Қоғам • 24 Қыркүйек, 2024

Өткенді зерделейтін экспедиция

77 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Жошы ұлысының құрылғанына – 800 жыл. Осыған орай Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы «Талас –Ұлытау – Сарайшық» республикалық тарихи-этнографиялық экспедициясын ұйымдастырған еді. Елден аттанған ғылым керуені арнайы дайындалған маршрутпен киелі жерлерді аралап жүр.

Өткенді зерделейтін экспедиция

Экспедиция құрамын­да еліміздегі тарихшы-ғалымдардан бөлек бауырлас Түркия елінен келген археолог Чобан Акайал, этнолог, М.Аммосов атындағы Солтүстік-Шығыс федералды университетінің магистранты, Алтын Орда тарихын зерттеуші, тарихшы, Ресейден келген Саина Михайлова секілді алыс-жақын шетелден келген тарихшылар бар. Бұл дегеніміз, мәдени көштің кең ауқымын көрсетеді.

«Бұл – екінші экспедициямыз. Біріншісі аймақтық деңгейде болды. Енді экспедиция гео­гра­фиясы аумағын кеңейтіп, Жам­был, Түркістан, Қызылорда және Атырау облыстарының тарихи орындарын, Жошы ұлысы мен Алтын Орда кезеңіне жататын ескерткіштерді аралаймыз. Жошы ұлысының ескерткіштерін ерекше зерттеп жүрген ғалымдар­­мен және жергілікті жұртшылық­пен кездесеміз», дейді облыстық мә­дениет, мұрағаттар және құжат­тама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов.

Экспедиция бағытына «Тек­тұр­мас» этно-тарихи кешені, ежел­гі Тараз қалашығы, Қарахан ке­се­несі, Жәнібек пен Керей хандар ес­керткіші, Айша бибі, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесене­сі, Керуен сарайы, Сығанақ қала­шы­ғы, «Қорқыт ата» мемориалдық ке­шені, «Сарайшық» туристік ор­талығы (Хан пантеоны), Сарай­шық қалашығы, «Абат-Байтақ» кесенесі, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені, Домбауыл және Алаша хан кесенелері кіреді.

«Экспедиция барысында Жошы ұлысының тарихымен бай­­­ланысты археологиялық, архи­тек­­туралық, мемориалдық нысан­дар­­дың қазіргі жағдайына бақы­лау жүргізіледі, туристік бағыт­ты арттыру бойынша ұсыныстар әзір­ленеді, фото, бейне, аудио фор­матта танымдық ақпараттық өнім­дер дайындалады. Ғалымдар, та­рихшылар мен мамандардың сұх­баты негізінде деректі фильм түсіріліп, халыққа ұсынылады. Мұнымен қоса, деректі фильм де әзірленеді», дейді облыстық та­рихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағанбетов.

Е.Бөкетов атындағы Қараған­ды зерттеу университеті тарих фа­культетінің аға оқытушысы, PhD, тарихшы Нұртас Смағұлов: «Жошы ұлысының құрылуы және оның Еуразия тарихындағы маңызы зор. Жошы ұлысының  құрылуы  – қазақ мемлекеттілігі­нің бастауы. Сондықтан ұлыстың 800 жылдығы еліміздің тарихы үшін саяси идеологиялық мән-мазмұны терең. Оны ұлықтау – бүгінгі ғылыми-саяси зиялы орта­ның өткен алдындағы борышы», дейді.

«Жошы ұлысының тарихын айғақтайтын ескерткіштерді зерт­теу, дәріптеу мақсатында ұйым­дастырылған экспе­ди­ция­ның өзектілігі айрықша. Қазақ даласында Жошы ұлысы­ның мә­дениетін айғақтайтын тари­хи нысандар баршылық. Осы сапарымызда аталған ескерткіштер­дің бірқатарын аралап, олар­дың қазіргі жай-күйі және болашақта туристік нысан ретінде дамытудың келелі мәселелері талқыланатын болады», дейді Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Төлеуов.

Осындай орасан мақсаттағы экспедиция аман-есен аяқталған соң, Астанада әлемдік тарихта Жошы ұлысының киелі орындары мен тарихи нысандарын сақтау, зерттеу, насихаттау мәселелері бо­йынша «Талас – Ұлытау – Сарай­шық» атты тақырыптық мұражай көр­мелері мен дөңгелек үстел
өтеді.

Бүгінгі күні Тараз, Түркістан­ның киелі орындарын аралап өт­кен көш Сыр өңіріндегі тарихи ке­шендермен танысып жүр. Тари­хымызды терең зерделеп жүрген экспедиция қазанның бірі күні елге келеді.

 

Қарағанды облысы