Пікір • 26 Қыркүйек, 2024

Тұтынушы мүддесіне сай бастамалар

117 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «көп тұтынасың – көп төлейсің» қағидатына жіті тоқталды. Бұл идея коммуналдық ресурстарды тұтынудың нақты нормалары мен коммуналдық қызметтерді есептеу, төлеуге жаңа тәсілді енгізуді көздейді. Жалпы алғанда, нормалар су, электр, газ және жылу сияқты әртүрлі ресурсқа қатысты.

Тұтынушы мүддесіне сай бастамалар

Сурет: ru.freepik.com

Нақты түсіндірер болсақ, бел­гі­лен­ген нормадан асатын ком­муналдық қызметті тұтына­тын­дардың тарифі ұлғаюы мүмкін. Бұл ресурстарды үнемді пайдалану туралы түсінік қа­лыптастырады. Мемлекет басшысы былтыр сәуірде өткен кеңесте тарифтердің өзгеруіне, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты «тұтынудың әлеуметтік нормаларын» енгізу мәселесін пысықтауды тапсырған еді. Тапсырманы орындау аясында Ұлттық экономика министрлігі (ҰЭМ) халықаралық тәжірибені ескере отырып, талдау да жүргізді. Осы жылдың ақпан айынан бастап «неғұрлым аз тұтынсаңыз, соғұрлым көп үнемдейсіз» қағидаты бойынша бірқатар іс атқарылды. Мысалы, жылумен және сумен жаб­дықтау қызметтеріне блоктік (сараланған) тарифтерді белгілейтін «тұтынудың әлеуметтік нормаларын» енгізді. Сондай-ақ жыл соңына дейін коммуналдық қызметтерді тұтынудың әлеуметтік нормаларын масштабтау көзделген. Үкіметтің осы әлеуметтік блогімен қатар коммуналдық қызметтерге қатысты халықтың әлеуметтік осал топтарының мүдделерін қорғау мәселелері пысық­талады.

Кешегі Жолдауда қаржы институттары тарапынан энергетика секторы мен коммуналдық шаруашылыққа ұзақмерзімді кредит беру мәселелері көтерілді. Қазір ҰЭМ коммуналдық инфрақұрылымды қаржыландыру мақсатында Тұрғын үй-коммуналдық шар­уа­шылығының (ТКШ) ин­же­нер­лік-коммуникациялық инфра­­­құ­рылымының жобаларын қар­жы­ландырудың 2024-2029 жыл­­дарға арналған бағдарламасы шеңберінде жұмыс істеп жатыр.

Бұл бағдарлама қысқамерзімді перс­пективада коммуналдық қызмет­тер тарифтеріне қысымды орта есеппен 5%-ға дейін төмендетеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуды жеделдетуге, тарифтердің біртіндеп өсуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ күр­делі салымдарға арналған шы­ғын­дарды кезең-кезеңімен өтеуге мүмкіндік береді.

Бүгінде ҰЭМ салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп 2025-2030 жылдар кезеңінде коммуналдық инфра­құрылымды жаңғырту мақсатында инвестициялық қажеттілікті талдап үлгерді. Коммуналдық инфра­құрылымды жаңғыртудың бағ­­дарламасы әзірленіп жатыр. Оның шеңберінде 124 527 шақырым коммуналдық желілерді жөндеуге шамамен 7,7 трлн теңге тарту жос­­парланды. Бұл тозуды орта есеппен 30%-ға азайтады. Коммуналдық секторға елеулі инвес­тициялар тарту және инженерлік инфрақұрылымды жөндеу ТМС тариф­терінің құры­лымын өзгер­тіп, 2030 жылға қарай инвес­ти­циялық шығындар үлесін 40%-ға дейін арттырады. Сонымен қатар операциялық шығыстарды төмендетіп, көрсетілетін қызмет сапасын жақсартады.

Президент жыл соңына дейін энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны бекітуді тапсырды. Қазіргі уақытта жоба талқылау сатысында және мүдделі тұлғалармен бірлесіп осы ұлттық жобаны әзірлеу бойынша мәселелер пысықталып жатыр. Жобаны әзірлеу кезінде көптеген жайтты ескеру маңызды. Нақты мақсаттар мен міндеттер қою, осы секторларда жаңғыртудың басым бағыттарын таңдау қажет. Болашақта жобаны бағалау үшін негізгі көрсеткіштерді ескеруді де ұмытпайық. Бұл секторларда инфра­құ­рылымдық желілердің жылдам тозуы байқалды. Тозған желілерді жаң­ғыртуға, реконструкциялауға және жаңартуға бағытталған жобаларды іске асыру бойынша нақты шаралар қабылдау керек. Энергетика секторы мен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның елдің қажеттіліктеріне және нақты жағ­дайларға байланысты әртүрлі мақ­саты мен міндеті болуы мүмкін.

Ұлттық жобаның негізгі мақсаты мен міндеті – энергиямен жабдықтау мен коммуналдық қызметтердің тұрақты, тиімді, экологиялық қауіпсіз жүйесін құру жөніндегі бағыт. Менің ойымша, бұл ел экономикасына және оның азаматтарының өмір сапасына оң әсер етеді.

Президент тапсырмасын орындау үшін министрлік қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларына өзгерістер енгізді. Онда тауарлық газды бөлшек сау­дада өткізудің сараланған шекті бағасы белгіленеді. Тұтынушылардың «Жаңа IX тобы» мемлекеттік атаулы әлеуметтік немесе тұрғын үй көмегін алады.

Мәселен, 2022 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік атаулы әлеуметтік немесе тұрғын үй көмегін алатындарға тауарлық газды бөлшек өткізу бағасы басқа тұрмыстық тұтынушыларға қарағанда 20%-ға төмен болған. Бұл елдің барлық өңірінде қолданылды. Ал электрмен жабдықтау саласында тұтынушылар топтары арасындағы қолданыстағы алшақтық едәуір төмен екенін атап өткен жөн. Өйткені бұл бағыттағы жұмыс 2021 жылы басталды.

Сонымен қатар министрлік Мем­лекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 3-тармағын орындау шеңберінде айқаспалы субсидиялаудан біртіндеп бас тарту жоспар-кестесі әзірлегенін (Үкімет бекіткен, бұдан әрі-жоспар) атап өткен жөн. Жоспарға сәйкес Алматы қаласы, Алматы және Қызылорда облыстары бойынша бірыңғай тарифті 2027 жылға дейін, Ұлытау облысы бойынша 2028 жылға дейін, қалған өңірлер үшін 2029 жылға дейін енгізу қажет.

Тұтастай алғанда, кросс-субси­диялауды қысқарту тұтынушылардың барлық тобы үшін бірыңғай тариф­терді белгілеуге, бизнес пен бюджетке жүктемені азайтуға, ресурс­тарды ұтымды тұтынуға ынталан­дыруға және кең әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етуге әкеледі.

 

Мирас ЗЕРІПБАЕВ,

Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары