
Аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында жарияланған тендердің жеңімпаздары ретінде қытайлық 4 компанияның анықталғаны белгілі. Жеңімпаз компаниялар маусым айында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының қабылдауында болып, алдағы жұмыстар жөнінде пікір алмасты. Сол кездесуде компанияларды тіркеу, жол құрылысына жергілікті мамандарды тарту және т.б. мәселелер сөз болған еді. Міне, содан бері біршама уақыт өтті.
Облыстың ғана емес республиканың экономикалық дамуында алатын орны айрықша жоба бойынша қазіргі кезеңде нендей жұмыстар атқарылды? Алдағы уақытта қандай шаруалар қолға алынады? Жергілікті кәсіпкерлер мен Қытай компаниялары арасында қандай іскерлік байланыстар орнатуға болады?
Ұлытау облысы Ұлттық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жергілікті кәсіпкерлердің бір тобы Жезқазған – Қызылорда бағытындағы 208 шақырым жолдың құрылысы бойынша жарияланған 8 лоттың жеңімпаздары болып табылатын қытайлық «Stecol Corporation»,«CRCEG»,«China Civil Engineering Construction Corporation», «China Railway First Group» компанияларының өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының облыстық филиалы бастығының орынбасары Н.Енбергенов жол құрылысын Мемлекет басшысының өз назарында ұстап отырғанына тоқталды. Өйткені бұл жол еліміздегі көлік логистикасын дамытуға өте қатты әсер етеді. Жолдың сапалы әрі белгіленген мерзімде бітуі техникалық қадағалау, Ұлттық сапа орталығы тарапынан қатаң бақылауда болады.
– Құрылысқа негізінен жергілікті жұмыс күші тартылады. Сондай-ақ жол салуға қажетті материалдарды өндіру, қызмет көрсету салаларына да қосымша тапсырыс түседі. Демек жаңа жұмыс орындары ашылады, – деген ол екіжақты әріптестікті нығайтудың тиімділігіне тоқталды.
Десе дегендей, қазірдің өзінде қытайлық компаниялар жергілікті салық органдарынан тіркеуден өтті, өздерінің кеңсе-офистерін жасақтап алды. Компаниялар таяу уақытта вахталық қалашықтар орнату, айналма жол салу тәрізді жұмыстарға кірісе бастайды.
– Біз қыс мезгілінде тиісті материалдар қорын жасап алғымыз келеді. Келер жылы күн жылыған бойда іске кірісеміз. Жол құрылысын 2026 жылдың соңына таман бітіруге міндеттіміз, – дейді олар.
Әрине, айтуға оңай. Ойға алғанның үдесінен шығу үшін жұмысты атқарып шығуға қабілетті техникалар, құрал-жабдықтар, білікті мамандар, жұмыс күші және тағысын тағылар болуы керек.
Бұл ретте қытай компаниялары жергілікті жердің мүмкіндіктерін пайдалануға мүдделі. Сондықтан да олар облыс кәсіпкерлері тарапынан түсетін ұсыныстарға қызығушылық танытып отыр.
Сәтін салғанда, жергілікті кәсіпкерлер арасынан әлден-ақ бірнеше ұсыныс айтылды. Айталық, «Жезтемірбетон» ЖШС темірбетон бұйымдарын, инертті материалдар беруге қабілетті. Олардың сапасы талапқа сай келеді. Әрине, ұсынылған материалдардың құрылысты жүргізушілер өздерінің зертханалары арқылы қайта тексерістен де өткізе алады. Сол сияқты «Gindlay Metals co.LTD» қиыршық таспен қамтамасыз етуге әзір. Бұл компанияның да сапа жөнінен барлық сатыдан өткен құжаттары бар. «Ремстрой» ЖШС жол құрылысына қажетті әртүрлі техникаларды ұсынды. «Ютария LTD» ЖШС жұмыскерлерді киім-кешекпен қамту мәселесінде өз қызметін ұсынуға әзір. Компания жұмыскерлерге, мамандарға қажетті киімдерді тігіп беріп қана қоймай, сонымен қатар олар кірлеген кезде жуып, тазалап та береді.
Бұл кездесу барысында айтылған кейбір ұсыныстар ғана. Олардың қатары ұлғая түсетіні күмәнсіз. Мысалы, кездесу барысында қытай кәсіпкерлері жақсы заңгердің қызметін де қажетсінетіндерін сездіріп қалды. Азық-түлік, ас-сумен қамтамасыз ететін кәсіпкерлер де өз ұсыныстарын білдіретіні күмәнсіз.
– Жезқазған – Қызылорда автожолын жөндеу біздің өңірдің халқы қаншама жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселе еді. Осы мәселеге Президент тікелей араласты, назарына алды. Ақыры мәселе шешімін тапты. Құрылыс басталғалы жатыр, халық сондай қуанышты. Бұл ауқымды жобаға жергілікті кәсіпкерлер де атсалысуға тиіс. Сондықтан, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы екі жақтың өзара байланыс орнатуына дәнекерлік жасап отыр. Бұл ретте баға саясаты, жұмыстың жеделдігі, тиімділігі тұрғысынан екі жағына да көмек көрсеткіміз келеді, – дейді Ұлытау облыстық «Атамекен» филиалының директоры Г.Қаженова.
Халықтың көптен күткен шаруасы қолға алынған екен, ендеше, одан тысқары қалуға болмайды. Халықаралық деңгейдегі бір жоба қолға алынып еді, жергілікті жердегі қаншама кәсіп қозғалысқа түсті. Бұл – нарықтың заңы, талабы. Соған сай болуға ұмтылған кәсіпкер ешқашан ұтылмайды.
Ұлытау облысы