Оқиға • 25 Қыркүйек, 2024

Семейде заманауи мектеп ашылды

258 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы халық көп қоныстанған ауданда 1200 орындық жаңа мектептің ашылуы қала күніне тұспа-тұс келді. Расында да бұл мектеп жетіспеушілігіне орай туындайтын мәселені шешуге көмектескен керемет сыйлық болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Семейде заманауи мектеп ашылды

KAZ Minerals Тобы құны 9,2 млрд теңгені құрайтын ғаламат жобаны салыстырмалы түрде өте қысқа мерзімде іске қосқан.

1

Жаңа білім ордасында 48 оқу кабинеті бар. Оның ішінде: 6 информатика, 6 мультимедия, 6 жалпы пәндерге арналған (химия, физика, биология) кабинеттер, робототехника, графика мен модельдеу бөлмелері, токарьлық-слесарлық шеберхана, ұстахана, аспаз бөлмесі, тігін кабинеті т.б болып бөлінеді. Сонымен қатар мектепте 280 орындық мәжіліс залы мен 420 орындық асхана қарастырылған.

2

Ғимарат ішінде бір үлкен спорт залы мен бастауыш мектеп оқушылары үшін шағын ойын залы жасақталған. Одан бөлек мектеп аумағында футбол, волейбол, баскетбол алаңдары мен жүгіру жолағы және демалыс пен оқуға арналған басқа да инфрақұрылымдар орналасқан.

Мектеп құрылысын жобалау кезінде және жұмыс барысында барлық заманауи талаптар, атап айтқанда қимыл-қозғалысы шектеулі жандардың қажеттілігі де ескерілді. Мұнда 4 пандус, ғимараттың іші мен сыртында тактильді жүру жолағы және 2 лифт іске қосылған.

«Мектеп 1200 орындық, ал біз 1425 оқушыны қабылдадық. Сол себепті екі ауысымдық оқыту жүйесін  қарастырып жатырмыз. Мектепке дейінгі дайындықтан өткізетін екі топ ашу да жоспарда бар. Облыс орталығына Қала күніне арнап осындай керемет сый жасаған KAZ Minerals Тобына алғысымыз шексіз. Компания құрылыс жұмысынан бөлек, шеберханалар мен робототехника және информатика кабинеттерін жасақтап берді. Оқу бөлмелерінде интерактивті тақталар орнатылған. Компания мектепке сапасы жоғары жиһаз сатып алды. Оның барлығы қазақстандық өнім», деді №50 IT-мектеп-лицейі директорының міндетін атқарушы Нартай Шолтықов.

Мектептің ашылуымен 100-ден аса жаңа жұмыс орны пайда болды. Тамызда мұғалімдер үшін конкурс жарияланып, оған қатысқан 300 шақты үміткердің арасынан  88 оқытушы іріктеуден өткен еді. Одан бөлек басқа мектептерден 40 ұстаз ауысып келді. Солай бола тұра лицейге әлі де информатика, математика, физика пәндерінің оқытушылары жетіспеуі себепті қосымша конкурс жарияланатын болды.

3

Мектеп құрылысына отандық мердігер ұйымдар тартылып, жұмыстың басым бөлігінде отандық өндірушілер шығарған материалдар пайдаланылды.

«Біздің компания әлеуметтік бағытты ұстанады, сол себепті әлеуметтік саланы дамытуға қомақты қаржы жұмсаймыз. Бұл бағыттағы барлық жұмыс жергілікті атқарушы билікпен талқыланып, аймаққа қажетті жобалар және олардың тиімділігі талданады. Сондай  жобалардың бірі – заманауи мектеп құрылысы. Мұнда жоғары деңгейдегі информатика және робототехника кабинеттері, кең мәжіліс залы мен асхана, спорт залдары мен ашық алаңдар жасақталды. Сонымен қатар шәкірттердің сабақтан тыс әңгімелесіп, шығармашылықпен айналысуына қолайлы нетворкинг аймағы бар. Біз бұл мектептің сұранысқа ие болып, ұлы Абайдың отанында білім деңгейін жаңа сатыға көтеріп, Семейдің мақтанышына айналатынына сенімдіміз», деп мәлімдеді KAZ Minerals Demeu корпоративтік қорының директоры Руслан Қасенов.

Мектептің ашылу салтанатына қатысқан Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев оқу кабинеттерін аралай жүріп, заманауи мектептің жаңа ашылған «Заря» ауданының гүлденуінің алғашқы нышаны екенін атап өтті.

«Бізде бұрын мұндай мектеп болған емес. Алда әлі талайы тұрғызылады, бірақ бұл мектеп - солардың алғашқысы. Қалада Конгресс-холл, стадион тұрғызылып жатыр. Ескі үйлердің орнына тұтас жаңа аудан пайда болады. Бірден айта кетейін – тарихи ғимараттарға ешкім тиіспейді. Ертең жаңа үйлердің терезесінен бірден Ертіске көзің түседі, бұл өте керемет көрініс болмақ», дейді Нұрлан Ұранхаев.

Екінші сыныпта оқитын Айбын Дүйсенханов ата-анасының өзін жаңа оқу жылында жаңа мектепке ауыстырғанына қуанышты. Балақай робототехника пәнінің басталғанын асыға күтіп жүр. Ол роботехника кабинетіндегі жабдықтармен жұмыс істеуді көптен армандағанын  жасырған жоқ.

4

«Семейдегі оқу орнының тапшылығы 5000-нан асады. Жаңа мектепте 1415 бала оқиды. Өңірде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының аясында тағы екі мектеп салынып жатыр. Осылайша біз аймақтағы оқу орнының жетіспеушілігін азайтамыз», деді Семей қаласы білім бөлімінің басшысы Сержан Булабаев.

Жаңа мектеп жайлы әсерімен бөліскендердің бірі - екі оқушының анасы Мадина Намазақова.

«Біз де осында ауыстық. Бұған дейін балаларым екі түрлі мектепте оқыды. Мені қуантатыны – сабақтар екі тілде оқытылады. Бір балам қазақ сыныбына, екіншісі орыс сыныбына барады. Мектептің тағы бір басымдығы – академиялық білімнен бөлек, IT саласын тереңдетіп оқытатындығында. Бұл саланың біздің өмірімізде алар орны ерекше. Сонымен қатар, қауіпсіздік мәселесіне де баса көңіл бөлінген. Ғимарат аумағы толығымен бейнебақылауда.  Арнайы өткізу жүйесі бар. Тағы бір атап өтетіні – заманауи роботехника мен информатика кабинеттері», дейді Семей тұрғыны Мадина Намазақова.

Компания өкілдері мектеп құрылысының KAZ Minerals Тобының бәсекеге қабілетті, тиімділігі жоғары адами капиталды даму жолындағы ұзақ мерзімді басым мақсаттарын жүзеге асырудағы жаңа кезең екенін атап өтті. Компания соңғы жылдары аймақтағы жоғары және орта білім беру мекемелерімен әріптестік орнату арқылы отандық білім беру саласына қолдау көрсетіп келеді. Жыл сайын талантты түлектерге гранттар бөлініп, компанияның кәсіпорындарында жалақысы төленетін кәсіби тәжірибеден өтуге мүмкіндік беріледі және жергілікті тұрғындарды жаңа кәсіпке баулу бағдарламалары жүзеге асырылуда. Жаңа мектептің ашылуы арқылы бұл процесс орта білім беру саласын да қамтыды деуге негіз бар.