Руханият • 24 Қыркүйек, 2024

Сөзі – ұрпаққа аманат

140 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Байыбына барар болсақ, шешендік сөздер – ата-бабамыздың артына қалдырған асыл мұрасы, алтын көмбесі, сом асылдың сынығы. Сондықтан да олар жүрекке жақын, көзге ыстық. Осынау сөз маржандарының астарында пәлсапалық терең ой көмкерілген. Қилы-қилы заманды бастан өткерген халқымыз өмірдің әр тірлігіне терең бойлап, теңдесі жоқ ой орамдарын түйіп, атадан баланың құлағына құйып, зерделінің жадында сақталып, бұл күнге де жеткен.

Сөзі – ұрпаққа аманат

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сөз жоқ, шешендік сөз­дер ой ұстартып, тіл ұштайды. Ақылға ақыл, ойға ой қосып, бойдағы бұғып қалған адамның асыл қасиеттерінің дамуына игі әсер етеді. Сонымен бірге мұның тіл үйренуге де тигі­зетін септігі көп.

Оңтүстік өңіріндегі халық арасына атақ-даңқы кеңінен жайылған айтулы шешендердің бірі – біз төменде әңгіме еткелі отырған Айтжан би, ақын, шешен. Бірден айта кетейік, Айтжан бидің ақын­дығы мен шешендігі жөнінде мәліметтер аз жинақталған. Соған қарамастан, әлі де болса ел аузын­да құнды деректер кездеседі, оны білетін бірен-саран көнекөз қария­лар да табылып қалады.

Енді сол жөнінде аз-маз дерек. Айтжан би 1857 жылан жылы Қақпансор елді мекенінде туған. Өзінің тапқырлығы мен зерек­тігінің арқасында он жеті жасында, 1874 жылы Шу өңірінде би болған. 1918 жылы 61 жасында өмірден өткен. Сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Созақ қыстағының маңындағы Тарса төбеге жерленген. Кейіннен Қарабура әулиенің жанындағы пантеонға көк тасқа аты-жөні жазылып қойылған.

Айтжан – шежіреші, шешен­дігімен елге танылған адам. Айтулы өткір тілімен талай дауды жарып шыққан. Найманның Хасан ханына олардың халыққа істеген зорлық-зомбылығын ащы сөзбен шыжғырып тұрып бетіне басқан. Елге белгілі ақын, күйші, әзілқой, сықақшы Дайрабаймен замандас, сыйлас, жолдас болған деседі. Ақынның Арқаның Жанай байына айтқан сөздері жеткен.

Тағы бір дерек былай дейді. Айтжан Қазыбайұлының ақындық атағы жерлесі Құлыншақ Кемел­ұлымен қатар шыққан екен. Кезінде қазақтың көрнекті ақыны Асқар Тоқмағанбетов:

«Ақсүмбе, Абақ батыр Созақтағы,

Кем еді қай батырдан қазақтағы?

Құлыншақ, Бердібек пен Айтжан ақын,

Талайды сөзбен орап, тұзақтады», деп жырлағаны мәлім. Міне, осын­дағы Айтжан біз бүгінгі әңгіме етіп отырған Айтжан ақын Қазыбайұлы екені анық.

Кезінде Айтжан ақынның баласы Өмірбек те әкесіне тартып, ақын аты шыққан. Ол негізінен суы­рып-салма, айтыс ақыны атанған. Әубәкір, Мүсірәлі, Бибігүл, Күләй қыздар, Досқұл ақындармен қатар жүрген. Олардың бір-біріне деген уытты әзіл-қалжыңдары кейінге жеткен.

Шешендігімен, әділдігімен елге танылған Айтжан өткір тілімен талай дауға төрелік еткен. Сондықтан оны қара халық сыйлап, құрмет тұтқан.

Уақытында ақынның «Зерді» атты өсиет кітабы баспадан шық­қан екен. Алайда ол әр түрлі жағ­дайға байланысты жоғалып, табылмай кеткен. Кітап туралы әңгімелер көп, мүмкін іздеушісі, жинақтаушысы табылып қалар.

Көкірегі ояу, ары таза Айтжан ақын өмірінің соңғы кезінде Созақ қыстағында ұжымдастыру науқанында ауылдағы ел-жұртқа «Шүленкөже» таратуға басшылық жасаған. Елдегі кедей адамдарды жинап, оларды бір мезгіл тамақтандырып, ажал аранынан құтқарып қалған. Дәл сол кезде ауылда жетімхана ашып, панасыз балаларды бір жерге жинап, оларға тегін тамақ, киім беруді ұйымдастырған. Балалар­ды топ-топқа бөліп оқытқан. Оқушылардың саны 130-дан асқан екен. Қазір солардың үрім-бұтақтары өніп, өсіп, елге қызмет жасап жатыр.

Қарақан басының қамын ой­ла­­маған көпшіл Айтжан ақын астық пен елге керек-жарақты көктем, жаз және күзде кіре тартып, сонау бір қиырдағы Атбасар, Қызылжар, Қараөткелге дейін барып, қиындықпен тапқан табыс­тарын Созаққа әкеліп, елдің мұқ­­­тажына жаратып, жұмсап отыр­­ған. Кеңес өкіметі толық құ­рыл­ғаннан кейін осындай халық­қа қызмет еткен жанның ұрпақ­­тарына «Айтжан би болған, сендер соның туысысыңдар» деп, оларды қуғын-сүргінге ұшыратқан.

Жалпы, ел арасында «Айтжан ақын айтқан екен» деген билік, шешімдері, әзіл-қалжыңдары мен бірқақпайлары, мөлтек шумақ­та­ры әлі де кездесіп қалады. Олар­­­­ды ақынның немересі, өзі де жазу-сызуға жақын зиялы азамат, он шақты кітаптың авторы Тоба­қабыл Өмірзақұлы Айтжан жинақтап, арнайы кітап етіп бас­тыруда елеулі тірлік атқарып жүр. Бір өкініштісі сол, Айтжан би, ақын, шешеннің атына Теріскей­ден бір көше бұйырмай-ақ келеді. «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» деген. Әлі-ақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан игілікті іс қолға алынып та қалар. Үмітімізді үзбейік...

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

Созақ ауданының құрметті азаматы 

 

Түркістан облысы