Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бөлінген қаржының тиімділігі байқалмайды
Денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру әріден басталады. Осыдан шамамен 11 жыл бұрын «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасының ережелерін назарға ала отырып, электронды денсаулық сақтауды дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген еді. Тұжырымдаманың ғұмыры баянды болып, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында қолдау тапты. Беріде денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында жалғасты. Медициналық ұйымдарды қағазбастылықтан арылтуға көңіл бөлінді. Цифрландыруға, салаға жасанды интеллектіні енгізуге Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі де араласты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруды, деректер базасын интеграциялауды осыған дейін жауапты министрлікке ескертіп, тапсырма берген еді. Биылғы Жолдауда Президент тағы да ақпараттың бірыңғай дерекқорын құру, салаға бөлінген қаражаттың тиімділігін арттыру мәселесін атап өтті.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жекеменшік медицинаға зор пайдасын тигізді. Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды. Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес», деді Президент.
Мемлекет басшысы біріне-бірі байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасауды ұсынды. Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажет. Президент Үкіметке осы мәселені реттеуге дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұмыстың барысы жөнінде өзіне және депутаттық корпусқа есеп беруді тапсырды. Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев білікті медицина мамандарының тапшылығына, медицинадағы білім сапасына, мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктеріне қатысты түйткілдерді де атады. Бірақ ол – бөлек тақырып.
Үнемдеудің қандай жолы бар?
Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовке тақырыпқа қатысты сауал қойғанымызда, ол цифрландыру арқылы саладағы барлық мәселе шешілмесе де, бірқатары реттелетінін алға тартты.
– Салаға цифрландыру керек деп жатырмыз. Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесі медицинадағы бүкіл кемшіліктің орнын толтырмайды. Бірақ сол арқылы қаражаттың нысаналы, яғни дәл сол емшараға, дәл сол пациентке жұмсалғанын көріп, біле аламыз. Бәрінің сұрауы болады. Қазір де медицинаға аз қаржы қаралып жатқан жоқ. Келер жылы да бюджет қысқармайды. Бірақ соның тиімділігі төмен болып тұр. Енді қаражатты тиімсіз қарастырылған бағыттардан алу керек. Дәрі-дәрмектің бағасы бойынша дұрыс саясат жүргізу қажет. Қажеті шамалы зерттеулерді азайтуға болады. Сондай-ақ министрліктегі керексіз өзге шығындар азайғаны жөн. Мысалы, бір медициналық талдаудың өзін бірнеше рет тапсыратын сәттер болады. Қарап отырсақ, ол да шығын. Дәрігерге барған уақытта бір, порталға тіркелгенде екі, кейін ауруханаға барып жатқанда үшінші мәрте анализ тапсырамыз. Бұл айналып келгенде шығын. Үнемдеу арқылы жарты триллионға дейін ақша табуға болады. Оның еш қиындығы жоқ. Егер ақша жетпейді десе, ақша табудың жолдары өте көп. Біз тиімділікті арттырудың орнына, ауыр дертке шалдыққан науқастардың емінен қаражатты жырып жатырмыз. Денсаулық сақтау министрлігі қаражат жетпейді десе, онда қаражат көзін басқа жолмен іздеуі керек. Бірінші кезекте өздерінің хаттамаларын қайта қарағаны жөн. Қазір салада қаражат кеміген жоқ. Алайда отандастардың 67 пайызы көрсетіліп жатқан медициналық көмекке қанағаттанбайды. Салаға деп бөлінген қаражат өседі, бірақ сапаға көңіл толмайды. Егер жұмысты дұрыс жолға қойса, бір арнаға түсірсе, онда біраз мәселені реттеуге болады, – дейді А.Аймағамбетов.
Медициналық көмектің пакетіне өзгеріс енеді
Мемлекет басшысы айтқандай, салаға бюджеттен, МӘМС-тен, яғни тұрғындардың жарнасынан түскен қаражат тиімділігін көрсетіп отырған жоқ. Еміне шипа іздеген науқастардың арасында мемлекет кепілдік берген қызметті ақылы негізде алу фактілері анықталып тұрады. Содан соң пациенттер апталап күтетін кезек, бір маманнан екінші маманға сабылу сынды кедергілермен бетпе-бет келіп жүр. Дәрігерлердің біліктілігіне, медицина мамандарының артық жүктемесіне қатысты да түйткілдер бар. Сайып келгенде, медициналық көмек сапасы көңіл көншітпей тұр. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елдегі телеарналардың біріне берген сұхбатында медициналық көмектің сапасына қатысты түйткілдерге тоқталған еді.
