Үкімет • 27 Қыркүйек, 2024

Комиссиялардың жұмысы тексерілді

66 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қарағанды облысы мен Астана қаласының 6 қазан күнгі республикалық референдумға дайындық барысын тексерді. Ол алдымен Қарағанды облысында кеңес өткізіп, сайлау учаскелерінде болды.

Комиссиялардың жұмысы тексерілді

Қазір өңірде 650 учаскелік комиссия жұмыс істеп жатыр, олардың құрамында 4 440 адам бар. Қарағанды облысында барлығы 761 604 сайлаушы тіркелген, оның 4 605-і – мүгедектігі бар адамдар. Жергілікті билік сайлау күні оларға барлық жағдай жасалатынын айтты. Сондай-ақ тұрғындарды әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы ақпараттандырып жатыр, арнайы онлайн-сервистер іске қосылған. 15 call-орталық ашылып, 109 қызметі жұмыс істейді.

ОРК төрағасы облыс орталығындағы №792 және №794 учаскелерінде болып, дайындық жұмыстарымен танысты. Одан соң Н.Әбдіров аумақтық референдум комиссиялары төрағалары, құқық қорғау, өзге де мемлекеттік органдар басшыларымен кеңес өткізді. Онда алдағы науқанның негізгі ерекшеліктері, референдум өткізуге дайындық, сондай-ақ электоралдық үдерісінің барлық кезе­ңінде ашықтықты қамтамасыз ету, заң­ды­лықты сақтау мәселелері талқыланды.

Қарағанды облысы әкімінің орын­басары Әлібек Әлденей өңірде референдумға қатысуға құқығы бар аза­маттардың тізімі нақтыланып жат­қа­нын жеткізді. Облыс про­куроры­ның орынбасары Тал­ғат Мұқашев электоралдық кезеңінде заңды­­лық­ты сақтау туралы баяндама жасаса, об­лыстық Полиция департаментінің бас­тығы Негмет Исмағұлов науқан кезе­ңінде, дауыс беру күні құ­қық­тық тәртіпті сақтау жөнін­де есеп берді.

Сондай-ақ атқа­рыл­ған жұмыстар легін Жұмыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқар­масының басшысы Әсем Жүніс­пекова мен Қарағанды облысының АРК төрағасы Қайрат Нүркенов тізбектеп шықты.

Қарағандыдан оралған соң, ОРК төрағасы елорданың ОРК төрағасымен, Астана және қала аудандарының АРК мүше­лері­мен, мем­лекеттік және құқық қор­ғау орган­дарының өкілдері­мен ке­ңес өт­кізіп, алдағы плебис­цит­ке да­йын­дық бойынша жүргізі­ліп жат­қан жұмыстардың есептерін тыңдады.

Н.Әбдіров кеңес қатысушы­ларына республикалық референдум өткізуге дайындықтың заңнамалық жаңашылдықтары мен ерекшеліктерін түсіндірді. Ол референдум мен сайлау заңнамасының нормаларын қатаң сақтап, комиссиялардың барлық мүшесін үздіксіз әрі сапалы оқыту қажет екенін айтты.

Қала әкімінің орынбасары Есет Бәйкен референдумға қатысу­ға құқығы бар азаматтардың тізімдері, референдумды ұйым­дастыру, ақпараттық, материал­дық-техникалық қамтама­сыз етуде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын іске асыру туралы хабардар етті.

Сондай-ақ қалалық прокуратура мен полиция департа­менті басшыларының орынбасарлары есеп берді. Астана қала­сының аумақтық референ­дум комиссиясының төрағасы Бейсембай Жұмабеков референдум комиссияларының қызметі және дауыс беру күніне дайындық өз кезегімен жүріп жатқанын жеткізді.

Екі өңірде де ОРК басшысы дауыс беру күні жергілікті атқарушы органдардың электр қуатымен әрі интернетпен үздіксіз қамтамасыз етуге, ал ішкі істер органдарының учаскелерде және іргелес аумақтарда қоғамдық тәртіпті сақтау маңызды екенін айтты. Сонымен қатар Н.Әбдіров аумақтық референдум комиссияларына тұрғындарды толық ақпараттандыруды тапсырды және дауыс беретін учаскелік комиссия мүшелері үйлерді аралап, жеке шақыру қағаздарын үлестіру қажет екенін атап өтті. Бұл – маңызды істің бірі.

Бұған қоса барған өңірлерде Н.Әбдіров аумақтық референдум комиссияларының мүшелерімен жеке кеңестер өткізді. Оған дейін ОРК төрағасы елорданың әр ауданындағы учаскелерге барып, дауыс беруге дайындық барысымен танысқан еді. Учаскелерді жарақтандыру және дауыс берушілерге қолайлы жағдай жасап, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқы тапталмауын шегелеп тапсырды.