Тағзым • 26 Қыркүйек, 2024

Ақын үйіне ескерткіш тақта қойылды

72 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр дүниеден озған көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының бас ша­һардағы тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылды. Та­ғылымды іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің жауапты тұл­ғалары, елордалық зиялылар, ақын шығар­машы­лы­ғын жақсы көретін оқырмандар мен туған-туыстары қатысты.

Ақын үйіне ескерткіш тақта қойылды

Абай даңғылы бойындағы құтты шаңырақта ардақты ақын 2000-жылдардың ба­сынан бастап, ақырғы демі үзілгенге дейін тұрып, көп­теген шығармасын жазды. Әсі­ресе «Бостандық жыры­ның бозжорғасы» атанған шайыр­дың елордаға көшіп кел­геннен кейін жаңа тынысы ашылып, ел тәуелсіздігі мен сол жолда құрбан болған ба­һадүрлер туралы тебіреніп жыр­лады. Соңғы деміне дейін қолынан қаламын тастамаған қаламгердің ұлттық құнарға бай айшықты өлеңдерінен басқа, 40-қа жуық кең тынысты поэма өмірге келді. Солардың дені осы үйде жазылды.

Іс-шараны жүргізген Қа­зақстан Жазушылар ода­ғы Астана қалалық филиа­лы­ның ди­ректоры Дәулеткерей Кәп­ұлы алдымен қазақ өле­ңінің аспанында үйір-үйір бұлт айдаған айтулы ақын шығар­машылығына тоқталды. Одан кейін сөз алған Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимов ұлт әдебиетінің қазынасын байытқан сыршыл суреткердің руханиятымызға қосқан үлесі мол екенін жеткізді.

«Несіпбек Айтұлы секілді тұрпаты бөлек таланттар сирек кездеседі. Ағамыздың жазған дүниелері – ұлтымыздың ғана емес, әлем әдебиетінің інжу-маржаны дер едім. Поэзияда жыраулардың жолын жалғап, өнегелі із қалдырды. Сондықтан ақынның шұрайлы тілмен шынайы жазылған шығармалары – жас ұрпаққа мәңгілік қазына болып қала береді», деді ол.

Ал белгілі ақын, Мемле­кет­тік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай бүгінгі оқиға елорданың рухани-мәдени әле­­міндегі мазмұнды іс-шара екенін айтты.

«Қазақ руханиятына талмай еңбек еткен Несағаң туралы көп айтуға болады. Шын мәнінде, ол – бақытты адам. Екі қоғамдық формацияны көріп, екі ғасырда ғұмыр кешті. Ұрпақ өсірді. Қазақ өлеңінің ғажайып үлгілерін жаңартты. Бір сөзбен айтқанда, Несіпбек Айтұлы – ұлт руханиятындағы жұлдызы жарық тұлғаның бірі. Оның ағыл-тегіл ақ жаңбырдай төгілген өлеңдері, «Ән домбыра», «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Арман», «Дариға, дәурен» деген ел сүйіп тыңдайтын әнге жазған сөздері, Жүніс Еміреден бастап, Әлішер Науаиға дейінгі аудармалары – ұлт әдебиетінде ақын есімін айшықтап тұрады», деген Ғ.Жайлыбай қаламдас ағасының рухына арнап жазған өлеңін оқыды.

Бұдан кейін «Amanat» пар­тия­сы Ақсуат аудандық фи­лиалының төр­ағасы Ер­жан Құттыбаев ақын жерлес­терінің сәлемін жет­­кізсе, баласы Нұрат Несіп­бекұлы осы тақтаны қоюға мұ­рындық болған Астана қаласы әкімдігі мен жиналған қауымға риза­шылығын білдірді. Ескерт­кіш тақтаны ақынның зайыбы Ма­нат апай мен Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимов ашты.