Қоғам • 26 Қыркүйек, 2024

Керекудің майталманға құрметі

81 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер музейінде қазақ киносының аңызы Асанәлі Әшімұлының жеке заттары қойылған кабинет ашылды. Онда актердің киген шапаны, шахмат тақтасы, үстел үсті жиынтықтары және өзге де пайдаланған жеке заттары, фотосуреттері қойылған.

Керекудің майталманға құрметі

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек

Асанәлі Әшімұлы – қазақ кино­сын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі. Театр саласында да майталманның еңбегі жарқырап көрінді. Музей-кабинеттің ашылу салтанатында актердің өзі атап өткендей, «өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық».

«Өнер өлкесінде атың естіле бастаса дұшпаның көбейетіні бар. Адам сын­мен өсе­ді, айтыс-тартыс­та шың­далады. Шар­бо­латтай әб­ден жетіліп шығып, өнер­дің кө­гінде қалықтататын шабыт шір­кін­нің таусылмағаны абзал. Бү­гін ерек­ше толқып отырмын. Бұқар жы­рау музейі маған ай­рықша сый жа­сады. Жастық ша­ғымдағы, кино мен театр­дағы ұмыт болған кей­бір есте­ліктер ойға қайта оралып отыр. Сирек фото­суреттерді көрдім. Музей­дің бұл кабинеті менің жеке тұлғама емес, қазақ киносына жасап отырған тартуы деп ұғындым. Керекудің топырағы құйқалы, Жұмат Шаниндей ұлттық театр өнерінің негізін салушы тұлғаны, Шәкен Айма­новтай қазақ киносының атасын дүниеге әкелді. Қаншама театр және кино актерлері, өнер адамдары өсіп шықты. Сол ата­ларымыздың қасиетті рухы бүгінгі ұрпақты желеп-жебеп, елдің азаматтары өнерді көтеріп жатқаны мені айрықша қуантады. Музей деген өткенді жұртпен табыстыру, руха­ният­ты насихаттау болса, бүгінгі өне­гелі іс осы үдеден толықтай шығып отыр», деп алғысын жеткізді Асанәлі Әшімұлы.

а

Актердің қатысуымен көп­теген кинокартина Пав­ло­­дар облысының Баянауыл ауда­­­нында түсірілген. Олардың ара­сында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты қазақ  киносы­ның шедеврін атап өтуге болады. Жер бедері көркем фильм түсіруге жайлы өлкеге кезінде Шәкен Айманов, сондай-ақ өзге де режиссерлер түсірілім топтарын жиі әкелген.

Бір сәт актер балалық шағы жайын­дағы естеліктерімен бөлісті.

«Мен жоқшылықты жет­кіншек шағымнан көріп өстім. Әкем 25 жасында май­дан­ға аттанып, содан оралмады. Еңбектің қадірін, нан­ның қасиетін ерте түсіндік. Ана­мызға көмек болсын деп ұжымшар қырманындағы тірлік­ке 4 жасымнан аралас­тым. Қыр­маншы шал мені астық бас­тыратын өгіздің үстіне мінгізіп қоятын. 1944 жылы мектеп та­бал­дырығын аттадым. Әлі күн­ге есімде, жоқшылық салдарынан әбден қар түскенше мектепке жалаң аяқ барып-қайтатынбыз», деп тебіренді қазақ киносының аңызы.

Бұқар жырау атындағы Әде­биет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров каби­нетті ашудағы мақсат – жұрт­шы­лықты есімі елге сыйлы Асанәлі Әшімұлының өнер жолымен таныстырып, жастарға үлгі ету екенін атап өтті.

«Мұнда актердің 15-ке жуық жеке заты, түрлі түсірі­лім­­дердегі және отба­сылық сурет­тері қойылған. Жәді­гер­лер­дің көпшілігін жыл басында Алматы қаласына арнайы ба­рып, Асан­әлі ағаның өзінен алып келген едім. Зат­тар­дың ішін­де актердің еңбектері, ша­паны, көзілдірігі, портфелі бар. Музей-кабинет 2-3 жыл кө­ле­мінде ашық тұрады. Кейін мұн­дағы жәдігер­лер арнайы экс­позицияға айналады. Ал­дағы уақытта музей қорын еліміз­ге танымал өзге де өнер және мәде­ниет қайраткерлеріне қатысты жәдігер­лермен толықтыратын жоспарымыз бар», дейді музей басшысы.

 

Павлодар облысы