Әскер • 24 Қыркүйек, 2024

Азаматтық борыштан бас тартпайды

70 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қыркүйек айынан азаматтарды мерзімді әскерге шақырудың күзгі науқаны басталды. Жыл соңына дейін жалғасатын науқан аясында облыс бойынша 800-ден аса азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады.

Азаматтық борыштан бас тартпайды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Осы уақытқа дейін өңірдегі 18 бен 27 жас аралығындағы аза­маттарға шақырту қағазы жол­­даныпты. Қазір жастар шақы­ру қағазында көрсетіл­ген мекенжайға келіп, медици­на­лық тексеріс пен кәсіби-психологиялық ірік­теуден өтіп жатыр. Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Жасұлан Шаңқұловтың айтуынша, күзгі шақырылымда ҰҚК Шекара қызметіне – 170, Ұлттық ұланға – 280, мемлекеттік күзет қызметіне – 10, ал Қарулы күштер қатарына 420 азамат жіберіледі.

Облыстық жиын пунктіне бар­ғанымызда, он шақты жігіт медициналық тексерістен өтіп жатқанын көрдік. Жалпы, шақыру жіберілгендердің 70-80 па­йызы келетін көрінеді. Олардың дені жиын пунктіндегі медициналық сараптама, тест сынамасы мен полиграфиялық тексерістен кейін әскерге аттанады. Осы жылы көк­темгі әскерге шақыру жоспары 103 пайызға орындалыпты.

Бүгінде жұрт арасында жа­уаптылар шақырылғандардың ден­­саулығын шала-шарпы тек­серіп, әскер қатарына қосуға асығады деген түсінік қалып­тас­қан. Дегенмен қорғаныс істері жөніндегі департамент мамандары мұны жоққа шығарып отыр.

«Шақырушылар арасында Қызылорда қаласынан әскерге баруға ынталы жастар көбейіп отырғаны қуантады. Аудандардан да келіп жатқандар қатары аз емес. Көктемгі науқанды жаман аяқтаған жоқпыз. Күзде де сол деңгейден көрінеміз деген үміт бар. Шақырылғандар меди­циналық, психологиялық ірік­теусіз, полиграфиялық тексерусіз әскер қатарына алын­байды. Осы­ның ішінде полиграфиялық тексеру арқылы азаматтың жан баласына айта алмай жүр­ген сыры, психологиялық жай-күйі анықталып жатады. Отан қорғаушылар сапына қосқан сарбаздар саулығы үшін жауап­кершілік жоғары. Сондықтан олар жан-жақты тексеріледі», дейді Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Жасұлан Шаңқұлов.

Қармақшылық Нұрлан Дамиров – жақында ғана Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетін бітірген жас. Отбасындағы жалғыз баланың әскерге барамын деген талабына үйіндегілер де қарсы бола қоймапты. «Әскер – жігітті шыңдайтын мектеп. Ал оның талабына төзіп, Отанды қорғауға үлес қосу – әр азаматтың парызы», дейді ол.

Болашақ сарбаздар үшін кәсіби психологиялық іріктеу жұ­мысының да маңызы зор. Екімыңыншы жылдар басында құрылған бұл жүйеге сәйкес мерзімді әскери қызметке шақы­рушылар, келісімшартпен қызмет өтейтіндер, әскери оқу орнына түсетін азаматтар «Ақсұңқар» психодиагностикалық кешені бойынша Қорғаныс министрлігі бекіткен тест сұрақ­тарына жауап береді.

«Бұл жастардың физикалық әзір­лігінен бөлек, моральдық және пси­хи­калық дайындығын да зерделеуге үлкен мүмкіндік береді. Әрқайсысынан анкета алынып, сол арқылы олардың отбасылық жағдайын, әке-шешесімен қарым-қатынасын, әскерге қызығу­шы­лығын анықтаймыз. Осы күні шекара қызметі әскери бөлімімен жұмыс істеп жатырмыз. Олардан да психолог, полиграфолог мамандар келді. Көп ұзамай тексеріс қорытындысымен жастарды категория бойынша командаға да­­йындаймыз. Тесттен өтпей қалатындар да табылады. Олардың қатарында әс­керге барғысы келмейтіндер көп. Сонымен қатар сұраққа жауап беруге білім деңгейі жетпейтіндер де болады. Ондай балаларға көмек көрсетеміз. Ал шақырылушының ауруы анықталған жағдайда меди­циналық комиссия төра­ғасы ар­қылы дәрігер психиатрға жол­да­­мамен жібереміз», дейді Қы­зылорда облыстық Қорғаныс іс­тері жөніндегі департаменттің пси­хо­логиялық қызмет бастығы, майор Нелля Ысқақова.

 

Қызылорда