Энергетика • Бүгін, 09:00

Энергия көзін әртараптандыру маңызды

71 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемдік зерттеулерде ХХІ ғасырдың орта шеніне қарай баламалы қуат көзінің үлесі 30%-ға жетеді деп болжанған. Осы тұрғыда жаңғырмалы энергия көздерінің (ЖЭК) маңызы зор.

Энергия көзін әртараптандыру маңызды

Инфографиканы жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Елімізде 2050 жылға дейін барлық энергия тұтынудың 50%-ын энергияның баламалы және жаңғырмалы түрлерінен алу жоспарланған. Қолда бар деректерде елдің оңтүстiк аумағындағы күн энергиясының әлеуетi жылына 2 500-3 000 сағатқа жететіні көрсетілген. Бұл суды күнмен қыздырғыштарды, күн батареяларын, атап айтқанда портативті фотоэлектрлік жүйені пайдалануға мүмкіндік береді. Осы күн, жел энергетикасы мен  биоотынды пайдалану барысында артықшылығымен қатар, кемшін тұстары да жоқ емес. Күн мен жел энергия көздері шексіз, экологиялық зияны болмағанымен, күн электр стансасын салу үлкен аумақты қажет етеді екен. Ал жел электр стансалары көп орын алмайды әрі ол территорияны шаруашылық мақсатта пайдалануға болады. Бірақ энергия көзі тұрақсыз, құстарға қауіпті, стансалардың шуылы адамдар мен жануарларға қолайсыздық тудыруы мүмкін. Екеуінің де ортақ кемшілігі – қымбаттығында. Әлем елдері қазірге дейін энергияның осынау жаңғырмалы түрлерін дамытуға 1 трлн доллардан аса инвестиция салған.

Сарапшы Әсет Наурыз­баевтың айтуынша, тех­ни­калық жағынан алғанда, көрші елдер мен бізде ЖЭК-ті сапалы дамытуға қажет маневрлік қуат көздері бар. Түркістанда қуаты 1 000 МВт болатын маневрлік газ стансасы мен Қызылордада 200 МВт-тық станса салынып жатыр. Демек, қазірдің өзінде оңтүстікте шамамен 5 000 МВт жаңартылатын электр көзінің кең көлемін құруға қажетті қор бар деген сөз. БҰҰ-ның даму жөніндегі бағдарламасының ұсынған мәліметіне қарағанда, бізде жылына 1 трлн кВт/сағ көлемінде энергия өндіруге болады. Жел бір бағытта соғатын аймақтарға – Ерейментау мен Жүзімдікті, ал жел қарама-қарсы бағыттарда алмасып отыратын аймақтарға Жоңғар қақпасы, Шелек пен Қордай елді-мекендері жатады дейді. Сондықтан елімізде жел мен күн энергиясын пайдалануға мүмкіндік бар.

Еліміздегі жыл сайынғы жел энергетикасының әлеуеті 920 млрд кВт/сағ электр энергиясына бағаланады екен. Ал күн энергиясының әлеуеті, шамамен жылына шаршы метріне 1 500-1 600 кВт болады. Күн сәулесінің орташа жылдық ұзақтығы 2 500 сағатты құрайды. Еліміздің оңтүстік өңірінде, соның ішінде Қызылорда мен Түркістан об­лыс­­тарында күн сәулесі ең жо­ғары көрсеткішке ие. Бұл аумақ­тағы күн энергиясының әлеуетін айтарлықтай пайдалану аймақты қажетті энергиямен қам­тамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Алайда жоғарыда атап өткеніміздей күн мен жел стансасының қымбаттығы әрі тұрақ­сыздығы көңілге күмән ұяла­тады.

«Қазақстанға электр энергиясын барлық тәсілдермен алу қажет. Яғни әртүрлі электр стансаларын салу керек. АЭС 10-15 жылдан кейін салынады, бірақ күн және жел электр стансаларының әсері де тек 10 жылдан кейін болады. Атом электр стансалары, да, жел электр стансалары да бірдей қауіпсіз және экологиялық таза болмақ», дейді сарапшы Петр Своик. 

Соңғы жаңалықтар

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • Кеше