Алматы • 25 Қыркүйек, 2024

Алматыда газ инфрақұрылымының құрылысы аяқталды

218 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

24 қыркүйекте «Алматы-Байсерке-Талғар» магистралды газ құбыры екінші тармағының құрылысы аяқталды. Іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ ҰӘҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев, Алматы қаласы Алатау ауданы әкімі Талғат Малыбаев және «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов қатысты.

Алматыда газ инфрақұрылымының құрылысы аяқталды

Бұл – ЖЭО арналған газ инфрақұры­лымының төртінші нысаны. Оның ұзындығы – 62,4 км, диаметрі – 530мм, өткізу қабілеті – сағатына 1 000 000 м3.

«Бүгінгі күні барлық жұмыс аяқталды. Объектінің маңы ретке келтірілді. Газ құбырының жұмысы тексерілді. Магистралды газ құбырының екінші тармағы тұтынушыларды және ЖЭО-2, ЖЭО-3 нысандарын табиғи газбен тұрақты түрде қамтамасыз етуге ықпал етеді», деді Нұрлан Жақыпов.

ап

Сонымен қатар газ тасымалдау жү­йе­­сін кеңейту қолданыстағы Алматы-Байсерке-Талғар бір желілік газ құбырының тоқтап қалуына байланыс­ты төтенше жағдайларды болдырмауға мүмкіндік береді.

«Мемлекет басшысының Алматы қаласының Жылу электр орталықтарын газдандыру туралы тапсырмасы аясында «QazaqGaz» ұлттық компаниясы «Алматы-Байсерке-Талғар» МГҚ екінші тармағының құрылысын аяқтады. Біздің еншілес компаниямыз «Интергаз Орталық Азия» барлық жұмысты мерзімінен бұрын аяқтады. Осы орайда жобаның сәтті жүзеге асуына қолдау білдірген «Самұрық-Қазына» қоры, Алматы қаласы, Алматы облысының әкімдігіне ерекше алғысымды білдіремін», деді Санжар Жаркешов.

ен

Сыртқы газ инфрақұрылымын дайындау төрт ауқымды нысанның құрылысын қамтыды: ЖЭО-2 және ЖЭО-3 екі автоматты газ тарату стансасы, олардың өнімділігі сағатына 250 және 150 мың текше метр. Алматы-Байсерке-Талғар және Қазақстан-Қытай  газ  құбырлары арасындағы өнімділігі сағатына 1 млн текше метрді құрайтын ТIP-04 газ құбырын жалғаушы,  сондай-ақ Алматы-Байсерке-Талғар магистралдық газ  құбырының екінші желісі. 2023 жылдың қараша айын­да екі автоматты газ тарату стансасы мен ТIP-04 газ құбыры мерзімінен бұрын пай­далануға берілді.

Алматы жылу электр стансаларын газға көшіру қаланың экологиялық ахуалының жақсаруына ықпал етеді. Сонымен қатар Алматы қаласы мен Алматы облысының газ тасымалдау жү­йе­сін кеңейту, кәсіпкерлік пен өнер­кә­сіп­тік кәсіпорындардың дамуына жаңа серпін береді. Тиісінше, жаңа жұмыс орындары ашылып, өңір экономикасына мультипликативтік әсер етеді.