«Денсаулық сақтау саласына МӘМС жүйесінің енгізілгеніне 4 жыл болды. Бұл қадам салаға қосымша қаражат алып келді. Кейінгі үш жылда қаржыландыру көлемі 2,5 есе өсті. Сәйкесінше, көрсетілген медициналық қызметтердің де саны артты. Небір емі күрделі ауруларға жоғары технологиялық операциялар тегін жасалды. Медициналық көмектің сапасына, қолжетімдігіне қатысты мәселелер барын білеміз. Медицинада қаражат та бар. Бірақ оның тиімділігі біз күткендей болмады. Тұрғындар қазір осыны сезініп отыр. Президент 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында медициналық көмек пакетін қайта қарау бойынша тапсырма жүктеген еді. Соның негізінде министрлік медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен қоса, МӘМС пакетінде көрсетілетін қызметтер тізімін әзірледі. Мұның ішінде әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдыққандар анықталса, оған сақтандыру пакетіне қарамастан, медициналық көмек көрсетіле береді. Сондай-ақ қазір біз онкологиялық ауруларға скринингтерді МӘМС пакетінен алып, мемлекет кепілдік берген медициналық көмектің тізіміне қосуды ойластырып жатырмыз. Басты мақсатымыз – бюджеттен қаралған және сақтандырылған азаматтардың есебінен түскен қаражаттың тиімділігін арттыру болып тұр», деді А. Әлназарова.
Жалған құжат толтыратындарға жаза қатал
Бүгінде медициналық көмектің сапасына, көрсетілген қызметтің растығына қатысты мониторинг жүргізіледі. Өкінішке қарай, сол мониторинг жалпы көрсетіліп жатқан медцициналық көмектің 10 пайыздан астамын ғана қамтитын көрінеді. Демек емшаралар бойынша жалған құжат толтыру фактісі ресми ұсынылған статистикадан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Бүгінде дәл осындай жалған құжат толтыру бойынша 46 мыңға жуық заң бұзушылық анықталыпты. Алайда осы күнге дейін жалған жазба арқылы шығын келтірген медициналық мекемелер жазадан оңай құтылып келген. Енді министрлік мұндай берекесіздікке жол бермеуді көздеп отыр.
«Жалған құжат толтырумен айналысқан медициналық ұйымдар осы күнге дейін қатаң жазаланбады. Тек бірреттік айыппұлмен құтылатын. Енді біз қыркүйектен жалған жазбаларға қатысы бар деген медициналық ұйымдарды тыңғылықты тексере бастадық. Ол ұйымдардың тізімі бар. Біз енді қатаң шара қабылдауға көшіп, өрескел заң бұзған ұйымдардың лицензиясын кері қайырып, істі құқық қорғау органдарына тапсыру жағын да қарастырамыз. Тек айыппұлмен шектелмейміз. 2025 жылдан бастап мұндай мекемелердің қызмет көрсетуіне рұқсат берілмеуі керек деген мәселені де ойластырып жатырмыз. Жыл соңына дейін қатаң тексеру жүргіземіз. Талапты қатаңдатамыз. Жалған құжат толтырудың жолын кесуге цифрлық технологиялар септеседі. Бүгінде Астана қаласындағы республикалық емхана базасында науқастарға медициналық қызметтерді көрсету фактісін растайтын Face-ID бойынша қанатқақты жобаны бастадық. Жоба аясында науқастар Face-ID және веб-камера көмегімен жеке басының сәйкестігін нақтылайды. Жыл соңына дейін біз қанатқақты жобаны Астана қаласы бойынша іске асырсақ, қаңтардан бастап ауқымын кеңейтіп, оны бүкіл республика бойынша таратуды жоспарлап отырмыз. Жалған құжат толтыру фактісін осылай жоямыз», дейді министр.
Бірыңғай жүйе біраз шаруаны реттейді
Бүгінде Денсаулық сақтау саласында министрліктің өзінде 17-ден астам ақпараттық жүйе бар болса, осыған жекеменшік ақпараттық жүйелерді қоссақ, тіпті көп. Олардың басым бөлігі интеграцияланбаған. Деректер базасы интеграцияланса, медициналық қызметтерді көрсету фактісін растайтын Face-ID барша медициналық ұйымға енгізілсе, жалған құжат толтыру фактілерін анықтауға болатынын айттық. Осылайша, медициналық көмекке қарастырылған қаражат нысаналы, мақсатты жұмсалады. Қаржы үнемделеді. Ол қаражат саланың басқа да ақсап тұрған бағыттарына жетіп жатса, құба-құп. Медициналық көмектің қолжетімдігі артады. Цифрландыру арқылы дәрігерлердің де уақытын үнемдеуге мүмкіндік туады. Өйткені қазір кейбір жағдайларда дәрігер бір ғана пациентке медициналық көмек көрсету үшін шамамен жарты сағат уақыт жұмсауға мәжбүр. Мұнда дәрігердің уақыты түрлі ақпараттық жүйелерде деректерді толтырумен-ақ өтіп кететін сәттер кездеседі. Министрлік осы туралы да қаперге алып, жағдайды реттеу үшін мемлекеттік органдармен қатар, жекеменшік ұйымдармен жұмыс істеуге кіріскен. Яғни Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерін коммерциялық медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау ісі жолға қойылды. Одан бөлек, министрліктің ішкі ақпараттық жүйелері де интеграцияланады. Есесіне, пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің ашықтығы сақталады. Бір сөзбен айтқанда, цифрландырудың шарапаты тұралаған бір ғана емес, бірнеше бағытты ілгерілетуі керек. Медициналық көмектің қолжетімдігін арттырып, сапасын жақсартуға серпін беруге тиіс. Деректер базасын интеграциялаумен саладағы мәселелер түбегейлі шешілмесе де, ширайтын тәрізді. Ендігі кезде электронды үкіметті дамыту бойынша әлемдік рейтингте 24-орын алып отырған елге бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін кейінге қалдыра беру жарамайды.