Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Биыл 900 мың гектардан аса алқаптан егін қамбаға түседі. Ауа райы қолайлы болса, жиын-терін қыркүйектің соңына дейін аяқталмақ. Жақында аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Абай ауданына барып, екі шаруашылықтың дала жұмысын көріп қайтты. Еліміз ғана емес, Ресей мен Тәжікстанды да репродукциялы тұқымдық картоппен қамтамасыз етіп отырған «Астра-Агро LTD» серіктестігі жыл сайын 5 мың тоннадан аса картоп өткізеді. Сонымен қатар кәсіпорын Қызылорда облысындағы картоп фриін жасайтын зауытты жоғары сапалы картоппен қамтамасыз етеді. Дәнді дақылдарының өндіріс көлемін жыл сайын еселеп отыр.
«Шанс» шаруа қожалығы картоп жинауды өңірде алғашқылардың бірі болып аяқтады. Шаруа қожалығының басшысы Игорь Жабяк биылғы өнім мол дейді.
– Әр гектардан орта есеппен 300 центнерден көкөніс жинап жатырмыз. Бұл соңғы нәтиже емес. Астық жинау жалғасып жатыр. Биылғы көрсеткіш жақсы болатынына сеніміміз мол, – дейді кәсіпкер.
Өңірдегі дәнді дақылдардың жалпы ауданы – 766 мың гектар. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин 60 пайыздан астам астық жиналды дейді. Оның орташа өнімділігі – гектарына 11,5 центнер. Картоптың биылғы түсімі де көңіл қуантады. 11,5 мың гектар алқапқа салған тұқымнан шамамен 600 мың тонна өнім алынады деген болжам бар.
Мамандар бұл аймақ қажеттілігінен асып түсетінін айтып отыр. Алқабымыздан өскен сапалы өнім Астанамен қатар, еліміздің оңтүстік өңірлеріне де жеткізіледі.
Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін аграршылар арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар астық кептіргіштер үшін қолжетімді бағамен екі мың тоннадан астам сұйытылған газ бөлінген. Бұл ылғалдылығы жоғары астықты кептіру үшін қажет.
– Биыл жақсы өнім аламыз. Бұл картопқа ғана емес, дәнді дақылдарға да қатысты. Бүгін 20 жыл қатарынан комбайн жүргізген адаммен сөйлестім. Ол дәл осындай өнімділік 12 жыл бұрын болғанын айтып отыр. Егін жинау науқаны аяқталуға аз қалды. Техника жеткілікті, дизель отыны бар, жұмыс күшінен тапшылық жоқ. Ең бастысы – ауа райының қолайлы болғаны, – деді егін басында Ермағанбет Бөлекпаев.
Диқандардың айтуынша, биыл өңірде егінге орақ ерте салынды. Өйткені жер ырысын мол берді.
– Бітік шыққан егіннің биылғы өнімі көңіл қуантады. Кешегі күнге дейін 31 400 гектар (80 пайызы) дәнді дақылдар (бидай, арпа, сұлы) егістігі орылды. 39 360,5 гектар астық жиналып, бастырылды. Аудан бойынша орташа есеппен өнім түсімі гектарына 19,6 центнерден айналып жатыр. Тіпті, Көксу ауылдық округінде 22 центнерді құрады. Қазір егін басында жүрген 124 комбайн орақ науқанын аз-маз күнде аяқтайды, – дейді Абай ауданы Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанар Сұрауханова.
Аудандағы Топар, Южный кенттік және Қарабас ауылдық округінен басқа 11 ауылдағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының 131-і жауапты науқанға жаппай қатысып отыр.
Көктемгі егіс кезінде шаруалар 39 360,5 гектар жерге дәнді дақыл, 3 157 гектарға майлы дақыл тұқымын сеуіп, 6 572 гектарға картоп, 754 гектарға көкөніс, 12 328 гектарға жемазық тастаған. Диқандар болжамы бойынша, биыл картоп пен көкөністен де мол өнім жиналады. Өйткені бүгінге дейін жиналған 760 гектар (12 пайыз) картоп алқабынан 158 000 тонна өнім алынып, ол да гектар басына 200 центнерден айналған. Мұнымен қоса, 35 мың тонна көкөніс те былтырғыдан да бітік шыққан. Шаруалар әр гектардан 250 центнерден өнім түсіп отыр дейді.
Күзгі дала жұмыстары үшін тиісті 1 490 тонна дизель отынын жеткізудің операторы «Мұнай Company» ЖШС оның әр литрін 245 теңгеден уақытылы беріп жатыр. Шаруаның оңға басуына қырдағы техникалардың түгелдігінің де әсері бар. Астық жинайтын 122 комбайн, 89 жүк көлігі, 446 трактор тіркемесімен, 21 картоп жинайтын комбайн, 25 картоп қазатын техника қыр басындағы қызу тіршіліктің қамында.
Картопты 1 қазанға дейін, көкөністерді 10 қарашаға дейін жинаймыз дейді диқандар. Ол үшін әрине, ауа райы қолайлы болып, қол байламаса игі.
Сонымен бірге, аймақта қысқы мал азығын қамдау жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Алғашқы қар түскенше 90 мыңға жуық тонна жемшөп әзірлеу жоспарланған. Абайлық фермерлер осы қарқынынан танбаса, ел азығын да, мал азығын да қара суыққа ұрынбай, қамдап алады.
Қарағанды облысы,
Абай ауданы