«Таза Қазақстан» • 24 Қыркүйек, 2024

Табиғатты аялаудың үлгісі

84 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Айналасын алабота басқан, азынаған желдің өтіндегі қалаға кезінде «Ақмола төңірегі қолайсыз, балшық пен батпаққа орман өспейді» деп сәуегейлік жасағандар қателескенін дәлелдеуге аса көп уақыт қажет болған жоқ. Бүгінде Астана айналасындағы жасыл белдеудің аумағы 100 мың гектарға жетті. «Орманы бардың қорғаны бар» дейді халқымыз. Шаһар ауасының тазалығын қамтып, ыстықта сая, суықта пана болып тұрған орман – бүгінде бас қаланың қорғаны. Енді тек қаланың сырты ғана емес, іші де жасыл желекке айналып келеді.

Табиғатты аялаудың үлгісі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Орман белдеуі қалып­тас­­қаннан кейін Ақмо­­­­ланың баяғы дүлей дауы­­лы, ала құйын бораны бәсең­деп, беті қайтты, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызды. Бұл – Арқаға көшкен Астананың тола­йым жетістіктерінің бірі. Астана әкімдігінің дерегінше, биыл бас қалада бір миллионға жуық жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер) отырғызылады. Қазір­дің өзінде оның біраз бөлігі егілген. Өткен сенбіде елордада Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) және «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экоакциясы аясында жалпықалалық ауқымды сенбілік өтті.

Барлық ауданда саябақтар, сквер­лер мен аулалар тазартылып, қайың, емен, шырша, қарағай, сирень сияқты қылқан жапы­­рақты және жапырақты екі мың­­нан астам ағаш отырғызылды.

Экологиялық акцияға қала тұр­ғындары, еңбек ұжымдары, мем­ле­кеттік органдардың қыз­мет­­кер­лері, шағын және орта бизнес субъектілері (базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, кафелер, мейрамханалар және басқалар), еріктілер, мәслихат де­путат­тары мен үкіметтік емес ұйымдар, мәдениет және спорт қайрат­к­ерлері қа­тыс­ты. Акция шеңберінде қаладағы, арықтарды, кәріз желі­лерін санитарлық тазарту, көше­­­лер­ді, тротуарларды, қоғам­дық кеңістіктер мен аулаларды тазалау, сондай-ақ жа­сыл желектерді күтіп-баптау және сауда нысандарына іргелес аумақ­тар­ды жинау, рұқсат етіл­ме­ген қо­қыс үйінділерін жою жұ­мыс­та­ры жүр­­­­гізілді.

Байқоңыр ауданына қарасты жер­лерге аталған әкімдіктің қыз­­меткерлері, Қазақстан Жазу­шы­­лар одағының мүшелері, «Қазақ газеттері» ЖШС-не қа­рас­ты мекеме қызметкерлері көшет отырғызып, бас қаланы абат­тандыруға өз үлесін қосты. Крав­цов пен Пушкин көшелерінің қиылысындағы гүлзарды тазалап, 100-ге жуық қайың және үйеңкі көшеттерін отырғызды.

«Зиялы қауым өкілдері ретінде біз қаланың тек қана тұратын жер емес екенін түсінеміз. Бұл – біздің мәдени орталығымыз, мақтанышымыз және болашақ ұрпаққа қалдыратын мұрамыз. Оның тазалығына деген көзқарас – белгілі бір мағынада өзіңе деген көзқарас. Егер айналасы лас болып, тәртіпсіздік орнаса, мә­де­ниет­ті және білімді адам атануы мүмкін емес», деді Жазу­шылар одағының мүшесі, жазушы Мәди Айымбетов.

«Жалпыхалықтық сенбілікке қала­ның 62 мыңнан астам тұр­­­ғыны, 5 мыңнан астам кә­сіпорын­дар мен ұйым қатыс­ты. Поли­гон­ға 170 тонна қоқыс шыға­­­рыл­ды, аялдама павильондары, бағдаршам нысандары, жерасты және жерүсті өткелдері жуылып, 730 жүк көлік және тиеу техникасы тартылды. Экоакция кезінде 4 рұқсат етілмеген полигон жо­йылды. Қордаланып қалған күл-қоқысты шығару үшін 90-ға жуық ауыр жүк рейсі жасалды. Осы­лайша, қала тұрғындары Аста­­на­­ның тазалығы мен тәртібіне бел­сенді үлес қосты. Алда бұл жал­­­пы­­қалалық сенбіліктер тұ­рақ­­­ты негізде өткізіледі», дейді ұйым­­­дас­т­ы­рушылар.

Кәсіпкерлік нысандарының 5 мың­нан астам өкілі де эколо­гия­­­­лық акцияға қатысып, ша­­­ғын және орта бизнес субъектілері, кәсіп­орындар, сауда орталықтары, №1 Индустриялық парк, салондар, кафелер, дүкен­дер, басқа да жеке компаниялар мен ұйымдар өз нысандарына іргелес аумақтарды тазалады.

