Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Медициналық қызмет сапасына шағым көбейді
Қоғамдық саясат институтының зерттеуі көрсеткендей, отандық медициналық қызметтердің сапасына шағым айтарлықтай өскен. Кейінгі 5 жыл ішінде Денсаулық сақтау министрлігіне шағымдар саны 60,8%-ға артып, 7,7 мыңға жеткен. Жуырда ғана жасалған зерттеу нәтижесіне сүйенсек, әрбір төртінші тұрғын медициналық мекемелерге немесе қызметкерлердің үстінен арызданған екен. Оның ішінде сапасыз көрсетілген медициналық көмекке шағымданушылар – 32,5%, қабылдауды ұзақ күту – 22,2%, емдеуден негізсіз бас тарту – 16,3%, медицина қызметкерлері тарапынан дөрекілік – 15,2% және қате диагноз қою 12,5%-ды құрап отыр. Ал Stada Health Report 2024 халықаралық зерттеуінің деректерінде біздің ел денсаулық сақтау жүйесіне наразылық деңгейі бойынша 23 елдің арасында екінші орында тұр. Демек тұрғындардың 67%-ы – медициналық қызметке наразылықтарын білдіреді деген сөз. Бұл бір жыл ішінде медицина мекемелері мен мамандарына деген арыз-шағымның 10 пайызға өскенін көрсетіп береді.
Соның ішінде өлім-жітім көрсеткіші өсіп отырған онкологиялық науқастар да отандық медицинадан күдер үзіп, шетелдік дәрігерлердің көмегіне жиі жүгіне бастады. «Біреуге мал, біреуге жан қайғы» дегендей, науқастар дертіне дауа іздеудің амалын таппай жүргенде әлдебіреулер солардың арқасында қаражат табуға көшті. Мәселен, блогерлер шетелде ем алуға жиналған қаражаттан өзіне пайыздық үлесін алып, пайда көре бастады. «Аңқау елге – арамза молда» болған енді біреулер науқастардың атын жамылып, алаяқтық жасап жатыр. Еміне бола ел кезген науқастардың мұндай мүшкіл халі медициналық мекемедегі қызмет сапасының төмендігі мен дәрігерлердің біліктілігіне келіп тірелетіні де белгілі. Қол жеткізбейтін жолдама, келіп болмайтын кезек, бітпейтін анализ, маман жетіспеушілігі, қала берді қажетті құрылғылардың жиі істен шығуы мен бармақ басты, көз қысты әрекеттер алдынан кесе-көлденең шығатыны жиі айтылады.
Елдегі қатерлі ісік көп жағдайда үшінші немесе төртінші кезеңде анықталады. Бұл онкологияның ерте диагностикасының деңгейі өте төмен екенін көрсетеді. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, маммографтардың 40 пайызы, эндоскоптардың 47 пайызы – ескі, ал сәулемен емдеу тек қана 37 пайызды құрайды. Бұл орайда Мәжіліс депутаты аурумен күресте қаржы көзін үнемдеу министрліктің қажетсіз қаулыларын қысқартудан басталу қажет екенін айтады.
«Ең алдымен өздерінің хаттамаларын қайта қарауы керек. Өйткені бізде керек емес қаптаған анализ көп. Порталға қояр кезде анализ тапсырады, барғанда – тағы анализ, жатқанда – тағы анализ. Оның бәрі ақша емес пе? Біз ақшаны тиімсіз қарастырылған бағыттардан алуымыз керек. Дәрі-дәрмектің қымбат бағасын төмендетіп, керек емес зерттеулерді азайтып, министрліктің ішіндегі қажет емес шығындарды да қысқартуымыз қажет. Сол арқылы жарты триллион теңгеге дейін ақша табуға болады», дейді А.Аймағамбетов.
Белгілі хирург, трансплантолог Жақсылық Досқалиев науқастардың диагнозын дөп басуда дәрігерлердің біліктілігі емес, құрал-жабдықтың жетіспеушілігі себеп болуы мүмкін екенін жеткізді. Мысалы, кейбір аурулардың диагностикасын анықтауға күрделі зерттеу жүргізу қажет.
