Қоғам • 26 Қыркүйек, 2024

Рухани орда мерекесі

77 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана шежіресі мол сыр шертеді. Алғаш 2 мыңнан аса кітап қоры бар кітапхананың бүгінгі қазы­насы 400 мыңнан асады. Жақында ғана тоқсан жылдық торқалы тойын тағы­лымды етіп өткерген мәдени шаңырақ жүзжылдық жылнамаға бет алды.

Рухани орда мерекесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «кітапхана ісін да­мы­туға бейжай қарауға болмайтынын» баса айтқан еді. Сол себепті, құнды дүниелер халыққа қолжетімді болуына кітап қоры бір­ың­ғай сандық форматқа көшіріліп жатыр. Кітапхана қорында XVII ғасырдың соңынан бастап жарыққа шыққан екі мыңнан астам сирек кітап бар. Олар арнайы қорда сақталған. Жылына мұнда 23 мыңнан астам оқырман тіркелетін көрінеді. Оқырмандарының дені – жастар.

Торқалы той басы «Қа­ра­ғанды 09: еркін диалог аймағы» ха­лықаралық OpenTalk брифингімен бас­талды. Қазіргі заманғы кітапха­налық қызметтің теориялық және прак­тикалық бағыттарын талқы­лау, шетелден, еліміздің басқа өңірі­нен келген кітапхана басшыларымен бірге кітапхана жұмысының креа­тивті әдістемелері және табысты тәжі­рибелерімен алмасу, музей мен архивтер арасындағы ынтымақтастық секілді тақырыптар жан-жақты талқыланды.

ап

Алғаш сөз алған Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов ұжымды мерейтойымен құттықтады.

– Бұл рухани орда облысымыздың бас кітапханасына айналды. Жылдан-жылға кітапхана өз қызметін кеңейтіп, әлеуметтік-мәдени, ақпараттық және білім беру орталығы ретінде дамып келеді. Бұл мереке тек біздің өңірдің мәдениеті ғана емес, республика үшін де маңызды және айтулы дата екені сөзсіз, – деді ол.

Салтанатты рәсім ке­зінде Мәдениет және ақпарат министр­лігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева­ның құттықтау хатын жеткізді.

«Кітапханашылардың еңбегі ерен! Облыстық кітапханашы құра­мы­ның ізденісі мен бастамасы, қажы­мас еңбегі – зор құрметке лайық. Кітапха­на ұжымына толағай табыс, шы­ғармашылық жетіс­тік, баянды бастама тілейміз. Облыстың ­мә­дени, тарихи мұрасын сақтау және ­дамыту жолындағы еңбектеріңіз жемісті бол­сын!» – делінген құттықтау хатта.

Алмаз Мырзахмет облыс кітапха­на­ларын дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Қарашоваға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыс­тады.

Ұлттық кітапхана директоры, Қазақ­стан Кітапханалар одағының төрағасы Бақытжамал Оспанова ұжым бас­шы­­сы кітапхана директоры Айнұр Шай­мұ­ханбетованы «Қазақстанның үздік кітапханашысы» төсбелгісімен мара­паттады. «Amanat» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төр­ағасы Бекзат Алтынбеков те арнайы келіп, ізгі тілегін білдірді.

Қазақстан Жазушылар одағының төр­ағасы Мереке Құлкеновтің құттық­тау хатын облыстық филиал төрағасы Жанат Жаңқашұлы табыстады. Онда: «Қарағандының қарашаңырағы атан­ған кітапхана – Арқа баспасының абы­ройы, парасат тұнған ордасы. Қала мен ­дала тарихының әр сәті кітапқа таңба­ла­нып, тасқа басылып, қағазға көшіп, кітапханалар қызметі арқылы ғасыр­дан-ғасырға мирас болып сақталып келеді. Арқа өңірі сөз өнері шеберлері­нің таңдаулы туындыларын «Сарыарқа кітапханасы» атты көптомдық серия­сы аясында жарыққа шығаруды ұсынып, оған қолдау көрсеткен еңбектеріңіз үшін Алғыс білдіремін», делінген.

Ел-елден, жер-жерден келген кітап ісі сарапшыларының баяндамаларында қазіргі заманғы кітапхана қызметі, олардың үздіксіз даму үстінде екені және кітапхана оқырмандары арасында жастар қатары көбейгені жөнінде айтылды.

Мұнымен қоса, іс-шара шеңберінде «Кітапхана – жаңа қоғамдық кеңістік» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Кітапхананың 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Жастар­ды кітапханаға тарту» атты жобалар бай­­қауының және «HackTheBookshelf» хакатонының жеңімпаздары мара­пат­талды. Кітапханашылар пікірталас алаң­дарына, шеберлік сағаттарына, дөң­гелек үстелге қатысып, тәжірибе алмасты.

Келесі күні «Жаңа дәуір әдебиеті: дәстүр және жалғастық» атты дөңгелек үстел басында оқырманды қазіргі әде­биеттегі қандай тенденциялар мен кітап­тар қызықтыратыны туралы ұсы­ныс айтылды.

Жиынға қатысқан ақын-жазушылар цифрлық оқу дәуірінде «жазушы – оқыр­ман» диалогі қалай дамитыны жайында өз ойларын ортаға салды. Одан бөлек, кітапхана қорында шетел әдебиетінен аударылған дүниелердің аздығы да сөз болды. Аудармашылардың мәселесі де осында пысықталды.

– Кітапхана ішінен құрылған «Жыр жауһар» клубына да 20 жылға жуықта­ды. Жастардың бұл клубы Қарағанды руханиятына, шығармашылыққа зор ықпал етті. Қазір сол шығармашы­лық ортадан шыққан жастар үлкен қызмет орындарында отыр. Жалпы, Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана­сына дауылпаз ақын Қасым Аманжолов­тың есімін беру қажет. Қарағандыдағы кейіннен ашыл­ған «Қасым үйінен» кітапхананың филиалын ашу керек, – деген ұсынысын білдірді Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы.

Қарағанды облыстық тарихи-өлке­тану музейінде «Тарих. Руханият. Қол­жазбалар мұрасы» атты питч-сес­сия өтті. Мұнда Сүлеймания қолжаз­балар кітапханасы­ның директоры Хусейн Кутан мырза XII–XV ғасырлардағы қолжазбалар сақтал­ған Сүлеймания қолжазбалар кітапханасы­ның қыз­метімен, Түркияда қолжазбалық мұра­ны зерттеу және сақтау жұмысы­мен бөлісті.

Одан кейін мәртебелі меймандар кітапхананы аралады. Оларға си­рек кездесетін кітап қорын көрсетілді. Шетелдік әріптестермен шығар­ма­шылық байланысты нығайту мақса­тында екіжақты меморандумға қол қойылды.

– Қарағанды – танымал қала. Осы жиынның алдында Теміртау қала­сын­дағы музейге барып қайттық. Тұнып тұрған тарих. Ал Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапханасы – Халық­аралық дәрежедегі кітапхана. Кітапха­наға кірсеңіз, жаныңыз жай табады екен. Аурасы керемет. Әрі қоры да мол. Меморандум аясында тә­жірибе алмасып, бар білгенімізбен бөлісеміз. Дос­тығымыз одан әрі нығая берсін, – деп таңданыс білдірді Ресей жасөспірімдер мемлекеттік кітапханасының директоры Ирина Михнова.

 

Қарағанды облысы