Бұдан тура бір жыл бұрын аудан әкімі қызметіне бұрындары кәсіпкерлікпен шұғылданған, кезінде аудан орталығына үлкен мешіт салып берген, басқа да әлеуметтік ғимараттарды тұрғызған, облыстық мәслихаттың депутаты Аэлита Ахметсәлімқызы тағайындалған болатын. Басшыға өңірдің тыныс-тіршілігі, проблемалар бұрыннан таныс. Қызметке тағайындала сала әкім өз қызметін ауданның елді мекендерін түгел аралап, жергілікті тұрғындармен кездесуден бастады. Ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажы, толғандырған мәселелері аз емес. Аэлита кездесуде барлық арызды тыңдап, бойына біткен қасиеті бойынша кейбірін бірден шешіп, бірге еріп жүрген бөлім басшыларына мәселелерді реттеуге тапсырма берді.
Аудан бюджетіне қосымша қаражат бөлуге де қол жеткізді. Зайсан ауданынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты ретіндегі тәжірибесі бұл шаруаларды шешуге әсер етті. Міне, істің қыры мен сырын жетік білетін білікті басшы көп ізденіс пен іскерліктің нәтижесінде біршама табысқа қол жеткізді. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны 4 072-ке жетіп, бюджетке 1,1 млрд теңге салық түсті. Өнеркәсіпте 7,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Аудан экономикасының негізгі саласы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 52,2 млрд теңгеге жетті. Өткен жылы ауданда астықтан жақсы түсім алынды. «Іскер» бағдарламасымен 36 жобаға 144 млн теңге, «Агробизнес» бағдарламасымен екі жобаға 21 млн теңге, барлығы 165 млн теңге несие шаруа қожалықтарына берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында су ресурстарының қолжетімді болуы агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына тікелей ықпал жасайтын фактор екенін атап өткен болатын. Ауданда Үйдене су жүйесі бар. Ол ауданның егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етеді. Демек, су қоймасына күрделі жөндеу де – басты міндеттің бірі. Сонымен қатар Кендірлік өзеніне бөгет салу да суармалы егіншіліктің дамуына әсер ететіні сөзсіз.
«Ауданда шешімін таппаған проблемалар баршылық. 2024 жылды облыс әкімі Ермек Көшербаев өңірімізде «Жол жылы» деп жариялады. Жолдарды жөндеу, аудан орталығындағы көшелерді абаттандыруда көп жұмыс атқардық. Зайсан, Біржан, Қаратал, Айнабұлақ, Көкжыра, Қуаныш, Көгедай, Мұқашы ауылдарының көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Омбы – Майқапшағай – Шілікті – Ақжар» жолының 20 шақырымы толық аяқталды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Шілікті, Қарабұлақ, Кеңсай, Жарсу, Бақасу, Саржыра ауылдарында 578,8 млн теңгеге 20,8 шақырым көше мен кіреберіс жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қарабұлақ, Көгедай, Кеңсай, Тасбастау, Жаңатұрмыс, Мұқашы, Қарсай ауылдарының су жүйелерінің тамырына қан жүгірді. «Қазақстан халқына» қорынан 250 млн теңгеге М.Әуезов мектебі заманауи жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілді. Зайсан қаласында құны 2 млрд 500 млн теңге болатын 300 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр, биыл пайдалануға беріледі», дейді әкім біраз игілікті жаңалықтан хабардар етіп.
Айтуынша, Қарабұлақ ауылындағы 75 орындық жекеменшік балабақша ашылған кездегі ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмаған. Сонымен қатар жыл басынан бері 7 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылған.
«Өңірлік «Бір қабатты Шығыс бағдарламасы» шеңберінде көпбалалы отбасылар және әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандар үшін өткен жылы 42 баспана табыс етілсе, биыл 68 баспананың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Қаратал ауылында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, Саржыра, Жаңатұрмыс ауылдарында жаңа үлгідегі дәрігерлік пункттер, Жарсу және Айнабұлақ ауыдарында спорт залы мен модульдер құрылысы басталды. Жақында «Самұрық-Қазына» қорының қаржылай қолдауымен жаңа спорт алаңдары пайдалануға берілді», дейді.
Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес, республика аймағындағы шалғай елді мекендердегі білім беру нысандары жоғары жылдамдықты интернетке қосылып жатыр. Бүгінгі күні аудандағы 16 орта мектепке «Starlink» спутниктік интернет желісі орнатылды. Үш мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Зайсан ауданының денсаулық сақтау саласында да алға ілгерілеу бар. Аудандық ауруханаға 465 млн теңгеге компьютерлік томография аппараты орнатылып, тұрғындарға қызмет көрсете бастады. Ал биыл бүйрек науқасына шалдыққан адамдарға гемодиализ аппараты, басқа да қажетті дәрігерлік құрал-жабдықтар алынбақ.
Ауданда 35 жасқа дейін 10 мыңға тарта жас бар екен. Аудандық жастар ресурстық орталығының жұмысы аудан әкімдігінің назарынан тыс қалған емес. Ауданда қазір 105 спорт нысаны, 11 мәдениет ошағы халыққа қызмет көрсетіп отыр. Аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы кезінде өзі де дзюдомен шұғылданып, халықаралық, республикалық жарыстарда сан рет жүлде алған саңлақ балуан. Жақында Зайсанда бес жылғы үзілістен кейін облыс әкімінің бастамасымен облыстық халық ойындарының бірінші кезеңі басталды. Зайсандықтар бәйге, қазақша күрес, аударыспақ, басқа да ұлттық ойындарда тамаша нәтиже көрсетті. Бұл күндері «Сайхан» спорт клубының Дархан Абылханов басқаратын ұлттық спорт түрлерінің өкілдері аудан намысын қорғап жүр.
Ел мұраты жолындағы еселі еңбегі көзге көрініп, көңілді демдеп тұрған соң, жақсының жақсылығын айтуды жөн санадық. Әрине, атқарылатын шаруа әлі де көп. Бірақ соның бәрін білікті басшы абыроймен атқарып шығады деген сенім басым.
Оңдасын Елубай,
«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері, Зайсан ауданының Құрметті азаматы