып, қырқы тұрмақ, перзентханадан әлі шықпаған ана екен. Ұл бала туып, атын Әбіш қойыпты. Ағаның елде екенін біліп, нәрес­те­нің аузына түкіртпекке кіш­кен­тай шақалақты алып, күйеуі екеуі ниет етіп жеткен екен. Әбіш аға да толқып кетті. Үйге кіргі­зіп, баланың «аузына түкірудің» ырымын жасап, құлағына азан шақырып, «сенің атың – Әбіш» деп үш рет айғайлап, «менен де үлкен Әбіш бол!» деп батасын берді. Осындай көріністерден елдің Әбіш ағаға, Әбіш аға­ның елге деген ыстық махаббатын көрдік.

Әбіш аға қайтыс болғанда ақын Светқали Нұржанның:

«Әбіш көшті,

Аспан көшіп баратыр,

Бұлт теңдеген асқар көшіп бара­тыр.

Қырық мың жылдық тастар көшіп баратыр,

Қырықмың жолдық дастан кө­шіп баратыр», деп аһ ұрғаны, айбын­ды аруақты шақырғаны, есімде өшпестей қалып қойды.

Саналы елдің ары болған, сағым жортқан сары даланы жүре­гіне тұтас сыйдырған абыз аға­мыздың алды жарық, соңы берекелі болғай! Әлемге біртуар осындай ұлды сыйлаған қазақ елінің еңсесі биік, рухы асқақ ­боларына сенемін.

 

Қырымбек Көшербаев,

мемлекет және қоғам қайраткері