Жасанды зерде жазған алғашқы романдардың бірі – «The Day A Computer Writes A Novel». Қазақшаласақ, «Компьютер роман жазған күн». Бұл шығарма 2016 жылы Жапониядағы Хоши Синичи атындағы әдеби байқауға қатысып, бірінші кезеңнен өткен. Романда адамдардың компьютермен қарым-қатынасы туралы, сондай-ақ болашақта роботтардың адам өміріне қалай әсер ететіні туралы баяндалған.
Ең кішкентай кітап
Канададағы «Simon Fraser» университетінің ғалымдары жасаған әлемдегі ең кішкентай кітаптың атауы – «Teeny Ted from Turnip Town».
Гиннесс рекордтар кітабына енген бұл ерекше кітап 2007 жылы жарық көрді. Өлшемі 0,07 мм ғана болғандықтан, оны тек микроскоппен оқуға болады. Шығармадағы әріптерді нанотехнология көмегімен кремний кристалдарына ойып жазған. Әлбетте, шағын кітаптың мазмұны да бар. Балаларға арналған ертегіде Тэд атты жасөспірімнің өмірі баяндалады. Кітап авторы – Малькольм Дуглас Чаплин. Ал баспагер – Роберт Чаплин.
Ең үлкен кітапхана
Вашингтонда орналасқан Конгресс кітапханасы – әлемдегі ең үлкен кітапхана.
Бүгінде кітапхана қорында 470 тілдегі 38 миллионнан астам кітап бар, ал сөрелердің жалпы ұзындығы 1200 шақырымға жетеді. Тағы бір таңғаларлығы, мұнда 3600 қызметкер жұмыс істейді. Бұл мекеме тек кітаптарды ғана емес басқа да құнды материалдарды сақтайды. Онда 3,6 миллион аудио, 14 миллион фотосурет, 5,5 миллион географиялық карта, 8,1 миллион музыкалық жинақ, 70 миллион қолжазба бар.