Тәрбие • 27 Қыркүйек, 2024

Балаларды бүлдіргі кеңістіктен қалай қорғаймыз?

181 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Күні кеше Алматыда тағы бір отбасы баласынан айырылып, қара жамылды. Бұл соңғы екі аптада болған жетінші қайғылы жағдай. Өткен аптада 2 оқушы қыз белгісіз жағдайда көпқабатты үйдің төбесінен құлап, осы жағдайдың ізін ала тағы бір жасөспірім көз жұмды. Қазіргі кезде қоғамды алаңдатып, ата-аналардың үрейін ұшырған қайғылы жағдайдың себептерін Ішкі істер департаменті тексеріп жатыр. Деректерге сүйенсек, жыл басы­нан бері елімізде 134 бала өз-өзіне қол жұмсаған.

Балаларды бүлдіргі кеңістіктен қалай қорғаймыз?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Әлеуметтік желіде қауіпті ойындар

Мектеп оқушыларының өз-өзіне қол жұмсау фактісін мамандар интернет кеңістікте кең таралған ойындармен бай­ла­ныстырып, балаларды ерекше бақы­лауда ұстауды ескертіп отыр. Қауіпті ойын жайында біраз уақыт бұрын ата-ана­лар чаттарында кең тарала бастағаны белгілі. Қосымшадағы ойындар баланың пси­хи­касын бұзып, өз-өзіне қол салуға дейін апаратын көрінеді. Әсіресе ұялы телефон арқылы тарайтын «Schoolboy Runaway» ойыны қауіпті дейді мамандар. «Schoolboy Runaway» қосымшасында бала ата-анасынан жасырынып, қаша беруге мәжбүрлейді. Ақыр соңында биіктікке шығып, секіріп кетуге тиіс. Мұндай ойындар баланың психикасын бұзып, өз-өзіне қол салуға итермелейтін көрінеді. IT мамандар әлеуметтік желілерде кең таралған «Разбуди меня в 4:20», «Море китов», «Синий кит», «Красный дельфин», басқа да ойындардың қауіпті екенін айтып, балалар қауіпсіздігіне өте сақ болуын ескертіп отыр. Ал мамандар бұл ойындарды басқарып отырған кураторлардың психикалық ауытқуы болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бүгінде балаларды деструктивті кеңістіктен қорғау үшін жай ғана бақылау жеткіліксіз, оларға тәулік бойы жақындарының қамқорлығы қажет.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, күніне 2 бала суи­цид жасауға әрекеттенеді екен. Барлық жағдайдың 35 пайызында оның себептері анықталмаған. Ал қалғанында өзін жалғыз сезінуі, ата-ана және туған-туыстарымен қарым-қатынасы, мектептегі буллинг себеп болған. Жыл басынан бері суицидті насихаттайтын 22 фактіні анықталып, ­19-ын­­ жойған. Зорлық-зомбылық туралы хабар тарататын 157 интернет-ресурстың 56-сы бұғатталған. Қазіргі кезде балаларды буллинг пен зорлық-зомбылықтан қорғау үшін қауіпсіздік сабақтары енгізіліп, «Кива» бағдарламасы қанатқақты режімде іске қосылды. Оқу-ағарту министрлігі ке­лесі жылы мектептердегі психолог жетіс­пеу­­шілігін шешіп, 500 балаға 1 маманнан бекіту мәселесін қарастырып жатыр.

Өзінің телеграм-арнасында сарапшы Нүркен Халықберген «TikTok» платформасы балалар мен жасөспірімдердің психикасына қауіпті әсер етуі мүмкіндігін айтады. Оның пікірінше, бүлдіргі ақпаратты тарататын әлеуметтік желі тексерілмеген. Осы орайда сарапшы «TikTok»-ты пайда­ла­нуға уақытша мораторий енгізуді ұсынды. Осыған байланысты халықаралық зерт­теулерден мысалдар келтіріп, «TikTok» сияқты платформаларды шама­дан тыс пайдалану жасөспірімдердің эмо­цио­налды жағдайының нашарлауына, маза­сыздықты, депрессияны тудырып, тіпті суицидтік ойлардың қалыптасуына ықпал ететінін атап өтті. Мысалы, Мель­бурн универ­ситеті психологтерінің зерт­теу­­лері жасөспірімдердің «күйзеліске және жал­ғыз­дық сезіміне» ұшырайтынын көр­се­теді.

 

Балаларға ата-ананың жылуы жетіспейді

Психология ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ қауым­дас­тырылған профессоры, практик-психолог Бақыт Жігітбекова балалардың өзіне қол салу себептерін былайша түсіндірді.

Қоғамда орын алып отырған кез келген жайт баланың санасына тез әсер етеді. Қазіргі отбасылардың көпшілігінда балалар материалдық қажеттілікке мұқтаж емес. Көптеген отбасында эмоционалды жылу­лық жетіспейді. Ата-аналары жұмысбасты, несие төлеу үшін жұмыстан қол­дары тимейді. Алматы сияқты ірі қала­ларда көлік кептелісінің өзі ересектерді қажы­т­­ып жібереді. Осындай жағдайда бала­ қарайтын мүмкіндік жоқ. Үйде отыр­ған ата-ананың өзі балаға көңіл бөл­мейді. Көбісі телефонда интернет саудасын жасап жатса, енді бірі баладан оқшау кеңістікте, әлеуметтік желіде отырғанды жөн көреді. Ата-аналардың көбісі бала тәрбие­леудің жолын біле бермейді. Жаңа тех­но­­логияларды дұрыс меңгермегендіктен, ұялы телефондағы әлемді де бақылауға қау­қар­­сыз.

Осы орайда профессор балалардың аяқ­асты өлімінің астарында үлкен әлеу­меттік-экономикалық, психологиялық себеп-салдар жатқанын алға тартты. Бірін­шіден, қоғамда агрессиялық іс-әркет кө­бейіп барады. Жұртшылықтың билікке наразылығы басым. Жемқорлық факті­лері, билік өкіл­де­рінің жауапсыздығы да қоғамда келеңсіз жайт­тардың орын алуы­на себепші болып отыр. Оның салдарынан жастардың бола­шаққа сенімі азайған. Мүмкіндік туа қалса, шетелге кетіп қалғысы келеді. Ал бала­лардың, жасөспірімдердің бос уақы­тында айналысатын ісі жоқ, араласатын орта­сы кем. Сондықтан олар жайлы қарым-қа­т­ы­насты «TikTok» сияқты әлеуметтік кеңіс­тік­тен іздейді. Әлеуметтік желі бала түгілі, ересектердің санасына дендеп еніп барады.

– Бүгінде баласына мейірім бере алмай отырғандардың көпшілігі – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары туғандар. Сол кезеңде елдегі қиыншылыққа байланысты олардың ата-анасы тіршіліктің қамымен кетті де, баласына жүрегінің жылуын бере алмады. Міне, оның салдарын кейінгі 15-20 жылдан кейін тартып отырмыз. Осы кезеңде ұрпақтар арасындағы сабақтастық үзілді. Десек те, жақында Президент баста­мас­ымен өткен Көшпелілер ойы­ны, мектептердегі ұлттық тәрбие сағаттарының қолға алына бастауы көңілге сенім ұялатады. Ал оның жемісін алдағы 15-20 жылдан кейін көре аламыз, – дейді сарапшы.

 

Ер-азаматтардың рөлін арттыру қажет

Қоғамдағы кереғар әдеттердің белең алуының тағы бір үлкен себебі, ұлттық тәрбиенің, отбасындағы ер-азаматтар беде­лінің төмендеуінен дейді психолог маман. «Өз басым гендерлік сая­сатты қолдамаймын. Оның қазіргі қоғамға кері әсерін теріске шығаруға болмайды. Ген­дерлік теңдікке қоғам болып психикалық ден­­сау­­лығымызды, материалдық жағ­дайы­­мызды түзеп, төрт құбыламызды түгел еткенде ғана жете аламыз. Ендігі тәр­биені ген­дерлік саясатпен байланыс­тыру балалардың бола­­шағына балта шабумен бірдей. Қазір бала­­лар еліктейтін музыкада, дін, сән сала­сын­да да түрлі ағым­­­дар көбейіп барады. «Бір жынысты» деген түсінік пайда болды. Осы­­лайша, түр­­лі ағым жастардың санасын у­лап, тура жол­­дан адас­тырып жатыр», дейді про­­­фес­сор.