«Біздің елде ісікке байланысты бірнеше мақсатты терапия жасауға болады. Алайда кейбір ісіктерге зерттеу жүргізуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан науқастар құрал-жабдығы, онкология саласындағы қызметі жақсы дамыған Түркияға барғанды құп көреді. Кейбір ауру түрлеріне көмек көрсете алмай қиналатын сәттер болады. Себебі бұған қажетті Америкадан алынатын дәрінің бір құтысы миллион доллар тұрады. Бұған қоса біздің трансплантология саласында донор тапшылығы бар. Сол үшін науқастар Үндістан, Беларусь, Түркияға барады», дейді ол.
Ал Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова онкологиялық науқастардың арасында диагностикалық зерттеу мен емделуде ақылы қызметке жүгінуге мәжбүр болып отырғандар бар екенін алға тартты.
«Науқастардың көбі уақтылы әрі толыққанды ем ала алмайды. Онсыз да құнды уақытты жоғалтады. Заңды түрде тегін медициналық қызметтерді алуға табалдырық тоздырады», дейді депутат.
Сонымен қатар бүкіл әлемде иммундық терапияның заманауи дәрі-дәрмектері қолданылады. Оның артықшылығы сонда – уыты аз, пациенттер оңай төзеді, 8 жылға дейін өмір сүру, тәулік бойы ауруханада болудың қажеті жоқ. Ал бізде тіркелген тек 3 дәрі-дәрмек иммунотерапия еміне қолданылады. Депутаттың сөзінше, осы себептен де дертінің емін отандық медицинадан іздеуге жүрексінетіндер көбейіп келеді.
Сәулелік терапия аппараттарының 50%-ы ескірген
2022 жылы Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық көмек көрсетуді жақсартуда үлкен жұмыс жүргізілді. Екі жыл бұрын онкологиялық қызметтің 250-ден астам маманы қайта оқытудан өтсе, оның 95-і Израиль, Германия, Нидерландта білімін шыңдап келген. Ал биыл Астанада Орта Азия мен ТМД-да теңдесі жоқ Ұлттық онкологиялық орталық ашылмақ. Мұндағы мамандардың барлығы бірнеше жыл шетелде білімін жетілдіріп, ғимарат іші толықтай соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдыққа толтырылғаны айтылады. Демек мемлекет онкологиялық аурулардың алдын алу мен емдеу ісінде қаражат бөлуден кенде қалып жатқан жоқ. Алайда жылына онкологиялық есепке қосылған науқастың жартысындай адам жарық дүниемен қош айтысады.
Былтыр денсаулық саласына қатысты өткен Үкімет отырысында халықтың дені саламатты өмір салтын ұстанбайды, жыл сайынғы тексерістен өтуді қаперге алмайды, экологияның тигізіп жатқан зардабы көп екені айтылды. Бұдан басқа, сол кездегі ведомство басшысы Ажар Ғиният қолда бар сәулелік терапия аппараттарының паркі 50% ескіргенін жеткізген. Мысалы, Атырау облысында 1968 жылы шыққан аппарат қолданылады. Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Ұлытау, Жетісу, Қызылорда облыстарында аппараттар жоқ. Өңірлерді диагностикалық және зертханалық жабдықтармен қамтамасыз етудің әлсіз деңгейі сақталып отыр. Ақмола, Қостанай, Қызылорда облыстарының және Астана қаласының онкологиялық орталықтарында КТ және МРТ аппараттары жоқ. Тиісті аппаратураның болмауына байланысты хирургиялық емдеу (лапароскопиялық, интервенциялық) мүмкіндіктері шектеулі екені де сол жиында мәлім болған. Онкологиялық орталықтар ғимараттарының жартысы радиологиялық және операциялық-реанимациялық жабдықтарды орнату үшін заманауи талаптарға сәйкес келмейді. Онкологиялық көмек көрсетудің барлық деңгейлерінде кадр тапшылығы бар. Диагностика мен емдеудің жаңа технологияларын енгізуде мамандарды, оның ішінде физиктер, химиктер мен медицина саласындағы инженерлерді оқыту және даярлау қажет. Ғылыми базасы жеткіліксіз дамыған, қазіргі заманғы технологиялар саласындағы ғылыми әзірлемелері аз отандық медицина қызметтің әлсіз деңгейін, медицина қызметкерлерінің пациенттерге және олардың туыстарына деген эмпатиясының төмендеуіне алып келеді. Медицина қызметкерлері дәрі-дәрмектерді әдеттегі қолмен өсіретінін атап өтілгені де есте. Шетелде 90-жылдардың өзінде дәрілік заттарды орталықтандырылған өсіруге арналған жабдықтары бар арнайы кабинеттер пайдаланылған. Өкінішке қарай, бізде қазір елордадағы онкологиялық орталықта осындай бір ғана автоматтандырылған кабинет жұмыс істейді екен.
