Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Әлқиссаны биылғы Президент Жолдауында айтылған мына түйткілден бастайын: «Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр». Бұл жағдай Мемлекет басшысының һәм оны естіп-біліп жүрген халықтың да көңіліне алаң ұялатары анық. Енді не істемек керек? Экономикасы ілгері елдердің тәжірибесіне сүйенсек, бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, көбейте түсуіміз қажет-ақ. Ал қаржы саласын ұтымды басқарудың жолы – тиімді цифрландыру. Цифрлық саласы дамыған елдер әуелі қаржы саласын цифрлық трансформациялауға ден қойған. Барымызды байқап қарасақ, біздің де көш ілгері екен. Тек «желе жортып, аяңға салмасақ», шіркін!
«Fintech»: Бетбұрыс
Қаржы министрлігінде 48 түрлі мемлекеттік қызмет болса, оның 44-і электронды түрде ұсынылады. Биыл алғашқы алты айда 11,5 млн мемлекеттік қызмет көрсеткен. «eGov mobile» мобильді қосымшасында салық және кеден бағыттары, аудиторлық сала бойынша 22 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Бұл үдерісті үдете берсек, экономиканың тұрақты өсуі мен цифрлық экожүйе құруға бір табан жақындай түсеміз.
Төлем жүйесі. Отандық бизнес былтырдан бері төлем инфрақұрылымының әлеуетін белсенді пайдалана бастады. Оның ішіне қайталанатын төлемдер, жазылым төлемдері, карталарды сақтау, жылдам төлеу және төлем сілтемелері кіреді. Себебі халықаралық банк секторында «Төлемді күн өткен сайын ыңғайлы ете түс» деген ұғым бар. Аты аталған осыншама үдерістің бәрі осы түсініктің аясында жүреді. Ұлттық төлем корпорациясының мәліметінше, «Apple Pay», «Google Pay», «Samsung Pay» қызметтері арқылы токенделген төлемдер үлесі де өскен, яғни мүмкіндігінше тез төлеуге ыңғай жасайтын саусақ ізі, «Face ID» қызметтері көбей-
ген.
ID-нөмір. Бюджетті жоспарлаудың ақпараттық жүйесінде әрбір жобаға өтпелі ID-нөмір беріледі. Бұл істі басынан аяғына дейін бақылауға көмектеседі. Бюджет қаражатының қалай пайдаланылып жатқанын қарауға болады. Сонымен қатар алдағы уақытта жоспарлау және сатып алу кезінде нарықтық талдау құралы жүзеге аспақ. Ол артық жоспардың алдын алып, үдерісті жеңілдете түседі.
Салық режімінің сервисі. «Бухалтерлік операциялар деректерінің бірыңғай қоймасы» жобасы барлық қаржылық операцияның бірыңғай есебін жүргізеді. Бұған былтыр орталық мемлекеттік органдар қосылған, биыл жергілікті ұйымдар қосылып жатыр. Бірінші жартыжылдықта салық режімін өзгертетін жаңа сервис іске асты. Қосылған құн салығының шектен асқан-аспағаны туралы банктің мобильді қосымшасына хабарлама келеді. Бұл жүйе айыппұл мен салық төлеушілердің ыңғайына қарай жасалған.
Электронды тауарлар каталогі (ЭТК). Бірегей идентификатор, нақты сипаттама, сурет, сертификаты бар жүйе тауар туралы деректерді сақтап, басқаруға арналған. Ақпараттық алаң берілген өтінімдердің мәртебесін жедел бақылап, уақтылы өңделуін қадағалайды. Қазір ЭТК-да 825 257 тауар бар. Жеткізушілер саны 10,5 мыңнан асады. Одан бөлек, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін едәуір төмендетіп, бюджетті дәл болжауға, сондай-ақ тауар айналымын бақылау мен басқаруға септеседі.
Жасанды интеллект игілігі
Қазір дүниежүзіндегі банктердің филиалдары азайған. Қызметкер саны қысқарған. Әлбетте, оның бәрі жасанды интеллектінің нарыққа енуінен болды. Ал біздің банктерге ЖИ толыққанды келген жоқ. Былтыр ғана монолитті жүйеден микросервистерге ауысып, мобильді қосымшаларға инвестиция сала бастады.
– Біз жасанды интеллектінің белсенді дамуын алдағы бес жылда бір-ақ көреміз. Бірте-бірте келе жатырмыз. Сарапшы ретінде еш күдікпен қарамаймын, себебі бұл анық құбылыс. Алдағы уақытта әртүрлі салада ЖИ енгізіледі. Қазір де аз-аздан бар. Тек банктер әлі ізденіс үстінде. Мен білетін біршама банк тұтынушыларға қызмет көрсетуді жақсарту мен байланыс орталықтарындағы жүктемені азайту мақсатында жасанды интеллектіге негізделген дауыстық көмекшілердің мүмкіндігін зерттеп жатыр. Машиналық оқыту қазірдің өзінде скорингтік модельдерде қолданылады. Дегенмен қаржы саласындағы мамандықтарды жақын арада ЖИ алмастырады деп айтуға әлі ерте, – дейді IT-сарапшы Ақиіс Қонқабаева.
