Аймақтар • 23 Қыркүйек, 2024

Жаңа пәтерге қоныстанды

32 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодарда жаңа тұр­ғын үй пайдала­нуға берілді. Жай­лы пәтерлерге же­тім балалар, көпба­ла­лы отбасылар және әлеу­мет­тік осал отбасылар са­на­тын­дағы азаматтар қоныстанды. Бүгінде әлеуметтік тұрғын үй ке­зегінде 16 мыңнан ас­там пав­лодарлық тұр.

Жаңа пәтерге қоныстанды

Баспана кезегін­де тұрған 288 адамға жалға бе­рі­летін пәтер кілттері табысталды. Ладожская көшесі, 17 ме­кенжайы бойынша бой көтерген тұрғын үйге жетім балалар, көпбалалы отбасылар және әлеуметтік осал отбасылар санатындағы азаматтар қоныстанды. Облыс әкімі Асайын Байханов қоныс иелерін арнайы құттықтады.

– Осы жылдың нау­рыз айында кезекте тұр­ған­­дардың үш санатына 210 пәтер бердік. Ал бү­гін көп­тен күткен пәтер кілт­­терін Павлодардың үй ке­зегінде тұрған 288 жан­ға табыстағаныма өте қуаныш­тымын. Кей­біреу­леріңізге бұл күнді ұзақ жыл кү­туге тура келгенін білемін. Об­лыс басшылығы атынан ұзақ күттіргенімізге ке­ші­рім сұрай­мын және түсіністік таны­тып, шы­дамдылық та­ныт­­қан­дарыңызға алғы­сым­ды біл­ді­ремін. Биыл тағы 250 пәтер тапсырамыз. Бірақ олар «Шаңырақ» және «Бақытты отба­сы» мемлекеттік бағдарлама­лары аясында әлеуметтік-несиелік тұрғын үй бағыты бойынша беріледі, – деді өңір басшысы.

А.Байханов «Достық» шағын ауданының құры­лысы жалғасатынын атап өт­ті. «Жайлы мектеп» бағ­дар­ламасы аясында заманға сай білім ұясы салынуда, ба­лабақша, емхана, мұз аре­насы, концерт залы, ме­шіт салу жоспарланған. Қа­лалық қоғамдық көлік қоз­ғалысы, оның ішінде трамвай бағыттарының желілері ұзартылатын болады.

Әлеуметтік баспанаға ие болғандардың бірі – Моң­ғолияның тумасы, қандас Жанат Дауан. Ол жұбайы Мағрипа Канкөнеймен бір­ге 8 бала тәрбиелеп отыр.

– 2006 жылы атамекені­мізге көшіп келіп, Мойыл­ды ауылына қо­ныс теп­тік. Тұр­ғын үй кезе­гін­де шамамен 17 жыл тұр­дым және ешқашан үмі­тімді үзген емеспін. Мем­лекетке өте ризамын, бұл біздің көптен күткен қуа­нышымыз, – деп ой бөліс­ті көпбалалы отба­сының отағасы.

Бұған қоса өңір билігі тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларды бас­панамен қамтуға жалпы сомасы 12,8 млрд теңге болатын құн­ды қағаздарды арнап отыр. Бұл қаражат 815 отба­сын баспанамен қамтуға же­теді. Биыл облыста тұр­ғын үй кезегінде тұрған азамат­тардың мәселесін шешу үшін 3 млрд теңге қаражат құнды қағаздар түрінде ба­ғытталды. Бірақ бұл пәтер­лерге кірген отбасылар оны сатып ала алмайды. Ал кейін сатып алу құқығы бері­летін пәтерлерге одан 4 есе көп қаражат, яғни 12,8 млрд теңге бөлініп отыр.

– Біз биылғы маусым айынан бері құнды қағаз­дар шығаруды қолға ал­дық. Мемлекеттік құнды қағаз­дар­дың жалпы сомасы – 12,8 млрд теңге. Бұл қаражатқа ке­зекте тұрған 815 отбасыны сатып алу құқығы берілетін бас­па­намен қамтимыз. Тек Пав­ло­дар қаласы бойынша құнды қа­­ғаздар арқылы 480 пәтер сат­ып алынуы керек, – деп хабар­ла­ды облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау бас­­қар­­­ма­сының басшысы Ирина Назар­чук.

Әлеуметтік тұрғын үй құ­­ры­лысына биыл бюд­жет қа­ражаты қарасты­рыл­­маған. Есесіне ипо­те­ка­­лық бағдарлама жақсы жұ­мыс істеп тұр. Яғни құры­лыс ком­паниялары үй сала­ды да, оны «Отбасы банк» арқылы ипо­текаға шығарады.

 

ПАВЛОДАР