Шаруашылық • 25 Қыркүйек, 2024

Ырыздық жорығы қызған шақ

103 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ақмолалық диқандар бітік егіннің әр дәнін шашау шығар­май, жерде өскенді жерде қалдырмай жинап алу қамына кіріскен. Қауырт қимыл­дың нәтижесінде жауапты науқан өрмек жүзінен ауды.

Ырыздық жорығы қызған шақ

Толассыз жауыннан зәрезап болған диқандар күн райын бақылап отыр. Әрбір ашық сәт – алтыннан қымбат. Ұтымды қимылдауға тырысқанымен, тәулік бойы жұмыс істеу мүмкіндігі жоқ. Таңертең шық кепкенше кідіріп қала­ды. Қанша асыққанмен жұмыс күн­дізгі сағат 10-11-лерде ғана бас­та­лып жүр. Ымырт үйіріле тағы да ыл­­ғал молаймақ. Қолбайлау болып отыр­­ған негізгі жайт – осы. Ылғал мол жы­лы астықты кептіру – бір мұң. Қазір облыс­та сыйымдылығы 4,3 млн тонна бола­тын элеваторлар іркіліссіз жұмыс істеп тұр.

Ауыл шаруашылығы құрылым­да­рын­да сыйымдылығы 2,8 млн тонна төңі­регінде астық сыятын қоймалар бар. Егін орағы басталғалы Бұланды ауда­нын­дағы «Арна» серіктестігінің астық қабылдау кәсіпорны тәулік бойы жұмыс істеуге көшкен. Сыйымдылығы 120 мың тонналық элеваторға төңіректегі төрт ауданның диқандары астық пен майлы дақылды тасымалдайды. Кәсіпорын басшысы Клара Меңдібаеваның айтуына қарағанда, тамыздың 25-інен бастап ауы­сыммен жұмыс істеуге көшкен.

Жауапты науқанда жұмысшылар демалыс күндері де бір тынбайды. Қыруар еңбекпен өсірілген астықты ысырапсыз сақтап қалуға өз үлестерін қосып жатыр. Таңғы сағат жетіден түнгі үшке дейін 2,5 мың тонна астық қабылдап үлгереді. Іле ұшыру, тазалау, кептіру жұмыстары жүргізіледі. Егін орағы басталғалы алғашқы бетте ылғалдылық көрсеткіші 25 пайыз болса, күн ашылып, танаптағы дән біршама кепкен соң ылғалдылық көрсеткіші 16-19 пайыздың төңірегінде болып тұр. Бұл жай элеватордағы еңбек­ті сәл де болса жеңілдетеді.

Жеткізілген астық зертханадан өткізілген соң бірден кептірілуге немесе атжалдап үюге жіберіледі. Астық қабылдау кәсіпорнындағы зығыр сабанымен жұмыс істейтін кептіргіш құрылғы күні-түні тоқтаған емес. Қазір үш мың тоннаға жуық дымқыл астық жинақталып қалған. Әйтсе де, кәсіпорын директорының айтуынша, бұл сон­шалықты қорқынышты емес.

Бір жақсысы, 87 адам еңбек ететін кәсіпорында жұмыс күші жет­кілікті. Тіпті жан алып, жан беріскен науқандық жұмыс кезінде де сырттан көмек шақырмапты. Бар жұмыс механикаландырылғандықтан, қол күшін қажет ететін тұс сейілген. Қазір бар шаруа көзді ашып-жұмғанша атқарылады. Бір жүк машинасындағы дәнді түсіру үшін небәрі бес минут уақыт кетеді. Сөз арасында астық қабылдау кәсіпорны «Бота 2015» серіктестігінің зауытына қажетті шикізатты сақтайтынын және Макинка құс фабрикасы да құс азығын осы жерде өңдейтінін айта кетсек, артық болмас.

Бұланды ауданындағы «Журав­лев­ка-1» серіктестігі – ірі шаруашылықтың бірі. Олар 116 мың гектар жерге дәнді дақыл тұқымын сіңірген. Серіктестіктің бас директоры Ерлан Тоқановтың айтуы­­на қарағанда, астық сапасы әр­түрлі. Үшінші, төртінші класс та бар. Ылғал­дылығы сортына және егін орағын жүргізу уақытына байланысты. Жауын көп болғандықтан, кейбір алқаптағы ақық дән піспей жатыр. Сондықтан жауапты науқанның мерзімі мейлінше шектеулі. Қазір дәннен басын көтере алмай, теңіздей толқыған егістік алқаптарда жүзге жуық астық комбайны жұмысқа тартылған. Оның басым көбі – заманауи алымды комбайндар.

– Биылғы көктемгі егіс кезінде жауын-шашын көп болып, уақыт өткізіп алдық. Сондықтан қоңыр күзде дән піспей, қолбайлау болып тұр. Бұл жай бидайдың сапасына да әсер етуде, ал көлемінде кемістік жоқ. Серіктестік бойынша гектар берекесі 30 центнерден айналып жатыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Соңғы тәуліктерде бидайдың ылғалдылығы 17 пайызға жетті, – дейді «Журавлевка – 1» серіктестігінің директоры Ерлан Тоқанов, – астықты «Арна» элеваторына тасымалдап жатырмыз. Өзіміздің қырман­дарымызда да кептіргіш құрыл­ғылар бар.

Серіктестік астықты ысырапсыз сақтау үшін жеті жылдан бері жаңа тех­нология бойынша сыйымды астық қаптарын пайдаланып жүр. Бұл әдіс тым ылғалды дәнді сақтауға септігін тигізеді. Мұндай қаптардың сыйымдылығы – 60 мың тонна төңірегінде. Жаңа астықтың 20 мың тоннасы қапталған. Мамандардың айтуынша, ылғалдылығы 20 пайызға жететін 200 тонна астықты жарты жыл сақтауға болады. Суық түскен кезде қап­тағы дәнді астық қабылдау кәсіп­орындарына жөнелтеді.

Шаруашылықта картоп та өсірі­леді. 400 гектар егістік алқап суарылады. Екінші нанның бірнеше сұрып­тары отырғызылған. Қазір картоп алқап­тарының берекесі 32-45 тонна төңі­ре­гін­де. Шаруашылық кейінгі үш жыл бойы өз қоймаларын пайдаланып отыр. Картопты үш комбайнмен жинап жатыр. Қазірдің өзінде сұраныс мол. Елі­міздің оңтүстігінен, Өзбекстаннан да сатып алуға тілек білдірушілер табылып жатыр. Әр күн сайын 100 тонна өнімді жөнелтуде, қалғаны қоймада сақталады.

Ақкөл ауданының «Урюпин» серік­тестігінің астығы жиналған алқап­тарында сабан маялары сыңсып тұр. Өткен қыста малсақ қауым осындай сабанға зар болып еді. Серіктестіктің сабанды жинауға кеткен шығыны ел алғысымен өтелмек. Шаруашылықтар өздеріне екі мың тонна сабан жинап алмақ. Серіктестіктің барлық жұмысшысына шөп пен сабан тегін беріледі екен. Жер игілігін көріп отырғаннан кейін ауылдағы ағайынға жанашырлық жасаған жақсы ғой. Серіктестіктің бас инженері Рамиль Фатхиевтің айтуына қарағанда, егін алқаптарының жартысынан астамы жиналды. Көктемде он мың гектар жерге дәнді дақыл тұқымын сіңірген болатын. Мол ылғалдың арқасында егін бітік шықты. Соңғы тәуліктерде күн шайдай ашылып, қауыздағы дән кебе бастады. Қазір дәннің ылғалдылығы 14-15 пайыз шамасында, ал гектар берекесі 17 центнерден айналып отыр.

Ақкөл ауданындағы «Еңбек» серіктес­тігінің егістік алқаптарындағы ырыздық үшін өрістетілген күзгі дала жорығы нағыз қызған шағында. Серіктестіктің бас инженері Андрей Зинченконың айтуына қарағанда, таңертең бастырылған дәнде ылғал көптеу. Шаңқай түсте дән­нің бойындағы ылғал кеуіп, 16 па­йызға дейін төмендейді. Алқапта бас­тырылған астық іле қырманға жет­кізіледі. Кептірілгеннен кейін қой­маға тоғытылмақ. Гектар берекесі 20 центнердің төңірегінде. Серіктестіктегі егістік алқаптардан жи­налған бидайдың сапасы да тәуір. Сөз арасында серіктестік орга­ни­калық тыңайтқышты пайдаланатынын айта кеткен жөн. Би­дайдың «орасан» сұрпын өсіреді.

Серіктестік гербицидтерді, өзге де тыңайтқыштарды мүлде пайдаланбайды. Астықты алқаптарда жаз бойы бір­неше мәрте механикаландырылған өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Андрей Зинченконың пікірінше, халық бидайдың бұл сұрпын ауызекі тілде «түйенің тісі» деп атайды екен. Себебі бидайдың өзге сұрыптарымен салыстырған мейлінше қатты әрі түйе тісі тәрізді имектеу пі­шінде. Өндірілген өнімге алыс-жақын шетелден сұраныс көп.

Осы жылы жүгері де өсіріпті. Қазір кісі бойындай жүгері жайқалып тұр. Шаруашылық алпыс гектар жерге амарант дақылын мал азығына пайдаланамыз деп тұңғыш рет егіп, тәжірибеден өткізіп жатыр.

Уақытпен санаспай, ел игілігі үшін бойындағы бар қуат пен қажырды сарқа жұмсап, жауапты кезеңнің талабын жақсы түсінген ақмолалық диқандар енді бірер аптада ауа райы мүмкіндік берсе, бар жұмысты тап-тұйнақтай етіп атқарып шықпақ.

 

Ақмола облысы