Суретті түсірген – Есенжол Исабек
Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрында «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестивалі басталды. Аталған театр басшысы Арман Темірбектің айтуынша, өнер ұжымдарының додасы Ж.Аймауытұлының 135 жылдығына арналып отыр.
– Республикалық ауқымдағы фестиваль Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылуда. Мұндай ірі театрлар сыны Ертіс-Баян өңірінде осыдан он шақты жыл бұрын өткен екен. Араға біраз жыл салып дәстүрлі іс-шара жалғасын тапты. Фестиваль отандық театр өнеріндегі үздік жұмыстарды, заманауи театр үрдісінің негізгі тенденцияларын анықтау және театр өнерінің классикалық, заманауи мұралары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, актерлік кәсіби деңгейді шыңдау, театр әлеміндегі жаңа есімдерді анықтау мақсатында қолға алынған. Еліміздегі ең үздік деген спектакльдер Павлодар төрінде қойылып, жергілікті көрермен де өзге актерлердің өнеріне қарық болады деген ойдамыз. Бұл фестивальдағы негізгі талап – қатысатын жұмыстар бұрын өзге театрлардың сахнасында қойылмауы керек әрі кейінгі бір жыл ішінде премьерасы өткен болуға тиіс. Бұл біздің өзге әріптестеріміздің арасындағы бәсекелестікті арттыра түседі деген сенімдеміз, дейді А.Темірбек.
Республикалық сынға еліміздің түпкір-түпкірінен 11 театр, атап айтқанда Ж.Аймауытұлы театрынан бөлек, С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық-драма театры, Абай атындағы Абай облыстық қазақ музыка-драма театры, С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры, Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры, Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры, Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының Жас көрермен труппасы, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры бағын сынап жатыр.
Алғашқы күні көрермендер павлодарлық актерлер сахналаған Шекспирдің «ІІІ Ричард» қойылымын тамашалады. Актерлердің өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек бастаған қазылар алқасы бағалайды.
ПАВЛОДАР