22 Маусым, 2010

ҚАРУСЫЗДАНУ САЛАСЫНДАҒЫ ЫҚПАЛДАСТЫҚ

581 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Сыртқы істер министрлігінде аталған ведомствоның ресми өкілі Асқар Абдрахмановтың қатысуымен дәстүрлі брифинг өтті. Ресми өкіл өз сөзінде 23 және 24 маусымда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Түркіменстанға ресми сапармен баратынын хабарлады. Бұл сапар барысында Қ.Сауда­баев­тың Түркі­мен­стан Президенті Гурбангулы Бер­дымұхаммедовпен, Министр­лер кабинеті Төраға­сы­ның орын­басары – Сыртқы істер ми­нистрі Рашид Мередовпен, Мед­жлис­тің Төрайымы Акджа Нур­бердыевамен кездесулері көз­дел­ген көрінеді. Бұл кездесулер барысында тараптар Түркіменстан мен Еуропа­дағы қауіпсіздік және ын­тымақ­тас­тық ұйымы арасын­да­ғы әрекеттестік пен қазақ-түркімен екіжақты қарым-қатынастарының өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасады екен. Сондай-ақ, Қ.Сау­дабаев өзі басшы­лық ететін ха­лықаралық Ұйым­ның Ашғабадтағы орталы­ғы­ның жұмы­сымен таны­сады деп күтілуде. Түркіменстанға сапардың екін­ші күнінде, деп жалғады сөзін рес­ми өкіл,  Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы Орталық Азия және Каспий теңізі аймағын­да қарусыздану мәселелері жө­нін­дегі халықаралық конференция­ның ашылуында сөз сөйлейді. Сондай-ақ, Каспий аймағындағы бар­лық мемлекеттердің  сыртқы саяси мекемелері басшылары қа­ты­сатын конференцияның “Орта­лық Азия мен Каспий теңізі аймағындағы қарусыздану саласындағы ахуалға шолу және талдау жасау” деп аталатын бірінші пленарлық жиналысында баяндама жасайды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.