Иә, дәстүрлі қазақ қоғамында ұлттық тәрбиеге жоғары мән беріліп келгені белгілі. Қазақ қашанда қызын төрге оздырып, ұлын батыр етіп тәрбиелеген. Талай ұрпақ «Әкең келе жатыр» деген бірауыз сөзге құлақ асып өсті. Соңғы уақытта белең алып отырған әскердегі, білім ошақтарындағы әлімжеттік қоғамда белгілі бір дәрежеде тәртіптің, адами құндылықтардың төмен­деп кеткенін көрсетеді. Осы орайда психолог Бақыт Жігітбекқызы қоғамда ер-азаматтардың рөлін арттыруды ұлттық тәрбиенің ажырамас бөлшегі ретінде қарастыру қажет екенін айтады. «Президент тарапынан берілген тапсырмалар төменде басқа форматқа ауысып, уақытша сипат алмауы керек. Балаларымыз қауіпсіз қоғамда өмір сүрсін десек, телеарналарда ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бағдар­лама­ларды көбейту қажет. Қара­лымы көп, жарнамасы жер жаратын бағдар­лама­ларды азайтып, әлеуметтік желі­дегі жас­тар идеал тұтып жүрген инста­жұл­дыз­­дарды мемлекет бақылауға алатын кез келді», дейді.

Психолог маман сонымен қатар қоғамда ұялы телефонды қолдану, әлеуметтік желі­лермен жұмыс істеу мәдениеті қалып­тас­пағандығына қынжылды. Оның айтуынша, қоғамда өмірге өкпелі ересектер көбейген. Ал олар жанның рақатын әлеуметтік желі­ден іздеуге тырысады.

– Ендігі кезекте мектептегі тәрбие, білім беру жүйесін дұрыс жолға қою керек. Жапо­ния мектептеріндегідей білім жүйесін дамыта отырып, балаларды еңбек­ке баулу саға­тын өткізу уақыт талабынан туындайды. Балабақша, мектепте мамандыққа баулу, Президент атап өткендей, жұмысшы маман­­дықтарын наси­хаттап, кездесулер ұйым­­дастырып, олар­ға марапаттар үлестіріп, беделін арт­тыру да өркениетті қоғам­­ның белгісі. Өйт­кені жоғары оқу орындары­на түс­кен түлектердің көпшілігі дұрыс ма­ман­дық таңдамай келеді. Салдары­нан оқу бітір­геннен кейін жұмыссыз жүруге, кри­ми­нал­дық әрекеттерге баруға мәж­бүр болады. Қазіргі кезде мектептен тыс үйір­­ме­­лердің көпшілігі ақылы, қарапайым отба­­сыларына қолжетімсіз, ал енді қолға алы­­нып жатқан «Даму бала» жобасының өзі фор­­маль­ды сипат алып барады, – дейді сарапшы.

 

Кәсіби маманның кеңесі керек

Балалар арасындағы өз-өзіне қол жұм­­сау деректерінің кең таралуына алаң­дау­­шылық білдірген Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының медицина­лық психологі Айгүл Алтайқызы суицидке кө­біне жүйке жүйесінде ауытқуы бар науқас­­­тар бейім келетінін атап өтті.

«Суицидке бейім науқастардың эмо­ция­сы әлсіз, уайымшыл, меланхолик келеді. Бұл ауру жеті атаға дейін тұқым қуалайды. Тәжірибемде жасөспірімдер арасында суицид жасауға әрекет еткен балалармен жиі жұмыс істеуге тура келеді. Клиникалық зерттеулер барысында 17 жасында өзіне бес рет қол салмақ болған жасөспірім болды. Зерттей келіп, аурудың тұқымында бар екені анықталды», дейді психолог.

