Ресми деректерге сүйенсек, маусым-тамыз аралығында Бурабайға 450 мыңнан астам қонақ сапарлаған. Бұл статистиканы былтырмен салыстырсақ, 20 мыңға артық. «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің дирекциясы хабарлағандай, жыл басынан бері ұлттық парк 650 мыңнан астам қонақ қабылдаған. Ал былтырғы осы мезгілдегі көрсеткіш – 550,7 мың адам. Бұл Ұлттық паркке туристерді тарту бағытында іске асып жатқан жұмыстың жемісі. Өйткені Бурабай бүгінде елішілік қана емес, халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шаралар өтетін орынға айналып келеді. Ол Бурабайды танытып, туристерді тартуға ықпал етеді. Мысалы, биыл «X-Waters Kazakhstan 2024», «Aqbura Bay trail 2024» сынды спорттық іс-шараларға мыңдаған адам келген.
«Инфрақұрылымды дамытып, экскурсиялық бағдарламаларды кеңейте берсек, бұл қадамымыз елдегі ғана емес, шетелден келген қонақтарды да қызықтырады. Туристік маусымда қонақтардың көп келуіне ықпалдасады. Жазда паркке 8 мыңнан астам шетелдік турист келді. Қонақтардың географиясы жөнінде ТОП-5 елдің қатарында Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан, Германия, Қытай бар. АҚШ азаматтары да қызығушылық танытып отыр», деді «Бурабай» МҰТП директорының даму жөніндегі орынбасары Венера Нұғыманова.
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі экологиялық туризмді дамытуға ерекше назар аударып келеді. Ұлттық парк басшылығы туризмнің осы бағытын дамыту мақсатында қандай қадамға бару керегін жақсы біледі. Осы тұрғыда алдағы уақытта Бурабайдың ажары кіре түседі дегенге сенім мол. Бүгіннің өзінде аумақтың табиғатымен жақынырақ танысуға көмектесетін экологиялық соқпақтар мен туристік маршруттар арқылы жазда 9 мыңнан астам адам жүріп өткен. Жазғы маусымның қорытындысынан «Бурабай» ұлттық паркі ішкі туризмнің жетекші бағыттарының бірі ретіндегі позициясын нығайта түскені анық байқалады.