Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2024

Энергия үнемдейтін қазандықтар

59 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тоз­ған энергетика инфра­құ­рылымының әзер жұмыс іс­теп тұрғанын, оның қуатын үдету қажеттігін айтып, үнемі назарында ұстап отыр. Биылғы жылыту маусы­мына аймағымыздағы аудан, қалалар қамданыс үстінде. Әсі­ресе Саран қаласының хал­қы үшін жылудың жыры­на нүкте қойылатын күн жақындап қалды. Жасыр­маймыз, мұндағы орталық қазандықтың құрылысы ұзаққа созылды. Енді ел күт­кен қазандық қаланы «қай­натады».

Энергия үнемдейтін қазандықтар

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

– Мемлекет басшысының облыс бойынша тапсырмасына сәй­кес жылумен жабдықтау желі­ле­ріне техникалық тексеру жүргі­зу жө­ніндегі іс-шаралар жоспары бе­кітілді. Бүгінде тексеру Қара­ғанды, Приозерск, Саран және Абай қалаларында жүргізілді. Бал­­қаш, Теміртау және Шахтинск қала­­ла­рында жұмыс жалғасып жатыр. Оларды осы айдың соңы­на дейін аяқтау қажет, – дейді облыс­тың энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық басқар­масының басшысы Ербол Төлеуов.

Иә, алты ай қысы бар Арқаның қысқы маусымға дайындығы қауырт. Әсіресе өндірістік әлеуеті арт­қан Саран қаласының қысқа қам­данысы тас-түйін. Бұрын мұндағы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік-өнеркәсіптік кәсіпорындарды жиыр­маға шамалас шағын қазан­дық арқылы жылытылып келген. Қаптаған ескі қазандықтың мұр­жасынан шыққан қара түтін қаланы «қарайтып», ауасын ластайтын. Мамандар әбден тозығы жеткен жерлерді жамап, жасқаумен шаршап еді. Енді қала мен бұрынғы Резина-техникалық бұйымдар зауы­тының аралығына, яғни ашық алаңқайда салынған жаңа нысаннан жылу тарайды.

Жылыту қазандығының жалпы алаңы – 10 722 шаршы метр. Мұн­да бас корпус, отын босату гале­рея­сы, ұнтақтау және көмір қабылдау бөлімшелері, қосалқы жөндеу цехы, алаңішілік кәріз тораптары, әкімшілік-тұрмыстық кешен мен өрт сөндіру депо ғимараты бар.

Жаңа қазандық қаланың 80 пайызын жылумен қамтиды. Қазіргі уақытта сынақ режімінен өтіп жатыр. Төрт қазандық іске қосылды. Бұған қоса қысқы отынды қамдап, көмір сатып алынады.

– Жалпы, жаңа жылыту қазан­дығына 264 көппәтерлі тұрғын үй мен 46 әлеуметтік нысанды қо­самыз. Орталық жылу қазан­ды­ғының жобалық қуаты – 130 Гкал. Қала бұған дейін 54 Гкал тұты­нып келген. Жылыту маусымына біз екі қазандықпен кірісеміз. Ал екеуін резервте ұстаймыз. Та­риф құны бұрынғыша қалады. Қазан­дық­тардың барлығы техникалық тек­серуден өткен. Ақауы бар тұста­ры табылды. Құбырлар қысқа уақыт ішінде жаңасына ауыстырылып жатыр. Қазір бұл бағыттағы жұмысты жобалап қалдық, – дейді Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов.

Қазандықтың барлығы техника­лық тексерістен ойдағыдай өткен. Мұ­ны қала әкімі де айтты. Авто­матикасының, жылу техникасының, энергетика мен химиялық су тазар­туының қалай жұмыс істей­ті­нін мұқият бақылаған. «Саран­жы­лусервис» ЖШС-ның бас директоры Асылбек Төкенов бұл шаралардың жылыту маусымы кезінде қауіп-қатерді болдырмау үшін ауадай қажеттігін айтады.

– Әзірге толық циклге жете алмаймыз. Себебі күн райы жылы. Ауа температурасы минус 6-8 градусты көрсеткенде орталық тарату пункттеріне жылу жібереді. Сол жерден үйлерге тарайды. Суды тазарту үшін химреагенттер сатып алдық, қазір көмір түсіріп жатырмыз, – дейді А.Төкенов.

Жаңа қазандық энергияны үнем­дейді. Температурасы төмен, қайнайтын қабат технологиясымен салынған дейді мамандар. Бұл көмір отынын талғамайды. Кез келген түрін жағады әрі отынды үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал бұл дегеніңіз, тариф үшін тиімді. Мұндай қазандық еліміз бойын­ша екеу екен. Екеуі де – осы өңірде, Шахан кенті мен Саран қаласында. Мұнымен қоса, жылыту орталығында қазандық аумағын ластамау үшін отын қалдығын шығаратын арнайы полигон бар. Зиянды затты тұндыратын газ құбыр­лары да дайын.

Қаланы бұрын жылытып келген жиырма қазандық резервте болады. Оларды да қысқа қамдап жатыр. Техникалық тексеріс жүргізіледі, керек-жарағы түгенделеді. Әзірге қаланың пеш жағатын екі шағын ауданына жылуды осы қазандықтар таратады. Келер жылы көшеге, үйге жылу құбырлары тартылып барып, орталық қазандыққа қосылады.

Қазір тұрғын үй инспек­ция­­сы­ның мамандары әр үй­дің жылу құбырын тексеріп, түсін­дір­­ме жұмыстарын жүргізіп жүр. Бұған қоса жаңа жылыту қа­зандығы 70 адамды жұ­мыс­пен жарылқап тұр. Мамандар қата­рын­да қаланың бұрынғы қазан­ды­ғында істеп келгендер де, жаңадан қабылданғандар да бар. Барлығы жаңа қазандықтың қыр-сырын меңгеру үшін арнайы оқыған. Келер жылы орталық қазандықтың жанынан кадрлар даярлау үшін оқу орталығын құру көзделіп отыр.

Сонымен сарандықтар сар­ғая күт­кен жаңа қазандық қала­ға қыз-қыз жылу ғана емес, инфрақұ­рылымын жаңартып, игілік әкеліп отыр. Облы­сымыздың басқа өңір­лерінде де жұмыс кешігіп емес, кестеге сай жүріп жатыр.

 

Қарағанды облысы