Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
«Қазмедиа» орталығында өткен марапаттау рәсімі алдында байқауға қатысушылар арнайы жайылған қызыл кілем үстімен жүріп өтті. Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, кіріспе сөзінде «Үркер» ұлттық сыйлығы үшін бағын сынап көруге ниет білдірген барлық әріптесіне алғысын жеткізді. Сондай-ақ бұл сын өз кезегінде отандық медиа саласының дамуына елеулі септігін тигізетінін айтты.
БАҚ өкілдерінің жұмыстарын белгілі сала мамандары, журналистер, халықаралық медиа-сарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалап, үздіктерді анықтаған еді. Сонымен байқау қорытындысы бойынша «Жылдың үздік репортажы» аталымында Nur.kz сайтының өкілі Юлия Абрамова үздік деп танылды. «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал» аталымы бойынша Time.kz сайтының тілшісі Ксения Евдокименкоға тең келер ешкім болмады.
«Жылдың үздік сұхбаты» аталымында Inbusiness.kz порталының тілшісі Нұрлан Оразғалиев (Inbusiness.kz) жеңімпаз атанды. Ал «Жылдың үздік журналистік зерттеуі» аталымы бойынша Нұрлат Байкенже («Астана ақшамы» газеті) оза шауып, бас бәйгені еншіледі.
Сонымен қатар «Жылдың үздік аналитикалық материалы» аталымында – Тимур Ниталиев (Ulysmedia.kz); «Радиостансадағы үздік жоба» аталымында – Қымбат Досжан (Қазақ радиосы); «Жылдың үздік фотосуреті» аталымында – Сали Сабиров (Olympic.kz); «Халықаралық БАҚ-та Қазақстан туралы жарияланған үздік материал (баспа, радио, интернет-журналистика саласында)» аталымында Торғын Ашенова («Омбы қазақтары» газеті) жеңіске жетті.
Үздік ұжымдар сайысында да бағы жанған бұқаралық ақпарат құралдары белгілі болды. Атап айтқанда, Abai.kz «Жылдың үздік жаңалықтар порталы» атанса, «Үздік өңірлік БАҚ» сынында «Наш Костанай» газеті ешкімге дес бермеді.
Сондай-ақ «Үздік подкаст» аталымында – NeQuryltay; «Үздік YouTube каналы» аталымында Sayahat Time (balbal.kz) оза шапты.
Негізгі аталымдардан бөлек, «Время» газеті ұжымына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы сыйлықты табыстады. Бұған қоса балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай тағайындалған марапат «Заң» газетіне бұйырды.
Айта кетсек, жүзден жүйрік шыққан әр қатысушыға «Үркер-2024» естелік мүсіншесі мен 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.
«Үздік сұхбат» аталымында жеңімпаз болған журналист Нұрлан Оразғалиев бұл марапат оның шығармашылық жолындағы елеулі оқиға екенін айтады.
«Қолына қалам ұстаған әрбір журналист үшін еңбегінің еленгені – жақсы. Халықтың ықыласы мен мемлекеттің бағалауы бізге шабыт береді, жаңа белестерді бағындыруға ынталандырады. Журналистика саласында еңбек етіп келе жатқаныма 20 жылдан асыпты. Қоғамда қордаланған көп проблеманы көтердік, халықтың қуанышы мен қайғысын бірге бөлістік. Міне, сол еңбек ақталып, «Үркер» байқауының биылғы жеңімпазы атанып жатырмын. Өте қуаныштымын», деп өз ойымен бөлісті.