Рас. Күдер үзетін дүние емес. Еліміздегі цифрлық сала күннен күнге дамып келеді. Банк саласына да кезегі келер. Әрі бізде қаржыландыру саласындағы ЖИ-ді қолданудың сәтті мысалы жоқ емес, бар. Ол – Ұлттық банктегі бюджеттік жоспарлауды автоматтандыру жүйесі. Бұл 2019 жылы іске қосылды.
Бюджет. Естеріңізде болса, бірер ай бұрын 2023 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебінде Жоғарғы есеп палатасының төрағасы Әлихан Смайылов стратегия және бюджет жоспарын ЖИ арқылы жақсартуға болады деген еді.
– Жасанды интеллект арқылы бюджет және стратегия жоспарының болжамдық мүмкіндіктерін жақсарту үшін шұғыл әрекет ету қажет. Бұл жерде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің үйлестіруші рөлін күшейтуі маңызды, – деді ол.
Салық. Бізде салық төлеушілердің түйткілі көп. Мысалы, салық құжаттарын толтыру, шағын компаниялардың қаптаған құжатты түсінуі мұң боп жатады. Экономистерге осыған қатысты шағым қарша борайды. Түсіндіріп әлек боламыз дейді. Енді осы жерде логикаға сыймайтын бір дүние бар. Егер компания иелері құжат толықтыратын ережелерді түсінбесе, қалай толтырып жүр? «Осы ырду-дырдуды жасанды интеллект жымын білдірмей, басар еді» дейді экономист Жанат Нұрғалиев. Себебі ЖИ осыған ұқсас тапсырмаларды оңай әрі қатесіз орындайды.
– Бюджеттеу тұрғысынан жасанды интеллект сізге бюджетті нақты нарықтық бағалар негізінде жоспарлауға мүмкіндік береді. Қате қаупі төмен болады. Бұл жүйеге белгілі бір өнімнің, жұмыс, қызметтердің бағаларын асыра бағалауға жол бермейді. Жалпы, бұл бюджетке адам факторының қатысуын азайтады, – дейді сарапшы.
Сауаттылықтың төрт өлшемі
Қаржы саласын цифрландыру тек мемлекет пен атаулы органдарға жүк емес. Оған халықтың да қатысы бар. «Ақша – биліктің бір түрі, бірақ қаржы сауаты одан да құдіретті күш» дейді байлық туралы қалам тербеп жүрген Роберт Кийосаки. Енді бұған цифрлық сауатты да қосыңыз. Постмодерннен өтіп, метамодернге аяқ басар заман дейміз бе, трансформациялық экономика кезеңі дейміз бе, жалпы, қос қанатымыз тең болуы үшін не білуіміз керек? Осы сұраққа жауап іздеп цифрлы әлем сарапшыларының зерттеулерін қарап шықтық. Олар төрт өлшем бар дейді.
Бірінші өлшем – цифрлық қаржы өнімдері мен қызметтері туралы негізгі түсінік. Бұл қызметтер әдетте былай бөлінеді:
- Төлемдер: электронды ақша, ұялы телефон әмияндары, крипто-активтер, ақша аударымдары қызметтері;
- Активтерді басқару: интернет-банкинг, онлайн-брокерлер, робо-кеңесшілер, крипто-активтер саудасы, жеке қаржыны басқару, мобильді сауда;
- Баламалы қаржыландыру: краудфандинг, схемалық несиелеу, онлайн-баланстық несиелеу, шот-фактуралар мен жеткізу тізбегін қаржыландыру;
Екінші өлшем – цифрлық қаржылық тәуекелдерді білу. Яғни жеке тұлғалар мен компаниялар келетін қауіптен хабардар болуы қажет. Онлайн алаяқтық пен киберқауіпсіздік туралы зерттеу.
Үшінші өлшем – онлайн қауіптен қорғану, цифрлық қаржылық тәуекелдерді бақылау.
Төртінші өлшем – екі салада да құқығыңыз тапталса, тұтынушылар құқығы мен өтемақы әдістерін білу.
P.S: Қаржы саласын цифрлық трансформациялау тақырыбында «Бірыңғай сатып алу платформасы», «Бағалы қағаз», «Цифрлық теңге», «Біріңғай QR-код жүйесі», «Open Banking», «E-Salyq Azamat» жобалары маңызды екені әмбеге аян. Бұл тақырыптар газетіміздің өткен сандарында жазылған болатын. Тақырып әрі қарай да зерттеледі.