«Алдағы уақытта да осындай іс-шараларды жиі өткізіп, оған тұрақты қатысамыз. Біз өз қала­мызды өте жақсы көре­міз, оның таза әрі әдемі бол­ғанын қалаймыз», дейді елор­далық кәсіп­кер, «Cominvest Group» зауы­тының директоры Дәурен Такеев. Ол сондай-ақ кәсіп­кер­лер­ді көршілес аумақтарға да көңіл бөлуге шақырды.

Айтулы іс-шарадан қаламыз­дағы өнерпаздар да тыс қалған жоқ. Ерлан Малаев, Бақыт Қажыбаев, Әділ Ахметов, Самал Еслямова, Асылхан Төлепов бас­таған танымал актерлер, отан­дық эстрада жұлдыздары мен мәдениет қайраткерлері Керей мен Жәнібек хандар ескерткішінің маңын абат­тан­ды­ру­ға атсалысты.

«Түрлі қалалардан, елдерден келген қонақтар қаламыздың таза­лығына әрқашан тәнті болады. Сондықтан біз, өнер адамдары қаланың тазалығына үлес қосуға мұндай сенбіліктерге, тазалық акцияларына тұрақты түрде қаты­са­мыз», деді актер Ерлан Малаев.

Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Нұра ауданының әкімдігі бірлесіп, «Хан Шатыр» ойын-сауық және сауда-саттық орта­лығы маңына емен, қайың, қарағай сынды 100-ге тарта кө­шет отыр­ғызды. Оған шорт-трек­тен қысқы Олимпиаданың қа­ты­су­шысы, ел тарихындағы әлем кубогінің тұңғыш жеңімпазы Абзал Әжіғалиев, шорт-тректен қысқы Универсиаданың күміс жүлдегері Малика Ермек, фут­­­болшы, Қазақстан медиа футбол федерациясының тұңғыш президенті Дидар Сыдықбек сынды спортшылар, сондай-ақ күні кеше елорда төрінде өткен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты.

«V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында құсбегіліктен ел тарихында тұңғыш алтынды иелендім. 2018 жылы Қырғызстан еліндегі додада қола жүлдегер атанған едім. Еліміздегі этноспорт сайысы жоғары дең­гейде ұйымдастырылуымен ерек­ше­ленді. Жалпықалалық сенбі­лік­ке қатысу – бала кезден бергі дағдым. Осындай іс-шаралар арқылы біз бойға жақсы әдеттер қа­лып­тас­ты­рып, өзгелерге үлгі боламыз», деді V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының чемпио­ны Ертуған Серікбек.

Еуроодақ өкілдігі Қазақ­стан­дағы Эстония елші­лігімен бірлесіп, Қарасу өзенінің жағасын тазартуға өз үлесін қосты. Еуропа, Америка, Азия және Африка елшіліктерінің дипломаттары мен қызметкерлері, сондай-ақ «Тұрақты даму» Жер қоры Халық­аралық ұйымдары мен жас­тар қоғамдық бірлестігінің өкілдері бар, жиыны 300-ге жуық адам ауқымды іс-шараға белсене қатысты. Олар негізінен көптеген пластикалық бөтелкелерді жинап, қайта өңдеуге жіберді. Сонымен бірге экологиялық флешмоб ұйым­дастырды.

«#EUBeachCleanup науқаны тек кір, қоқысты тазарту ғана емес, ол әрқайсымыздың жер-жаһан үшін жауапкершілікті өз мойнымызға алу деген сөз. Жоқ дегенде жүрген жерімізде қоқыс қал­­дырмай, тазалық талаптарын сақтау, жақындарымызға, барша тұрғынға осындай жеке әрекеттердің маңыздылығы туралы ұғындыру, қоршаған ортаның қалыпты дамуын қамтамасыз ету – баршамыздың күнделікті міндетіміз болуы шарт. Осы мақсатқа біріккенде ғана еліміз бен бүкіл әлем үшін неғұрлым саламатты және экологиялық таза қоғам құра аламыз», деді ЕО-ның Қазақ­стандағы өкілдігінің басшысы Алешка Симкич ханым.

Сондай-ақ іс-шара аясында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі, Астана­­да­ғы кеңсесімен телекөпір ұйым­­дастырылды. Тікелей эфир­де «Let's do it World» және «World» Cleanup Day жаһандық желісінің президенті және басшысы Хейди Солб ханымның қатысуымен осындай акцияны және экоқозғалысты дамытудың маңыздылығы талқы­ланды.

«Елордада «Taza Astana» жаңа әлеуметтік жобасы іске асырылды. Жоба құқықтық тәртіп, абаттандыру, көгалдандыру, са­ни­­тарлық тазалау, көппәтерлі тұр­­ғын үйлердің, үй жанындағы, орамішілік, аула тазалығы мә­селелері бойынша жүйелі жұ­мыс жасауға бағыт­тал­ған. Елор­дамызды көгал­­дан­­дыруды және абаттандыруды әрі қарай да жал­ғастырамыз. Биыл қалада жа­сыл аймақ қатары көбейді. Біз аулалар мен қоғамдық кеңістік­терге ғана емес, сол сияқты спорт­­­тық және мәдени нысан­дар­дың, оқу орындарының аума­­ғына да ағаш отырғызамыз. Қала­­мызды абаттандыруға үлес қос­қан тұрғындардың бәріне алғыс біл­діремін», деді бұқаралық іс-шараны қорытындылаған Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.