Осындай мысалдардың бірнешеуін атап өткен маман суицидке барудың мынадай себептерін атады. Оның бірі, жүйке жұмысының бұзылуына байланысты болса, екіншісі, балалардың өсіп-жетілу шағында кездеседі. Осы өтпелі кезеңді ауыр қабылдайтындықтан, бала бойында қатыгездік пайда болады. Көбіне кикілжіңді ортада өскен бала жайлы орта іздеп кетеді. Есейіп келе жатқан балаға ата-ананың қолдауы аса қажет. Бұл кезеңде әлеуметтік желі баланың психикасына тез әсер етеді. Қазіргі кезде желіде тараған ойындардың кері әсері көп. Осындай ойындардың бірінде әке-шешең ренжітсе, олардан қаш деген мазмұнда тапсырма бар. Үйден көрмеген жанның жылулығын әлеуметтік кеңістіктен іздейтін балалар қалайда бір жағдайға душар болады. Ол үшін ата-ана балаға мейірімін төгіп, сабағына қарап, денсаулығына алаңдағаны, күнделікті денесін тексеріп, оны не мазалайтынын сұрап отыруға тиіс. Ұлға – әкесі, бауыры, қызға – анасы жауапты болу керек. Уақтылы дәрігерге қаратып тұрған да артық болмайды. Бос уақытын қадағалап отыру да ата-ана міндеті. Ал мектеп тәрбиесінің жөні бір басқа. Бала өзіне беймәлім әлемді таниды, еңбекке, ұжымда жұмыс істеуді үйренеді. Міне, осы жағдайда жаңа қалыптасып келе жатқан балаларға кәсіби мамандардың кеңесі өте қажет. Бүгінде мектепте психологтер жетіспейді. Медицина тәжірибесінде 35 науқасқа ­1 психолог қажет болса, білім ошақ­тарында бұл көрсеткіш әзірге бала саны 700-1000 болатын мектептерде 1 психологтен ғана келеді. Балаға еңбектің мәнін, отбасына табыстың қалай келетінін түсіндіру қажет. Қажет болған жағдайда, баланы жұмысқа ертіп апару да артық етпейді. Егер балаға барлық жағдай жасалса, оны ешнәрсе қызықтырмайды. Балаларды үлкен ортада, көпшілік оқи­тын мектептерде оқыту оның жан-жағын тануына, жақсы мен жаманды ажыратуға ықпал етеді. Жаз айларында жеңілдеу жұмыс істесе, өз қаржысын үнемдеп үйренеді. Спортқа, музыкаға, сурет салуға баулу олардың толыққанды тұлға болып өсуіне оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Осы орайда балаларды мектептерге қабылдайтын кезде ата-аналардан сауалнама алып, суицидке бейімділік деректері анық­талуы қажет, деген ұсынысын алға тарт­қан Айгүл Алтайқызы есепте тұрған отбасы­­лармен психолог үнемі жұмыс істеуге тиіс екенін айтады. Мұнымен қоса балалар мен жас­өспірімдер арасында суицидтің алдын алу үшін медициналық психологтер, пси­хо­терапевтерді мектептерге айына бір рет болса келіп, кеңес беруге тиіс. Осы орайда психолог маман, әсіресе бұл жағ­дай­дың еліміздің оңтүстік өңірлерінде көп кез­де­сетінін алға тартты. «Балаларының науқа­сын мойындағысы келмей, жасырып жүр­ген ата-аналар көбі­не бақсы-балгер, емші­лерге жүгінеді. Шөп-дәрімен емдеп, көп шығындалып, ақы­рында баланың ауруын асқындырып әке­­летін жағдайлар жиі кез­де­се­ді. Ал оның салдары шизефренияға соқ­­ты­ра­ды», деп алаңдаушылық білдірді пси­хо­лог ­ма­ман.

Сарапшылар қоғамда ата-аналарды оқы­ту мәселесін де алға тартты. Педа­гоги­калық, психологиялық білім жеткіліксіз бол­ған­дықтан, олар альфа ұрпаққа тәрбие беруде қиындықтарға тап болып отыр. Ол үшін мәсе­лені мемлекеттік деңгейде қолға алып, білім ошақтарындағы мамандардың, ата-ана­­лардың жауап­кер­шілігін арттыру керек. Қа­­зіргі кезде агломерациялардың ұлғаюы, мек­­тептер жетіспеушілігі, бала­лардың өз үйінен қашықта білім алуы, уақ­тылы тамақтанып, қосымша білім алып, үйір­­­ме­­лерге қатысуын қиындатып жатыр. Осы орайда балаларға қолайлы әрі қауіпсіз орта қа­­лып­­тас­тыру қоғамға үлкен міндеттер жүктейді.

 

АЛМАТЫ