Тосыннан келген өзгеріс Бористің анасы аты жаман ауруға шалдыққаннан кейін басталды. Оның анасына деген махаббаты ерекше-тұғын. Науқас адамға күтім жасай алмайтынын түсінгенде, жүрегі езілді. Себебі жұмысын тастаса, күнкөрісі мұңға айналады. Осы сәтте ол электрмеханикалық көмекші жасаймын деген шешімге келеді. Бір қызығы, сол заманда теледидардың өзі нағыз ғажайып болып көрінетін. Кеңес одағы ғарышты енді игерген кезеңде, Бористің мұндай мақсат қоюы – нағыз батылдық.
1962 жыл. Үлкен ізденістен кейін роботхатшының сызбалары дайын болды. Ал 3 жылдан кейін робот құралып, іске қосылды. Борис оған «Арсик» деп ат қойды. Хабарлама жазу, адамдармен сөйлесуге бірден 2 магнитофон, қимылдауына 13 электр қозғалтқыш қолданылды. Бастапқы кезде құрылғының кемшін тұсы өте көп еді. Дегенмен «чип» ұғымы әлі толық енбеген уақытта, Арсик – өнер туындысы-тұғын.
1966 жыл. Талапты жігіт діттеген мақсатына жетті. Құлтемір Бористің анасына қолғанат болды. Таңертең оятып, дәрісін беретін, қажетті жаттығуын жасататын. Теледидар, радио қосып беріп, қонақтарды қарсы алатын, қоңырауға жауап беретін. Тіпті мұғалім жігіттің күн тәртібіне де жауапты болды. Солай жылдар жылжып, Бористің анасы өмірден өтті. Ол ұлының өнертабысына дән риза еді. Өзі үшін жасалған Арсикті жақсы көретін. Сырқат дендеп, көз жұмар сәтінде ұлы Борис, қолғанаты Арсик жанында тұрды.
2015 жыл. Өнертапқыш Борис Гришин 91 жасында қайтыс болды. Арсик бұл кезде де иесін ақтық сапарға шығарып салды. Марқұмның туыстары оны жергілікті мұражайға тапсырды. Осылайша, робот 50 жыл бойы жан жолдас бола білді. Осы оқиғаны естіген жұрт «Құлтемір де махаббаттан туады екен-ау» десті...