Саясат • 25 Қыркүйек, 2024

АЭС игілігін барша жұрт көреді

162 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халық штабының жұмысы кеше Павлодар облысында жалғасты. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған депутаттар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері Ақсу, Павлодар қалаларында болып, энергетикалық корпорацияның ұжымымен, сондай-ақ металлургия саласында еңбек ететін мамандармен кездесті. Штаб мүшелері сарапшылар қауымдастығымен және белсенді жастармен де жүздесті. Іс-шаралар барысында АЭС салу мәселесіне қатысты референдумның маңызы мен мәні талқыланды.

АЭС игілігін барша жұрт көреді

Еуразиялық энергетикалық кор­по­ра­циясының және Қазақстан алюми­нийі компаниясының ұжымдарымен кездесулерде штаб мүшелері энергетика саласындағы маңызды проблемаларға, нақты айтқанда, оның тапшылығына және электр стансаларының тозуы мен импортқа тәуелділік мәселелеріне жан-жақты тоқталды.

Сенат төрағасы атап өткендей, біздің еліміз жан басына шаққандағы көмірқышқыл газының шығарындылары бойынша әлемде алдыңғы орындардың бірін алады. Осы орайда елімізде көмір­тегі қалдығын азайту үшін өндіріске инновацияны кеңінен енгізудің маңызы зор. Бұл ретте елдегі энергия тапшылығын ауаға көмірқышқыл газын барынша аз шығаратын энергия көздері арқылы шешу мәселесі өте өзекті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақұлдауымен 6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесіне қатысты республикалық референдум өтеді. Референдумның маңызы мен міндеттерін жан-жақты түсіндіру үшін Халық штабы құрылды. Оның құрамында депутаттар, партиялар мен түрлі ұйымдар және ел ертеңіне бейжай қарамайтын белсенді азаматтар бар. Түсіндіру жұмыстары барлық облыста, қалада және ауылда кеңінен жүргізіліп жатыр. Осы орайда азаматтарымыздың белсенділігі, бастамашылдығы және ел ертеңіне сергек қарамайтыны қуантады. Біздің бүгінгі кездесуіміз де жемісті болады деп үміттенеміз. Сондай-ақ сіздердің әрқайсыңыз алдағы референдумға белсенді қатысасыздар деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар штаб мүшелері Жастар бастамаларын дамыту орталығында өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Сенат төрағасы жас буынды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін тілге тиек етіп, осы саладағы реформалардың мәніне назар аударды. Палата спикері ел болашағына ықпал ететін мәселе күн тәртібіне шығарылған референдумға жастардың белсенді қатысуы маңызды рөл атқаратынын айтты.

Штаб мүшелері өңірдегі сарапшылар қауымдастығымен кездесуде жалпыұлттық референдум елдің дамуы жолында шешуші мәнге ие екеніне тоқ­талды. Сұхбат кезінде АЭС-тің елге берер игілігін халыққа сапалы әрі жан-жақты түсіндірудің маңызды екені де айтылды.