Хаттамаға «байланған» дәрігерлер
Құрал-жабдықты қойшы, медицина саласындағы хаттамаға бола жақыннан айырылып, ажалынан бұрын кетіп жатқан науқастар бар. Мәселен, «Отандық дәрігерлер диагнозын дөп басқанша, қызымның тағдырын тәжірибе алаңына айналдырып жіберді», дейді Алматы қаласының тұрғыны Айнұр Қылышбекова. Айтуынша, қызына онкологияға күдік туғаннан бастап дәрігерлер екі ай диагноз қоя алмаған.
«Дәрігерлер емдеу және диагностикалық хаттамадан асып ештеңе істей алмайды. Күдіктеніп отырған диагноздың бар-жоғын анықтау үшін лаборатория жеткіліксіз. «Басқа тексеріс жасайық» деп өзіміз ұсыныс айтқан кезде дәрігерлер медициналық тексеріс хаттамасынан асып ештеңе істей алмайтынын жеткізді. Украинаның профессорын тауып, отандық дәрігерлермен байланыстырып консилиум өткіздік. Шетелдік профессор сұрап отырған талдау нәтижесі біздің елде жасалмайтын болып шықты. Хаттамада қарастырылмаған екен. Ал Түркияда дәрігерлердің мүмкіндіктері шектелмеген. Олар қалай емдесе де өздерінің біліктілігіне сүйенеді. Емдеу хаттамасы барлық әлемде бірдей болғанымен, шетелде хаттаманы негіз етіп алып, науқасты емдеуде жан-жақты әдіс-тәсілдерді қарастырады. Бізде тек хаттама бойынша диагноз жасап, ем қабылдауға таңып қойған. Сол үшін қажетті анализдерді жасай алмадық», дейді ол.
Диагноз қоя алмағандарымен қоймай, «сараланған әдіспен емдейміз» деген дәрігерлер төрт диагноз қойып, төртеуіне де бір уақытта препарат беріп емдей бастаған. Осылайша, отандық дәрігерлердің тәжірибесіне айналып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан қызын Түркияға алып кетіпті. Ондағы дәрігерлер біздегі қойылған төрт диагноздың да қате болғанын айтқан.
«Түркия дәрігерлері «осындай диагноз болуы мүмкін, бұл үшін анализдерді тапсыру керек» деді. Анализ жауабы шыққанша, уақыт өлтіріп алмау үшін екінші жағынан донор іздеп бастауға кеңес қылды. Өйткені қатерлі ісікте бір минут уақыт қадірлі. Ал бізде көп науқас ем қабылдамақ түгілі, диагнозын анықтата алмай, бітпейтін анализдерді тапсырып, әр табалдырықты тоздырып, уақытын жоғалтып жатады. Біздің дәрігерлер бір науқасқа химия терапия жасамақ болған. Бірақ ол дер кезінде бас тартып, түрік дәрігерлерінің алдына келген. Сөйтсе науқастың басқа жеріндегі ісікті отандық мамандар көрмей, терапия қабылдамақ болыпты. Ал егер оны алмай химия терапия жасаған кезде науқастың ісігі тез тарау қаупі басым болған. Тағы бір әйел дәрігерлер қызының асқазанын күйдіріп жібергенін айтып, жыларман болып келді», дейді кейіпкеріміз.
Сөйтсе, мұндай терапияларда отандық мамандар науқасқа қажетті дозаны қолдан азайтып, көбейтіп отырады екен. Мәселен, Түркияда мұның барлығын компьютерлік бағдарлама орындайды. Бұған қоса ондағы қатерлі ісікке қажетті препараттардың дені Еуропадан әкелінеді. Біздегі терапияға қажетті препараттар өзімізден шығарылады. Ал әр науқасқа қажетті дозаны медбикелердің өздері сұйытады, қажет болса үнемдеуге де тура келеді екен.
Алматылық Ғалымжан Ізбасаровтың бір жыл бұрын аты жаман ауру анықталған әкесі бүгін өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатыр. Ол да медициналық көмектің кепілсіз екенін кеш түсінгенін айтады.
«Былтыр осы уақытта әкеміз басы ауырып жүргенін айтып, жергілікті емханадағы терапевттерден МРТ-ға жолдама сұрады. Бірақ олар МРТ-ға жолдама біткенін айтып, оның орнына УДЗ-ге жіберген. Сөйтіп, «кислород жетіспеушілігі» деген диагноз қойып, ем жазып береді. Екі ай бойы осы диагнозбен емделгеніне қарамастан басы ауырғаны басылмаған соң, екінші рет МРТ-ға жолдама сұрайды. Қаладағы екі аппараттың біреуі істен шыққан, екіншісінде түсіретін маман еңбек демалысында болған. Итшілеп жүріп МРТ-ға түсіп апарғанымызда, тағы сол диагнозды қойып, қайтадан ем жазып берген. Өстіп екі ортада сандалып жүргенде бақандай төрт айды текке өткізіп, бас ауруы қоймаған соң жекеменшік нейрохирургтің қабылдауында болдық. Сөйтсек, МРТ-да әкеміздің басындағы қатерлі ісік көрсетіліп тұрған. Бастағы қатерлі ісік белгілі болғаннан кейін де біраз сандалуға тура келді», дейді ол.
Өйткені осы аралықта бітпейтін талдау нәтижелері мен жолдама алудың қиындығы, портал аштыру мен ауруханаға жатқызу, ота жасайтын нейрохирургтердің шетелдегі еңбек демалысынан келуін күтіп жүргенде біраз уақытты өлтіріп алған. Кейін асқазаннан да ісік анықталып, күннен-күнге жағдай қиындай түскен. Айналдырған бір айдың ішінде ісік бүкіл денесіне тарап үлгерген. Ал таңдау мекемесін таңдауға құқық беретін медициналық жүйені дәрігерлердің өздері реттейтіні тағы бар.
«Екі химия, бір рет сәулелік терапия қабылдадық. Әр жатқан сайын әртүрлі кедергіден өтіп, жан-жаққа қоңырау соғып, арыз-шағым, өтініш-тілекпен жатқызуға тура келетін. Соңғы рет сәулелік терапия қабылдар алдында да дәл осындай қырғынмен емге жатқызған едік. 12 күн алады деген сәулелік терапияны 5 күнде бітіріп, шығарып жіберді. Тамақты да өзі дайындап, ауруханаға өз аяғымен барып жүрген әкеміз терапиядан кейін үйге келгелі бері төсекке таңылып, ас-су ішуден қалды», дейді Ғ.Ізбасаров.
Денсаулық сақтау министрлігі берген соңғы дерекке сенсек, республикада қазір қатерлі ісікпен 200 мыңға жуық науқас есепте тұр. Ал осының алдында ғана вице-министр 222 мың науқас емделіп жатқанын, былтырдың өзінде 41 мыңнан аса жаңа дерек тіркелгенін айтқан. Олай болса, жуырдағы статистиканың 22 мыңға кемуі қатерлі ісіктен көз жұмғандар биыл әдеттегі 13 мыңнан асып жығылғанын көрсете ме? Сондай-ақ министрлік кейінгі үш жылда дәрігер қателігі мен медицина мекемесінің үстінен жылына 300-ге жуық құқық бұзушылық тіркелетінін тілге тиек етіпті. Соның ішінде тек 5%-ы сотқа дейін жетіп, 95%-ы негізсіз деп кері қайтарылған. Бұл да мүмкін. Себебі біздің елде дәрігердің ісін қарайтын тергеуші аурудың ерекшеліктерін біле алмайды. Әлемдік тәжірибеде дәрігер қателігін алдымен тәуелсіз медициналық кеңес қарайды. Демек дәрігер қателігі үшін әділетті заңы бар, медициналық мүмкіншілігі мол, кәсіби кедергіге тап болмайтын жерде дертіне дауа іздеушілердің көп болуы дәлелдеуді қажет етпейтіні тағы рас.