Медицина • 26 Қыркүйек, 2024

«Самұрық-Қазына» АҚ Ұлттық травматология орталығына 400 млн теңгенің құрал-жабдығын табыстады

88 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Самұрық-Қазына» қоры Н.Бәтпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығына жалпы құны 393,1 млн теңге болатын жаңа заманауи жабдықтарды табыстады. Сатып алынған техника жарақаттар мен сүйек-бұлшық ет жүйесі ауруларының салдарынан болатын асқынуларды азайтуға көмектеседі.

«Самұрық-Қазына» АҚ Ұлттық травматология орталығына 400 млн теңгенің құрал-жабдығын табыстады

Құрылғанына жиырма жылдан асқан, дегенмен, қон­дыр­ғылары ескіріп тұр­ған еліміздегі алғашқы әрі біре­гей, өз саласында жалғыз ғылыми-клиникалық орталыққа «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов 7 түрлі қазіргі заманғы озық медициналық құрал-жаб­­дық­тың сертификатын тапсырды.

«Жылына тірек-қимыл аппа­ратының жарақаттары мен ауруларынан зардап шегетін 8 мың азаматымыз енді едәуір сапалы, жоғары деңгейдегі медициналық көмек алады. Жаңа жабдық медициналық орталық жұмысының тиімділігін арттыруға сеп болады деп сенемін», деді қор жетекшісі құттықтау сөзінде.

ва

Бұған дейін орталық мамандары әртүрлі хирургиялық араласулардың жылдамдығы мен ерекшелігіне, науқастардың өмір сүру сапасына әсер еткен ескірген қатардағы аспаптар мен жабдықтарды пайдаланып кел­ді. Ендігі сәтте сатып алынған жабдықтар сүйек-бұлшық ет жүйесі жарақаттары мен аурулары салдарынан болуы мүмкін асқынулар мен мүгедектіктің санын азайтып, халықтың әлеуметтік осал топтарына, бала­­ларға, еліміздің барлық айма­ғынан келетін қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көр­сеті­летін медициналық жәр­дем сапасын жоғарылатпақ. Сондай-ақ жетілдірілген емдеу әдісі травматологиялық-орто­педиялық көмектің қол­жетімділігіне айтарлықтай әсер ететін шеберлік сыныптары мен семинар-тренингтер арқылы өңірлерге жаңа технологияларды таратуға жол ашады.

Мүгедектіктен сақтап, ауру­ларды дәл анықтайтын, күр­делі операциялар жасауға сеп­тесетін озық бірегей меди­ци­налық қондырғылар тұр­ғы­сында Cobas автоматты био­­­химиялық талдағышы био­химиялық талдауларды жедел жасап, патологияның бар-жоғын дәл анықтаса, Richard Wolf лапароскопиялық хирургия құралдары сау тіндерге зиян келтірмей операция жа­сау­ға мүмкіндік береді. Mast quadrant ретракторлық жүйесі омыртқаның әртүр­лі бөліктеріне күрделі хирур­гиялық операция жасауға оң­тайлы қолжетімділікті қам­тамасыз етеді. Sonopet IQ ультра­дыбыстық аспиратор жүйесі – бірқатар күрделі опера­ция­­ны орындауға, Tivato 700 мульти­­­дис­циплинарлық опе­­ра­ция­лық микроскопы жұм­сақ тін­дер­дің терең ақау­ла­рын емдеу үшін тамырлар мен жүйкеге микроскопиялық тігістер тігуге мүмкіндік бе­ре­ді. Humeca сымсыз дерматомы күйік шалған кезде те­рі­ні трансплантациялауға, ал аккуму­ляторлық күш жаб­дық­тары­ның жиынтығы (ара, бұрғы) сүйекке жасалатын көп­те­ген опе­ра­цияға қа­жет.

Өз кезегінде Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орта­лығының ұжымы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы мен оның қайырымдылық операторы – «Samruk Kazyna Trust» қорына заманауи емдеу әдістерін енгізуге мүмкіндік беріп, медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз еткені, отандық медицинаны дамытуға қосқан орасан зор үлесі мен хирургия саласында инновациялық тәсілдерді ен­гізгені үшін алғысын білдірді.Ұлттық ғылыми орталықта күн­делікті 50-ге жуық операция, 300-ге дейін зерттеу, жылына 8 мыңнан астам хирургиялық іс-қимыл жасалады.

 

Алдаберген КЕМПІРБАЙ