Қоғам • 26 Қыркүйек, 2024

Журналистерді даярлауда жаңашылдық пен халықаралық тәжірибе қажет - Айна Задабек

373 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елорда төрінде өтіп жатқан Astana Media Week-2024 апталығының екінші күнінде «Медиа мамандарды даярлау: не күтеміз/не аламыз» атты сессия өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Журналистерді даярлауда жаңашылдық пен халықаралық тәжірибе қажет - Айна Задабек

Фото: egemen.kz

Аталған сессияны MSc in Communications Northwestern University коммуникация бойынша маманы, ABCommunications Kazakhstan агенттігінің директоры Бахыт Аманжолқызы ашты.

Сессия барысында халықаралық журналистика мектептерінің директорлары, еліміздің үздік жоғары оқу орындарының декандары мен саланың тәжірибелі өкілдері заманауи журналистика қандай мамандарға зәру екенін түсіндірді.

Алғаш болып сөз сөйлеген «Qazcontent» АҚ Басқарма Төрағасы Айна Задабек өзі басшылық ететін компанияда 7 ақпараттық ресурс бірігіп жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті.

«Біз өзіміздің сапымызға маман қосу алдында жас журналистерді іріктеуден өткіземіз. Олардың жан-жақтылығына, сауатына, білім деңгейіне, адами құндылықтарына міндетті түрде назар аударамыз.

Бүгінде шынымен де жақсы маман табу өте қиын. Себебі олардың тәрбиесі мен білімі тек бір адамның қолында ғана емес. Жас мамандар мектептен бастап жоғары оқу орнында даярланады. Ол жердегі ұстаздар мен профессорлардың біліктілігі де мақтанарлық деңгейде болу қажет. Демек, барлығы бір бірімен байланысты екенін аңғарамыз. Демек, сапалы контент ұсынатын журналистерді даярлау ісінде жаңашылдық пен халықаралық тәжірибе керек», деді сессия спикері.

Тк

Ал MNU университеті халықаралық журналистика мектебінің деканы Айгүл Жамалова жас мамандарға заманауи білім беру қағидаларына біршама өзгеріс енгізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, еліміздің ең үздік заң университетінде халықаралық журналистика мектебі де ашылып, білім саласындағы тиімді трендтерді ұсынып отыр.

«Біздің оқу ордамызда, әсіресе университеттің журналистика мектебінде білім бағдарламасы түбегейлі өзгеріп жатыр. Біздің профессорларымыз қазіргі журналистика нарығындағы кадрлар дайындаудың жаңа трендтерін ескеріп, болашақ мамандардың білімін тиімді әдістермен жетілдіреді.

Жалпы, мамандарды даярлау ісінде түлектерді іріктеу кезеңіне ерекше назар аудару қажет деп есептеймін. Себебі жас түлектердің көпшілігі ҰБТ тапсыру кезінде барлық пәндерді тапсырмай, шығармашылық емтиханнан өту арқылы грантқа оңай қол жеткізгісі келетіні жасырын емес. Сондықтан түлектерді дұрыс іріктеп алу қажет. Одан бөлек, университеттерде теориялық сабақтардан бас тартып, практикалық сабақтарға көп көңіл бөлген жөн.

Мәселен, мен декан ретінде жас маманның бойында 5 негізгі қасиет қалыптасқанын қалаймын, олар: бірегейлік, медиа қауымдастыққа сіңу, салалық журналистикаға бейімделу, сараптама жүргізу және экстраординарлыққа ұмтылу. Өзіміздің студенттерімізге де бұл туралы үнемі айтып жүреміз», деді Айгүл Жамалова.

Щ

Одан бөлек, сессия барысында философия ғылымдарының кандидаты, доцент әрі Internews медиа сауаттылық жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Гүлнар Асанбаева жасанды интеллекттегі сауаттылық тақырыбын қозғады. Оның айтуынша, журналистер заман талабына сай жасанды интеллект ұсынатын мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану керек.

Сондай-ақ сессияда ардагер журналист Қайнар Олжай, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы Әлия Оспанова, «Медиа дамыту қоры» КҚ Бас директорының орынбасары Әсел Серікбаева тәжірибелерін бөлісіп, өткір пікірлерін білдірді.